Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Ұлттық күніне орай Президент Ли Чжэ Мёңге құттықтау жеделхатын жолдады. Президент корей халқының бай тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық бірлігі мен ынтымағын ұлықтайтын айтулы күннің маңызына айрықша тоқталып, екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастық жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өткен. – Жақында Сеулге жасаған сапар барысында екіжақты қарым-қатынасымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Бұл шешім достық пен берік әріптестікке негізделген қазақ-корей ықпалдастығын халықтарымыздың игілігі үшін өрістете беретініне кәміл сенемін, – деп жазылған жеделхатта. Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Чжэ Мёңнің жауапты қызметіне толайым табыс, ал достас корей халқына баянды өркендеу мен құт-береке тіледі.