National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекеттік хатшы Солтүстік Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті

ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірге Солтүстік Қазақстан облысының жұртшылығымен бірқатар кездесу өткізді.

Ерлан Қарин алдымен облыс активімен жолықты. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы жайында баяндады. Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы алдағы конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы айтты. Сондай-ақ жүзеге асырылатын реформа халықтың елді басқару ісіне араласуын арттыруға және саяси процестерді демократияландыру ісін одан әрі жалғастыруға мүмкіндік беретініне назар аударды.

Ерлан Қарин атап өткендей, осы себепті конституциялық реформа жалпы қоғамның қолдауына ие, оны соңғы жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері көрсетіп отыр.

Мұнан кейін өңірдегі Қоғамдық кеңестердің мүшелерімен кездесу өтті. Кездесуге қатысушылар қоғам мен билік институттары арасындағы ашық әрі сындарлы диалогты дамыту тұрғысында ой бөлісті. Ерлан Қарин Конституцияға түзетулер енгізуді әзірлеу жұмысына елімізге белгілі сарапшылар мен қоғам өкілдері тартылғанын атап өтті. Сондықтан алдағы конституциялық реформаны қоғамның ұсынысына негізделіп жасалды деуге болады.

Жұмыс сапарының барысында Мемлекеттік хатшы өңірдегі жастар ұйымдарының белсенділерімен де кездесті. Онда жас ұрпақтың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуын арттыру және жастарға қатысты жобаларды қолдау мәселелері қозғалды. Кездесу қорытындысы бойынша Ерлан Қарин жастардың референдум мен саяси реформаларға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап айтты.

Жалпы алғанда, облыс жұртшылығы елімізде атқарылып жатқан саяси жаңғыру үдерістерін жіті бақылап отырғанын айтып, қолға алынған реформаларды жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.

 

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару