National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Жаңа Қазақстан – жаңа әлемде" атты Бірінші Назарбаев оқуларының шетелдік спикерлерімен кездесті

2012 жылғы 29 қараша

Кездесуге Румынияның экс-Президенті Эмиль Констинтинеску, Еуропа Кеңесінің экс-Бас хатшысы Вальтер Швиммер, Хорватияның экс-Президенті Степан Месич, Франция Сенатының экс-спикері Кристиан Понселе, Джеймстаун Қорының президенті Глен Ховард және Ломоносов атындағы ММУ-дің ректоры Виктор Садовничий қатысты.

Мемлекет басшысы кездесуге қатысқандарға шақыруын қабыл алғандары және Астанаға келгендері үшін алғысын айтты.

- Мен өзімнің бұрынғы достарымды көргеніме қуаныштымын. Бүгін Сіздердің қатысуларыңызбен Назарбаев оқулары ашылды. Өздеріңізге белгілі, бұл оқиға біздің еліміздің Тұңғыш Президенті күніне орайластырылды. Мен бұл мемлекеттік мерекенің бастамашысы болған жоқпын, оны еліміздің Парламенті белгіледі. Бұл халықты топтастыру және жастарды патриоттыққа тәрбиелеу үшін қажет деп білемін, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев әңгімелесушілер назарын тәуелсіз Қазақстанның дамуының маңызды қорытындыларына аударды.

- Біріншіден, біз күллі әлем мойындаған мемлекет құрдық. Екіншіден, қысқа мерзім ішінде жаңа нарықтық экономика құрылды, соңғы 15 жылда оның көлемі 16 рет өсті. Бүгінде қазақстандықтардың орташа табысы Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне жетті. Осылайша біз дамуымызда бірден серпіліс жасадық. Экономиканың өсуімен бірге халықтың әл-ауқаты артты. Біз халық кедейшілігі деңгейі 40 пайыз кезеңіндегі көрсеткішпен бастадық және бұл көрсеткішті 4 пайызға төмендеттік, бұл барлық дамыған елдер үшін қалыпты саналады. Үшіншіден, біз халықаралық деңгейде танылуға қол жеткіздік. Соңғы уақытта Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның Саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төрт съезі болып өтті, біз ЕҚЫҰ-ға және ИКҰ-на төраға болдық. Жақында Астанаға ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығының берілуі біздің еліміздің және барша халқымыздың биік беделінің тағы бір дәлеліне айналды, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміз посткеңестік республикалардың бәрінен бұрын  экономикалық және саяси реформаларды тездетіп жүргізгенін атап өтті. Бұл 170 миллиард долларға жуық шетел инвестициясын және 200 миллиард доллар ішкі инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта Қазақстан шекаралас барлық мемлекетпен, сондай-ақ әлемнің өзге де елдерімен сындарлы және тату көршілестік қарым-қатынастар орнатты.

- Біз шикізат ресурстарына тәуелділіктен құтылу үшін Қазақстанды индустрияландыру бойынша үлкен жұмыстарды бастадық. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруда екі жыл ішінде біз 550 жаңа кәсіпорын құрдық, 100 мың жұмыс орнын аштық. 2020 жылға қарай жалпы құны 60 миллиард доллар болатын бағдарламаны орындау, 750 жаңа кәсіпорын ашу, бір жарым миллион жұмыс орнын ашуды қамтамасыз ету және экономикамызды тағы 30-40 пайызға арттыру – біздің таяудағы уақытқа белгілеп отырған міндеттеріміз, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті әлемде дағдарыстың жалғасқанына қарамастан, былтыр елдің жалпы ішкі өнімінің өсімі 7,5 пайызды құрағанын атап өтті.

Кездесудің қорытындысы бойынша Эмиль Констинтинеску Қазақстан Президентімен өткен кездесуге көңілі толатынын айтты.

- Өз сапарым барысында мен тағы да Қазақстанның ілгерілеуінің куәгері болдым. Астана - сіздің елдеріңіздің дамуының символы. Бір кезде бұл жоба арман сияқты болатын, ал бүгінде ол Қазақстан Президентінің ерен еңбегінің арқасында шындыққа айналды. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың Румынияға сапарын күтудеміз және мен біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық қатынастар Ұлы Жібек жолын қалпына келтіруде маңызды буынға айналады деп үміттенемін. Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық кеңістік құру жөніндегі идеясын жүзеге асыру және бүгінде ол қуатты экономикалық бірлестікке айналғанын айрықша атап өтер едім, - деді Э.Констинтинеску.

Вальтер Швиммер халықаралық саясаттың түрлі мәселелері бойынша өткен пікір алмасудың маңыздылығын атап өтті.

– Біздің Назарбаев мырзамен кездесуіміз өте қызықты болды және негізінен халықаралық ынтымақтастыққа назар аударылды. Қазақстан қазіргі халықаралық қатынастарда маңызды рөл атқарады. Мен Қазақстан Президентінің мәдениетаралық және өркениетаралық үндесуді нығайтудағы үлкен рөліне маңыз бердім. Біз сіздердің елдеріңіздің тәуелсіз дамуының 20 жылындағы жетістіктері жөнінде айттық және осындай қысқа мерзімде жеткен табыстарына таңданыссыз қарай алмайтынымызды бәріміз де мақұлдаймыз, - деп атап өтті В.Швиммер.

Сондай-ақ ол Нұрсұлтан Назарбаевтың Австрия Республикасына сапары жемісті болғанына және оның екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа серпін бергеніне тоқталды.

Кристиан Понселе Бірінші Назарбаев оқуларына қатысуға және Қазақстан астанасын аралауға мүмкіндік алғаны үшін ризашылығын білдірді.

- Қазақстандықтар – болашаққа ұмтылған қайсар халық. Сіздердің халықтың жолы болды – сіздерде басқара білетін, идеяларды ойлап табатын және оларды іске асыра білетін көшбасшы бар. Ол өте дана адам. Мен Франция мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік ұдайы тереңдей береді деп үміттенемін. Бүкіл Еуразия құрлығы бойынша бейбітшілік, жақсылық және толеранттылық идеяларын бірлесіп іске асыруда бірге әрекет ету үшін біздің елдеріміздің қарым-қатынастарын одан әрі дамыту қажет. Бәсекеге қабілетті өнімдер өндіретін Қазақстан-Франция бірлескен кәсіпорындары көп болуы керек. Олардың бәрі біздің халықтарымыздың иглігіне жұмыс істейтін болады, - деді К.Понселе.       

Степан Месич беделді қатысушылар құрамымен де ерекшеленген кездесудің табыстылығын атап өтті.

- Қазақстан – экономикалық проблемаларды жылдам шешетін әлемдегі бірінші ел. Өз аймағындағы елдермен ғана емес, бүкіл әлеммен белсенді ынтымақтастық жасайды. Мен Қазақстанды ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқын жеңіп алуымен құттықтаймын. Бұл елдің табысқа жетуіне жаңа үлес қосатынына сенімдімін, - деп атап өтті С.Месич.

Виктор Садовничий өте қызық және өте жылы шырайлы кездесу өткенін айтты.

- Біз көптеген мәселелерді қозғадық және әрбір мәселеге Қазақстан Президентінің мүдделілікпен қарап отырғанын сезіндік. Ол әлемнің өзекті проблемалары мен жаһандық экономиканың алдағы даму барысын терең түсінеді. Нұрсұлтан Әбішұлы қазіргі ғылым мен оның даму логикасын өте дәл сезіне алады. Сондай-ақ, өткен кездесу «халықтық» дипломатияның маңызды элементі болып саналады. Біз қазіргі дамудың түрлі көкейкесті мәселелері бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтан жан-жақты жауап алдық, - деді В.Садовничий.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің