National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдады

2026 жылғы 16 маусым

Президентке Қытай Халық Республикасында ұйымдастырылған Alatau City Roadshow қорытындысы туралы мәлімет берілді.

Қанат Бозымбаев халықаралық таныстырылым аясында 20 іс-шара мен бірқатар кездесу өткенін айтты. Нәтижесінде жалпы сомасы 6,4 миллиард доллар болатын 30 келісім мен меморандумға қол қойылған. Шэньчжэнь қаласының мэрі Цинь Вэйчжунмен, Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Лимен, сондай-ақ ірі халықаралық компаниялардың жетекшілерімен жүздесуде Алатау қаласының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылған.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа жуырда Алматы облысына сапары кезінде берген тапсырмаларын ескере отырып жасалған жұмыс жоспары баяндалды.

Мемлекет басшысы су ресурстары саласындағы жобалардың жүзеге асырылуы, соның ішінде гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту, жаңа су қоймалары мен каналдар салу туралы есепті тыңдады.

Бұдан бөлек, кездесуде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының орындалу барысы қарастырылды. Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңартуға 1,1 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл – тәуелсіздік жылдарында салаға бағытталған ең қомақты сома. Қаржыландыруды отандық және халықаралық қаржы институттары қамтамасыз етеді. Аталған шаралар үш жыл ішінде коммуналдық желілердің тозуын 40 пайызға дейін қысқартады.

Мемлекет басшысы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына отандық тауар өндірушілерді кеңінен тарту қажеттігіне назар аударды.

Сонымен қатар Президент еліміздегі, әсіресе, оңтүстік облыстардағы вегетация кезеңін айрықша бақылауды ұстауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамытуға арналған орнықты модель қалыптастырудың, дүние жүзінен капитал тартып, инновацияларды игеру үшін қолайлы орта құрудың маңызына тоқталды. Үкіметке Алатау қаласының инфрақұрылымына қажетті қаржы бөлу міндетін жүктеді.


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің