National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады

2026 жылғы 14 сәуір

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары туралы баяндалды.

Бейбіт Исабаев 2025 жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі мақсатты индикаторға қол жеткізілгенін айтты. Өңірге 610 миллиард теңге инвестиция тартылған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға артық.

Президентке агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспары таныстырылды. Ауыл шаруашылығы дақылдары, соның ішінде қант қызылшасы алқабы кеңейді. Ақсу және Көксу қант зауыттарының өндірістік қуатын 2 есеге арттырып, 950 мың тоннаға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2027 жылға дейін құны 94,4 миллиард теңге болатын 23 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, құс фабрикалары, мал бордақылау алаңдары, балық және жылыжай шаруашылықтары мен басқа да жобалар бар.

Өнеркәсіп саласында соңғы үш жылда 29 жаңа нысан іске қосылып, 7 кәсіпорын кеңейтілді, соның нәтижесінде 1841 жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысына инфрақұрылымды дамыту жайында мәлімет берілді. Өңірді газдандыру деңгейі 67,2 пайызға жетті. «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры тартылып, 650 мыңнан астам тұрғыны бар 210 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізеді.

Облыстың туризм саласындағы мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыстар жалғасуда. Алакөл, Балқаш жағалауларында туристік нысандарға баратын жолдар салынып, ауыз су, электр желісі, кәріз жүйелері тартылды. Жағалауларды бекіту шаралары қолға алынды. Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын 31 шақырымдық жол жаңартылып жатыр.

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңірде үш экопарк салып, 121 мың ағаш егу көзделген.

Мемлекет басшысы облыс әкіміне Қытай Халық Республикасымен шекаралас «Достық» бекетіндегі және «Қорғас» арнайы экономикалық аймағындағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ Алакөл, Балқаш көлдері жағалауындағы демалыс орындарын, тау туризмін қарқынды түрде дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің