Қасым-Жомарт Тоқаев Испан халқы күніне орай Король VI Фелипеге құттықтау жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Испания халқының бірлігін, бай мұрасы мен ұлттық рухын айшықтайтын мейрамның тарихи маңызына тоқталды. – Испания саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуда зор жетістікке қол жеткізген ел ретінде халықаралық қоғамдастықта лайықты орынға ие. Еліңіз өркендеу жолында алға қарай нық қадам баса беретініне сенімім кәміл, – деп жазылған жеделхатта. Президент берік достық пен өзара сенімге негізделген қазақ-испан қарым-қатынасының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, сан қырлы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Корольдің мемлекеттік қызметіне табыс, ал испан халқына бақ-береке тіледі.