National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы ҚР Қорғаныс министрін таныстырды

2021 жылғы 31 тамыз

Қазақстан Президенті – Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кездесу өткізіп, жаңадан тағайындалған министр Мұрат Бектановты таныстырды.

Мемлекет басшысы жаңа министрдің білімі мен тәжірибесі Қарулы Күштерге жүктелетін міндеттерді орындауға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев әскер әлемдегі және аймақтағы күрделі жағдайда кез келген сыртқы қауіп-қатерге тойтарыс беруге, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын болуы керек екенін айтты.

Президент Арыс пен Жамбыл облысының Байзақ ауданындағыдай төтенше оқиғаларға жол бермеудің аса маңызды екеніне тоқталды. Бұл ретте Жоғарғы Бас Қолбасшы оқ-дәрілер қоймаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде берген тапсырмасын әскерилердің есіне салып, бұл бағытта бірқатар жұмыстар жасалғанын, дегенмен әлі де шешімін күткен түйінді мәселелердің бар екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіне бірқатар міндет жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Қарулы күштерін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын толықтай жүзеге асыру қажет екеніне, әскери қауіпсіздіктің сын-қатерлеріне шұғыл әрекет ету үшін басқару органдарының дайындық іс-шараларын жалғастыра беруге назар аударды.

Президент Қарулы күштерді жабдықтау бойынша міндеттемелерді орындау барысында отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенімен келісіп жұмыс істеуді тапсырды. Сонымен қатар офицерлер мен келісім-шарт бойынша алынатын қызметкерлерге сапалы дайындық жүргізуді қамтамасыз етуге, офицерлер мен генералдар қатарында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге шақырды.

Жоғарғы Бас Қолбасшы оқ-дәрі сақтайтын барлық қоймаларда және басқа да қару-жарақ сақтайтын жерлерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде түбегейлі шешім қабылдауды, сондай-ақ елді мекендерден алыс жерде оқ-дәрі сақтайтын замануи қоймалар салу жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды. Бұған қажетті қаражат «Қауіпсіз ел» Ұлттық жобасынан қарастырылуы тиіс.

Мемлекет басшысы жиын соңында жаңа министрге және барлық әскерилерге аса жауапты қызметте табыс тіледі. Тағайындалған министр Мұрат Бектанов Үкімет мүшесі ретінде ант қабылдады.

Жиын барысында отставкаға кеткен бұрынғы министр Нұрлан Ермекбаев сөз сөйлеп, Президенттен, Жамбыл облысының Байзақ ауданында болған қайғылы оқиғадан қаза тапқандардың ағайын-туысынан және зардап шеккендерден кешірім сұрады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің