Бүгін еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында іс-шаралар ұйымдастырылды. Вице-Президент Ерлан Қарин этномәдени және жастар ұйымдарының өкілдерімен, қоғам белсенділерімен және «Үміт көпірі» волонтерлерімен бірге елордадағы Ботаникалық бақта ағаш егу жұмыстарына қатысты. Акцияға қатысушылармен әңгімелесу барысында Ерлан Қарин Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жобасының маңызы жыл өткен сайын артып келе жатқанын атап өтті. – «Таза Қазақстан» – тек экологиялық акция ғана емес, бұл жаңа қоғамдық этиканың негізін құрайтын жасампаз мінез-құлық үлгісі. Сондықтан да «Таза Қазақстан» құндылықтары ұлттық идеологияның бір бөлшегіне айналуға тиіс, – деді Вице-Президент. Сондай-ақ Ерлан Қарин Президенттің тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы жұмыстарды неғұрлым тиімді үйлестіру үшін заманауи тәсілдер мен құралдар енгізілетінін айтты.