National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы


Осы Конституциялық заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, қайта құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беру және оларды қайта атау тәртібін айқындайды.

 

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

1-бап. Осы Конституциялық заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Конституциялық заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) аудан – халқының жалпы саны 300 мың адамнан аспайтын, аудандық маңызы бар қалалардан (аудандық маңызы бар қаладан) және (немесе) ауылдық округтерден, кенттерден, ауылдардан тұратын, онда жергілікті өкiлдi және атқарушы органдар мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын әкімшілік-аумақтық бірлік;

2) аудандық маңызы бар қала – халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын, аумағында кәсіпорындар, тұрғын үй қоры, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының дамыған желісi, мәдени-ағарту және сауда объектілері бар елдi мекен;

3) ауыл – халқының саны кемінде 50 адам болатын елді мекен;

4) ауылдық округ – халқының жалпы саны кемінде 500 адам болатын, екі және одан көп кенттерден және (немесе) ауылдардан тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік;

5) әкімшілік-аумақтық бірлік – Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлігі, оның шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылады.

Әкімшілік-аумақтық бірлікке облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық округ, кент, ауыл жатады;

6) әкімшілік-аумақтық бірліктің шекарасы – әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағын басқа әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағынан бөліп тұратын оның сыртқы сызығы;

7) елдi мекен – халқының саны кемiнде 50 адам болатын, тұрақты тұруға арналған Қазақстан Республикасы аумағының халық ықшам қоныстанған бөлігі;

8) кент – халқының саны кемінде 500 адам болатын, өнеркәсіптік, көліктік, энергетикалық, рекреациялық не өзге де шаруашылық қызмет негізінде құрылған, кент пен оған іргелес аумақтардың тұрғындарына қызмет көрсетуге арналған базалық әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген елді мекен;

9) қаладағы аудан – халқының саны 400 мың адамнан асқан кезде астанада, республикалық маңызы бар қалада, сондай-ақ облыстық маңызы бар қалада құрылатын әкімшілік-аумақтық бірлік.

Қаладағы аудан халқының саны кемінде 200 мың адам болуға тиіс;

10) облыс – облыстық маңызы бар қалалардан (облыстық маңызы бар қаладан) және аудандардан тұратын әкімшілік-аумақтық бірлік, онда жергілікті өкiлдi және атқарушы органдар мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады;

11) облыстық маңызы бар қала – халқының саны 50 мың адамнан асатын, дамыған өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымы бар iрi экономикалық және мәдени орталық саналатын елдi мекен, онда жергілікті өкілді және атқарушы органдар мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады.

Облыстық маңызы бар қалаға құрылуының тарихи алғышарттары ескеріле отырып, халқының саны 50 мың адамнан аз қала да жатады;

12) оқшау қоныстар – әкімшілік немесе аумақтық жағынан елді мекендермен байланысты және статистикалық мақсаттарда есепке алынатын, халқының саны 50 адамнан аспайтын, ауыл шаруашылығы немесе өзге де қызметті жүргізуге арналған, адамдар тұрақты немесе уақытша қоныстанатын қоныстар не оқшау шаруашылық объект.

Оқшау қоныстарға теміржол станциялары немесе разъездері, орманшылықтар немесе орманшы үйлері, маусымдық жұмыстарға, шалғайдағы мал шаруашылығына және (немесе) ауыл шаруашылығы өндірісіне арналған ғимараттар (құрылыстар), жалғыз үйлер, қыстақтар, қыстаулар мен өзге де қоныстар жатады;

13) өңір – Қазақстан Республикасының мүддесi үшiн құрылатын және басқарылатын, құрамына бiрнеше елдi мекен кіретін Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлiгi;

14) республикалық маңызы бар қала – ерекше мемлекеттiк маңызы бар немесе халқының саны бiр миллион адамнан асатын елдi мекен, онда жергілікті өкілді және атқарушы органдар мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады.

 

2-бап. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Конституциялық заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Алатау қаласындағы әкімшілік-аумақтық құрылыс жүйесінің жұмыс істеу, оның шекараларын белгілеу және өзгерту ерекшеліктері «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында айқындалады. 

 

3-бап. Осы Конституциялық заңның мақсаты мен міндеті

1. Осы Конституциялық заңның мақсаты – тиімді мемлекеттік басқару үшін Қазақстан Республикасының ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қамтамасыз ету.  

2. Осы Конституциялық заңның міндеті – әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, қайта құру және тарату, олардың мәртебесін өзгерту, шекараларын белгілеу және өзгерту, оларға атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ есепке алу және тіркеу тәртібін реттеу.

 

4-бап. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаттары

Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы саласындағы мемлекеттік реттеу:

1) заңдылық;

2) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының орнықтылығы;

3) мемлекеттің бірлігі мен аумақтық тұтастығы қағидаттарына негізделеді.

 

5-бап. Заңдылық

Әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, қайта құру және тарату, олардың мәртебесін өзгерту, шекараларын белгілеу және өзгерту, оларға атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ есепке алу және тіркеу осы Конституциялық заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері негізінде жүргізіледі.

 

6-бап. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының орнықтылығы

Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының орнықтылығы әкімшілік-аумақтық бірліктер жүйесінің тұрақты және үздіксіз жұмыс істеуі арқылы қамтамасыз етіледі, бұл ретте әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, қайта құру және тарату, олардың мәртебесін өзгерту, шекараларын белгілеу және өзгерту, оларға атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ есепке алу және тіркеу осы Конституциялық заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері негізінде жүргізіледі.

 

7-бап. Мемлекеттің бірлігі мен аумақтық тұтастығы

Мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылысы Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмауы және бөлінбеуі ескеріле отырып қалыптастырылады және жұмыс істейді.

 

8-бап.  Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң және елдi мекендердiң санаттары

1. Мемлекеттiк басқаруды жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағы өңірлер мен елді мекендер болып бөлiнедi.

2. Өңірлер – облыс, аудан және ауылдық округ.

3. Елдi мекендер қалалық және ауылдық елдi мекендер болып бөлiнедi:

1) қалалық елдi мекендерге астана, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар жатады;

2) ауылдық елді мекендерге әкiмшiлiк бағыныстылығына қарамастан, қалған барлық елдi мекендер жатады. 

4. Елдi мекендердің құрамдас бөліктері болады.

Елді мекендердің құрамдас бөліктері – қаладағы аудандар, шағын аудандар, орамдар, даңғылдар, көшелер, тұйық көшелер, тұрғын алаптары, алаңдар, бульварлар, саябақтар, скверлер, көпірлер және басқа да бөліктер.

 

9-бап.  Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердi құру, қайта құру және тарату, оларға атау беру және оларды қайта атау, олардың шекараларын белгiлеу және өзгерту

Қазақстан Республикасының Президентi және Қазақстан Республикасының Үкiметi, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар өз өкiлеттiгi шегiнде әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердi құру, қайта құру және тарату, олардың шекараларын белгiлеу және өзгерту, оларға атау беру және оларды қайта атау туралы шешiм қабылдайды. 

Орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар өз өкілеттігі шегінде Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға атау беру, оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және оларға жеке адамдардың есімдерін беру туралы шешім қабылдайды.

Орталық және жергілікті атқарушы органдар өз өкілеттігі шегінде мемлекеттік цифрлық жүйелерді, цифрлық карталарды және кеңістіктік деректерді қалыптастыруды, жаңартуды және жүргізуді қоса алғанда, әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекараларын айқындау жөніндегі жұмыстарды жүргізуді қамтамасыз етеді. 

Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, сондай-ақ елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беруге, оларды қайта атауға байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебiнен жүргізіледі. 

 

10-бап. Ономастика комиссиялары

Ономастика комиссиялары Қазақстан Республикасының аумағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру, сақтау жөніндегі жұмысты ретке келтіру мақсатында құрылады.

Ономастика саласындағы уәкілетті органның жанынан Республикалық ономастика комиссиясы, астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының жанынан астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың ономастика комиссиялары құрылады.

 

11-бап.  Әкiмшiлiк-аумақтық бірлiктер мен олардың шекараларын есепке алу және тiркеу, оларды есепке алу деректерінен шығару

Тұрақты халқының саны кемінде 50 адам болатын және дербес елдi мекендер болып саналатын елді мекендер есепке алынуға және тiркелуге тиіс.

Оқшау қоныстар әкiмшiлiк немесе аумақтық жағынан байланысты елдi мекендер құрамында есепке алынады.

Қалалардың, кенттердiң немесе ауылдардың құрамына енгiзiлген және олардың бiр бөлiгіне айналған елдi мекендер, сондай-ақ тұрғындарының бәрi кетiп қалған немесе қоныс аударған елдi мекендер дербес елдi мекендер мәртебесiнен айырылады және есепке алу деректерінен шығарылады.

Елді мекендердің шекараларын белгілеу және өзгерту осы елді мекеннің бекітілген бас жоспары немесе оны дамыту және онда құрылыс салу схемасы (оңайлатылған бас жоспар) негізінде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Астананың, облыстардың, республикалық, облыстық маңызы бар қалалардың және аудандардың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасындағы мекенжайлар туралы мәліметтерді жасауға, жинақтауға, өңдеуге арналған цифрлық жүйе арқылы қазіргі бар әкімшілік-аумақтық бірліктерді есепке алуды және жаңадан құрылатындарын тіркеуді, оларға атау беруді және оларды қайта атауды жүзеге асырады, сондай-ақ есепке алу деректерінен шығарады.

 

12-бап.  Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру

1. Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеруді жергілікті атқарушы органдар ономастика саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді.

2. Жергілікті өкілді және атқарушы органдар бірлескен шешіммен тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қорытындылары бойынша әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі ұсыныстарды тиісті ономастика комиссияларының қарауына енгізеді.

 

2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК-АУМАҚТЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУ ЖӨНІНДЕГІ ӨКІЛЕТТІГІ

 

13-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгi

Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ұсынуы бойынша және жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың пiкiрiн ескере отырып:

1) облыстар мен аудандарды құрады және таратады, олардың әкiмшiлiк орталықтарын белгiлейдi және өзгертеді;

2) елдi мекендердi республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызады, олардың бағыныстылығын белгiлейдi және өзгертедi;

3) облыстарға, аудандар мен қалаларға атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту мәселелерiн шешедi;

4) республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендер етіп қайта құру жөнінде шешім қабылдайды;

5) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiкттi жүзеге асырады.

 

14-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыреті

Қазақстан Республикасының Үкiметi:

1) Қазақстан Республикасының Президентiне облыстар мен аудандарды құру және тарату, олардың әкiмшiлiк орталықтарын белгiлеу және өзгерту туралы ұсыну енгiзедi;

2) астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың шекараларын белгiлейді және өзгертеді;

3) Қазақстан Республикасының Президентiне елдi мекендердi республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу, олардың бағыныстылығын белгiлеу және өзгерту туралы ұсыну енгiзедi;

4) Қазақстан Республикасының Президентіне республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендер етіп қайта құру туралы ұсыну енгізеді;

5) Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру қағидаларын бекітеді;

6) Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде және тиісті аумақ халқының, оның жергілікті өкілді және атқарушы органдарының пікірін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президентіне облыстарға, аудандарға, қалаларға атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөнінде ұсыну енгізеді;

7) Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру туралы шешім қабылдайды;

8) өзiне Конституцияда, осы Конституциялық заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

 

3-тарау. ЖЕРГІЛІКТІ ӨКІЛДІ ЖӘНЕ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК-АУМАҚТЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУ ЖӨНІНДЕГІ ӨКІЛЕТТІГІ

 

15-бап. Облыстардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарының өкiлеттiктерi

Облыстардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдары бiрлескен шешiммен:

1) Қазақстан Республикасының Үкiметiне облыстың шекараларын өзгерту, аудандарды құру және тарату, олардың әкiмшiлiк орталықтарын белгiлеу және өзгерту, елдi мекендердi республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу туралы ұсыныс енгiзедi;

2) Қазақстан Республикасы Үкiметiнің келiсуімен облыстық маңызы бар қалалардың шекараларын белгiлейдi және өзгертедi;

3) аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердiң шекараларын белгiлейдi және өзгертедi, кенттердi, ауылдарды бiр ауданнан екiншi ауданға немесе қаланың әкiмшiлiк бағынысына беру туралы мәселелердi шешедi;

4) ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарының пiкiрiн ескере отырып, кенттерді, ауылдарды кенттер немесе ауылдар санатына жатқызады, ауылдық округтердi, кенттердi, ауылдарды құрады, қайта құрады және таратады, сондай-ақ олардың бағыныстылығын өзгертедi;

5) Қазақстан Республикасының Үкіметіне облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендер етіп қайта құру туралы ұсыныс енгізеді;

6) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының ұсынуымен Республикалық ономастика комиссиясымен келісілген облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде ауылдық округтерге, кенттерге, ауылдарға атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып шешеді;

7) Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде қаладағы аудандарға, облыстық маңызы бар қалалардың құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып шешеді;

8) Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру жөнінде ұсыныс енгізеді;

9) Қазақстан Республикасының заңдарында жергілікті өкілді және атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттікті атқарады.

 

16-бап. Аудандардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарының өкiлеттiгi

Аудандардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдары бiрлескен шешiммен:

1) облыстардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарына елдi мекендердi аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу туралы ұсыныс енгiзедi;

2) облыстардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарына кенттерді, ауылдарды кенттер немесе ауылдар санатына жатқызу, ауылдық округтерді, кенттерді немесе ауылдарды құру, қайта құру және тарату, олардың бағыныстылығын өзгерту, оларды есепке алу және тiркеу туралы ұсыныс енгiзедi;

3) ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың басқару органдарының пiкiрiн ескере отырып, кенттердің, ауылдардың шекараларын белгiлейдi және өзгертедi;

4) облыстардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарына аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердiң шекараларын белгілеу және өзгерту туралы ұсыныс енгiзедi;

5) облыстардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарына ауылдық округтерге, кенттерге, ауылдарға атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы ұсынысты тиiстi аумақ халқының пiкiрiн ескере отырып енгiзедi; 

6) Республикалық ономастика комиссиясымен келісілген облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде аудандық маңызы бар қаланың құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып шешеді;

7) Қазақстан Республикасының заңдарында жергілікті өкілді және атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттікті атқарады.

 

17-бап.  Астананың, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарының өкiлеттiгi

1. Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының өкілеттігі:

1) Қазақстан Республикасының Үкiметiне астананың, республикалық маңызы бар қаланың шекараларын өзгерту, оның iшiнде олардың құрамына ауылдық округтерді, кенттерді, ауылдарды енгiзу туралы ұсынысты бірлескен шешіммен енгiзедi;

2) бірлескен шешіммен қаладағы аудандарды құрады және таратады, олардың шекараларын белгiлейдi және өзгертедi;

3) Республикалық ономастика комиссиясымен келісілген астананың, республикалық маңызы бар қалалардың ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде қаладағы аудандарға, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып шешеді;

4) Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру жөніндегі ұсынысты бірлескен шешіммен енгізеді;

5) жергілікті атқарушы органдар қаланың құрамдас бөлiктерiне атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын өзгерту жөнiндегi жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етедi;

6) Қазақстан Республикасының заңдарында жергілікті өкілді және атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттікті атқарады.

2. Облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының өкілеттігі:

1) облыстардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарына облыстық маңызы бар қаланы республикалық және аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу туралы ұсынысты бірлескен шешіммен енгiзедi;

2) облыстардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарына қалалардың шекараларын өзгерту, оның iшiнде олардың құрамына ауылдық округтерді, кенттерді, ауылдарды енгiзу туралы ұсынысты бірлескен шешіммен енгiзедi;

3) бірлескен шешіммен және ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың басқару органдарының пікірін ескере отырып, кенттердің, ауылдардың шекараларын белгілейді және өзгертеді;

4) облыстардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына ауылдық округтердің шекараларын белгілеу және өзгерту туралы ұсынысты бірлескен шешіммен енгізеді;

5) облыстардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына ауылдық округтерге, кенттерге, ауылдарға атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы ұсынысты бірлескен шешіммен және тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып енгізеді;

6) бірлескен шешіммен қаладағы аудандарды құрады және таратады, олардың шекараларын белгiлейдi және өзгертедi;

7) облыстардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарына кенттерді, ауылдарды кенттер немесе ауылдар санатына жатқызу, ауылдық округтерді, кенттердi немесе ауылдарды құру, қайта құру және тарату, олардың бағыныстылығын өзгерту, оларды есепке алу және тiркеу туралы ұсынысты бірлескен шешіммен енгiзедi;

8) жергілікті атқарушы органдар қаланың құрамдас бөлiктерiне атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын өзгерту жөнiндегi жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етедi;

9) Қазақстан Республикасының заңдарында жергілікті өкілді және атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттікті атқарады.

 

18-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, кент, ауыл әкімінің өкілеттігі

1. Аудандық маңызы бар қала әкімі:

1) аудандық маңызы бар қала халқының пiкiрiн ескере отырып, аудандардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына аудандық маңызы бар қаланы кент, ауыл санатына жатқызу туралы ұсыныс енгізеді;

2) аудандардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына аудандық маңызы бар қаланың шекараларын белгілеу және өзгерту туралы ұсыныс енгізеді;

3) аудандардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына аудандық маңызы бар қалалардың құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі ұсынысты аудандық маңызы бар қала халқының пікірін ескере отырып енгізеді.

2. Ауылдық округ, кент, ауыл әкімі:  

1) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына кенттерді, ауылдарды аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар санатына жатқызу, оларды қайта құру және тарату туралы ұсынысты тиiстi елдi мекен халқының пiкiрiн ескере отырып
енгiзедi;

2) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарына ауылдық округтерге, кенттерге, ауылдарға атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы, сондай-ақ ауылдық округтердің, кенттердің, ауылдардың құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы ұсынысты тиiстi елдi мекен халқының пiкiрiн ескере отырып енгiзедi;

3) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарына ауылдық округтердiң, кенттердiң, ауылдардың шекараларын белгiлеу және өзгерту туралы ұсыныс енгiзедi;

4) облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде кенттердің, ауылдардың құрамдас бөлiктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді тиiстi аумақ халқының пiкiрiн ескере отырып шешеді;

5) кенттердің, ауылдардың құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етеді.

 

4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК-АУМАҚТЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ МӘСЕЛЕЛЕРІН ҚАРАУ ТӘРТІБІ

 

19-бап. Әкімшілік-аумақтық бірліктердің санаттарын өзгерту тәртібі

1. Қала мәртебесін өзгерту бес жыл ішінде осы Конституциялық заңның 1-бабының 2), 11) және 14) тармақшаларында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда жүзеге асырылады.

2. Кент, ауыл мәртебесін өзгерту үш жыл ішінде осы Конституциялық заңның 1-бабының 3) және 8) тармақшаларында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда жүзеге асырылады.

3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, үш жыл ішінде осы Конституциялық заңның 1-бабының 4) тармақшасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда ауылдық округ таратылады, ал оның ауылдық елді мекендері жақын маңдағы ауылдық округтерге немесе өзге де елді мекендерге қосылады.

4. Елді мекеннің санатын өзгерту рәсімі осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

20-бап. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мәселелерiн облыстар, аудандар,  республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар  қалалар деңгейінде шешу үшiн қажеттi құжаттар мен  материалдардың тiзбесі

Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мәселелерiн облыстар, аудандар, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар деңгейінде шешу үшiн:

1) облыстар мен аудандарды құру және тарату, олардың әкімшілік орталықтарын белгілеу және өзгерту; елді мекендерді республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу, олардың бағыныстылығын белгілеу және өзгерту; республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендер етіп қайта құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің енгізген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайтын шешім;

2) тиiстi өтiнiшхатты және енгiзiлетiн ұсыныстың орындылығының негiздемесiн, өзгертiлетiн аумақтың көлемi, онда тұратын халық саны
туралы мәлiметтерді, негiзгi заңды тұлғалардың тiзбесiн, олардың өндiрiстiк көрсеткiштерiн, олардың әрқайсысында жұмыс iстейтiн адамдардың санын, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың құрылымы мен штаттары,
қайта ұйымдастыруға байланысты олардың өзгеруi туралы мәліметтерді, атау беру және қайта атау мәселелерін, сондай-ақ осы Конституциялық заңда белгіленген өкілеттікке сәйкес мәселені шешу үшін қажеттi барлық қалған мәлiметтерді қамтитын Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы;

3) осы Конституциялық заңда белгіленген өкілеттікке сәйкес жергілікті өкілді және атқарушы органдардың (бiрлескен) шешімі;

4) аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, кенттер, ауылдар әкiмдерiнiң қаралатын мәселе бойынша ұсыныстары; 

5) әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң шекаралары, мәселені шешу үшін маңызы бар географиялық деректер және өзге де мәліметтер көрсетілген, мемлекеттік есептеу жүйесіндегі шекаралардың координаттық сипаттамасы бар карта қажет. Картаға өңірлік даму, геодезия, картография және кеңістіктік деректер, жер қатынастары саласындағы уәкілетті органдардың басшылары, сондай-ақ аумақтарды қабылдайтын және беретiн жергілікті өкiлдi және атқарушы органдардың басшылары қол қояды, қолтаңбалар мөрмен бекемделеді.

 

21-бап. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мәселелерiн ауылдық округтер, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер мен ауылдар деңгейінде шешу үшiн қажеттi құжаттар мен материалдардың тiзбесi

Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелерін ауылдық округтер, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер мен ауылдар деңгейінде шешу үшін:

1) осы Конституциялық заңда белгіленген өкілеттікке сәйкес жергілікті өкiлдi және атқарушы органның бiрлескен шешімі;  

2) жергілікті қоғамдастық жиынының шешілетін мәселеге қатысты хаттамалары;

3) енгiзiлетiн ұсыныстың орындылығының негiздемесiн, өзгертiлетiн аумақтың көлемі, онда тұратын халықтың саны туралы мәлiметтерді, заңды тұлғалардың, өнеркәсiптiк және басқа да объектiлердiң тiзбесiн, сондай-ақ осы Конституциялық заңда белгіленген өкілеттікке сәйкес мәселені шешу үшін қажеттi барлық қалған мәлiметтердi қамтитын түсiндiрме жазба;

4) аудандық маңызы бар қалалардың, кенттер мен ауылдардың шекаралары, мәселені шешу үшін маңызы бар географиялық деректер және өзге де мәліметтер көрсетілген, мемлекеттік есептеу жүйесіндегі шекаралардың координаттық сипаттамасы бар карта қажет. Картаға өзгертiлетiн аумақтың жергілікті өкiлдi және атқарушы органдарының басшылары қол қояды;

5) ауылдық округтер, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер мен ауылдар әкiмдерiнiң қаралатын мәселе бойынша ұсыныстары;

6) аудандық маңызы бар қала әкімінің аудандық маңызы бар қаланың шекараларын белгілеу және өзгерту жөніндегі ұсынысы қажет.

 

 

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

22-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Конституциялық заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

2. Осы Конституциялық заң қолданысқа енгізілген күннен бастап «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.

 

 

Қазақстан Республикасының

                Президенті                                                                                      Қ. ТОҚАЕВ

 

 

Астана, Ақорда, 2026 жылғы 5 маусым

                                    

     № 300-VIIІ ҚРЗ


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару