National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қауіпсіздік Кеңесі


Жаңалықтар

Ғизат Нұрдәулетов Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бірінші кездесуіне  қатысты

Анкара қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бірінші кездесуі өтті. Бұл жиынға Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты.

Іс-шара барысында энергетика, көлік, азық-түлік қауіпсіздігі, терроризм қатеріне қарсы іс-қимыл және өңірлік қауіпсіздіктің басқа да өзекті мәселелері талқыланып, оны нығайтудың ықтимал шаралары қарастырылды.

Ғизат Нұрдәулетов өз сөзінде Қазақстанның өңірлік қауіпсіздік саласындағы негізгі проблемаларды шешуге қатысты ұжымдық тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған көпвекторлы сыртқы саясатты жүзеге асыратынын атап өтті.   

Осылайша, біздің еліміз халықаралық энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қосатын үлесін арттыру, өнімінің негізгі түрлерін жеткізуде олқылықтарға жол бермеу мақсатымен халықаралық көліктік-логистикалық бағыттарды дамыту жұмыстарын жалғастырады.     

Терроризм мен экстремизмнің, соның ішінде ауған аумағынан таралуы өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретін тәуекел-қатерлердің бірі болып қала береді. Осыған байланысты жиында Ауғанстанды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қалпына келтіруге және осы елдегі жағдайды тез арада реттеуге ерекше назар аударылды.

Кездесу соңында делегациялардың басшыларын Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған қабылдады. Түркия Республикасының Президенті құрлықтағы геосаяси қатерлердің шиеленісуі жағдайында жаңа интеграциялық тетіктерді қалыптастырудың маңызды екенін атап өтіп, Түркі мемлекеттері ұйымының барлық қатысушыларымен арадағы өзара қарым-қатынастың оң қарқынын атап өтті.

Сондай-ақ, іс-шара аясында Қауіпсіздік Кеңестерінің хатшылары  Түркияның Ішкі істер министрлігінің және Ұлттық барлау ұйымының басшылығымен кездесті, Түрік мемлекеттік аэроғарыш компаниясына барды.      

***

«Түркі әлемінің келешегі – 2040» тұжырымдамасы радикалдануға, зорлық-зомбылық экстремизміне, исламофобияға, ксенофобияға және терроризм қатерлеріне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасуға, сондай-ақ шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған желі құруды Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қауіпсіздігі бағытындағы негізгі міндет ретінде айқындайды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару