National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан тағайындалған Қазақстан Республикасындағы бірқатар шетел елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

2012 жылғы 26 қараша

 

Қазақстан Президентіне Норвегия Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Оле Йохан Берной, Египет Араб Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Набила Ибрагим Салама Фархана, Өзбекстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Әлішер Салахитдинов, Израиль Мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Элияу Тасман, Индонезия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Фостер Гултом, Сербия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Владимир Миркович сенім грамоталарын тапсырды.

Мемлекет басшысы дипломаттарға арнаған сөзінде оларды Қазақстандағы дипломатиялық миссияларыңың басталуымен құттықтады және елдер арасындағы жан-жақты, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған еңбектеріне жеміс тіледі.

- Бүгінде әлемге танымал шаһардың біріне айналған, Қазақстанның елордасы – әсем Астанаға қош келдіңіздер. Жақында Парижде өткен Халықаралық көрмелер бюросына мүше мемлекеттердің дауыс беруінің нәтижесінде Астанада 2017 жылы «EXPO» көрмесін өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл жас елордамыздың алдағы 20 жылдық мерейтойына орай теңдесі жоқ сый болары сөзсіз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы тәуелсіздік тұғырына көтерілген 20 жыл ішінде Қазақстан әлемдегі 146 мемлекетпен дипломатиялық қатынастар орнатқанын, 3 мыңнан астам халықаралық келісімдерге қол қойғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Норвегия Корольдігімен кең ауқымды ықпалдастықты кеңейтуге ниетті екеніне тоқталды.

- Біз Норвегияны Скандинавия аймағындағы болашағы зор сауда-экономикалық әріптес ретінде қарастырамыз. Биылғы наурызда Қазақстанның Ослодағы дипломатиялық миссиясын елшілікке айналдыру жөнінде шешім қабылданды. Бұл қадам екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін береді деген үміттеміз, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы біздің мемлекетіміздің сыртқы саясатының басым бағыты – қазір күрделі саяси үдерістерді басынан кешіп отырған Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерімен екі жақты байланыстарды дамыту болып саналатынын атап көрсетті.

- Қазақстан осы өңірдегі біздің негізгі әріптесіміз болып саналатын Египетпен жан-жақты байланысты тереңдете беретін болады. Біз халықаралық форумдар аясындағы тығыз ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің жұмысына Египеттің белсенді атсалысқаны үшін ризашылығымызды білдіреміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Өзбекстан Республикасы – біздің елдің тату көршісі, стратегиялық әріптесі және сенімді одақтасы екенін атап өтті.

- Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың Қазақстанға биылғы ресми сапары өте нәтижелі болды. Біз екі жақты ынтымақтастық мәселелері бойынша маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік, сондай-ақ жаһандық және өңірлік мәселелерге қатысты ұстанымдарды үйлестірдік. Өзбекстан басшысының сапары барысында қол қойылған маңызды құжаттар Қазақстан-Өзбекстан стратегиялық әріптестігінің дамуына жаңа серпін береді, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Қазақстан мен Израиль арасындағы достық қарым-қатынастар екі елдің мүддесіне сай дамып келе жатқанын мәлім етті.

- Қазақстан мен Израильдің арасы географиялық тұрғыдан едәуір алшақ. Бірақ қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған ұмтылыс пен жоғары деңгейде қалыптасқан саяси диалог біздің мемлекеттерімізді жақындата түседі. Біз соңғы уақытта аймақтағы орын алған оқиғаларға байланысты алаңдаушылық білдіреміз. Ахуал тез арада тұрақтанып,  бейбіт жолмен шешіледі деп үміттенеміз, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы біздің еліміз Индонезияны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең маңызды әріптесі ретінде қарастыратынына тоқталып өтті.

- Менің Джакартаға биылғы ресми сапарым барысында екі жақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді. Биыл біз Индонезияда Қазақстанның елшілігін аштық. Біз көпжақты форумдар, әсіресе Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы аясындағы әрекеттестікті жоғары бағалаймыз. Индонезия – АСЕАН ұйымының беделді мүшесі және көшбасшысы. Қазақстанның АСЕАН қауіпсіздік жөніндегі өңірлік форумының мүшесі болуға ұмтылысына Индонезия қолдау көрсетеді деген сенімдеміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті біздің республикамыз Сербиямен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екеніне тоқталды.

- Біз Сербияны Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 67-ші сессиясының төрағалығына тағайындалуымен және Еуропалық Одаққа кіруге үміткер дәрежесін алуымен құттықтаймыз. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен іс-қимылды жалғастыру өте маңызды. Бұған жақында құрылған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Сербия үкіметаралық комиссиясының тиімді қызметі мүмкіндік береді, - деді Мемлекет басшысы.

Брифинг барысында жаңадан тағайындалған елшілер Қазақстан халқын 2017 жылы «EXPO» бүкіләлемдік көрменің Астанада өткізу құқығы үшін дауыс берудегі жеңісімен құттықтады. Бұл оқиға Қазақстанның одан әрі экономикалық дамуына қуатты серпін беретіні атап өтілді.

Норвегия Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Оле Йохан Берной екі ел арасындағы сауда-экономикалық, энергетикалық салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуда жақсы қарқын барын атап көрсетті.

- Біздің өзара қарым-қатынастарымыздың қарқынды дамуының мысалы ретінде Қазақстанда норвегиялық теңіз өнімдерінің бағаланатынын, ал өз кезегінде, Қазақстаннан әкелінетін астық өнімдері Норвегияда үлкен сұранысқа ие екенін атап өткім келеді. Бізді жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселелері жөніндегі көзқарастың ортақтығы біріктіреді. Соңғы уақытта Норвегия мен Қазақстан осынау маңызды тақырыпқа арналған бірқатар халықаралық іс-шараларды өткізді. Бұл – біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың тағы бір ауқымды және нәтижелі дәлелі, - деді Оле Йохан Берной.             

Египет Араб Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Набила Ибрагим Салама Фархана атап өткендей, Египет Қазақстанмен ынтымақтастық аясында біздің еліміздің барлық бастамаларын әрдайым қолдайды.

Өзбекстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Әлішер Салахитдинов Қазақстан-Өзбекстан өзара қарым-қатынастары тату көршілестік және стратегиялық сипатқа ие екеніне тоқталды.

- Біздің елдеріміз басшыларының даналығы және саяси жігерінің арқасында Орталық Азия өңірінде ядросыз аймақ құрылды және Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы екі жақты қарым-қатынастар өз дамуының сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Біз екі елдің ұлттық мүдделерінің басымдығы мен ортақ мақсаттары, диалогы негізіндегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Осы кездесуді пайдаланып, Қазақстанды Астанада «EXPO-2017» бүкіләлемдік көрмесі өтетінімен шын жүректен тағы да құттықтағым келеді, - деді Ә.Салахитдинов.         

Израиль Мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Элияу Тасман екі мемлекет арасындағы ауыл шаруашылығы, медицина мен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға барлық күш-жігерін салатынын айтып өтті.  

Индонезия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Фостер Гултом екі жақты қарым-қатынастардың жағымды қарқынына тоқталды.

- Біздің елдеріміз арасында сауда және өнеркәсіп тәрізді экономика секторында тиімді ынтымақтастық орнаған. Сондай-ақ туризм, білім және әскери-техникалық ынтымақтастық салаларындағы өзара қарым-қатынастарды дамытуды жоспарлаудамыз. Біз халықаралық ұйымдар аясында жемісті өзара іс-қимыл жасап келеміз. Біздің елдеріміздің бір-бірімен ұқсас жақтары да бар, - деді Фостер Гултом.     

Сербия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Владимир Миркович Қазақстанда Сербия елшілігінің ашылуы достық қарым-қатынастарды дамытуда сапалы жаңа қадам болып саналатынына сенім білдірді.   

Нұрсұлтан Назарбаев іс-шара соңында жаңадан тағайындалған елшілерге Астанадағы қызметтерінің қызықты да жемісті болуын тіледі және мемлекеттер арасындағы өзара тиімді әріптестікті дамыту үшін барлық күш-жігерлерін салатындарына сенім білдірді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің