National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Президент халықаралық конвенция жетекшілерімен кездесу өткізді

2026 жылғы 23 сәуір

Мемлекет басшысы қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірқатар халықаралық ұйымдар басшыларымен кездесіп, Орталық Азиядағы негізгі экологиялық бастамаларды іске асыру жолдарын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммитке қатысып, қолдау көрсеткені үшін делегаттарға алғыс айтып, олардың мол тәжірибесі ортақ мәселелердің шешімін табуда нақты тәсілдерді ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді. Президент еліміз орнықты дамуды қамтамасыз ету және биоалуантүрлілікті қорғау бойынша халықаралық институттардың қызметіне баса мән беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өңірлік және жаһандық деңгейде экологиялық жауапкершілік қағидаттарын жүзеге асыруды жақтайды. Еліміздің жаңа Конституциясында қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалған.

Халықаралық конвенция өкілдері Өңірлік экологиялық саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Мемлекет басшысына ризашылықтарын жеткізді. Олар халық арасында экологиялық сана қалыптастыруды көздейтін «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды құптайтындарын мәлімдеді. Сонымен қатар мәртебелі меймандар еліміздің климат және су проблемаларын шешуге қатысты жаһандық бастамаларына қолдау көрсетті.

Кездесуге БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ қоршаған орта бағдарламасының (UNEP) атқарушы директоры Ингер Андерсен, Жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна және флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның (CITES) Бас хатшысы Ивонн Игеро, БҰҰ-ның биоалуантүрлілік жөніндегі конвенциясының атқарушы хатшысы Астрид Шомакер, Базель, Роттердам және Стокгольм конвенцияларының атқарушы хатшысы Рольф Пайе қатысты.


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің