Сөйлеген сөздер мәтіндері

24 ақпан 2016
ҚР Мемлекеттік Хатшысы Г.Н.Әбдіқалықованың Ж.Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына арналған «Ұлы дала жыршысы» атты халықаралық ғылыми симпозиумінде сөйлеген сөзі

 

Құрметті қауым!

 

Ұлтымыздың ұлы ақыны, жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған халықаралық ғылыми симпозиумның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын.

Мы сердечно приветствуем наших гостей из России, Грузии, Кыргызстана. Великий казахский поэт ХХ века Жамбыл Жабаев посвятил свою жизнь продвижению вечных  общечеловеческих ценностей, воспеванию добра, справедливости,  воспитанию патриотизма. Его произведения переведены более чем на 50 языков народов мира. Творчество Жамбыла актуально и по сегодняшний день, остается объектом пристального изучения не только казахстанских литературоведов, но и многих ученых из  других стран.

Еліміздің тарихында бір дәуірде дүниеге келіп, халқымыздың рухани тұғырына айналған екі тұлға бар. Бірі абыз Абай болса, енді бірі жыр алыбы Жамбыл. Қос бәйтеректің де өлеңдері өзектес, тақырыптары тамырлас келеді. Екеуі де  халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады, елдің еңсесі биік болса деген асыл мұратын жырларына арқау етті. Өткен жылы ұлы Абайдың 170 жылдығын ел болып атап өтсек, ұлы Жамбылдың биылғы мерейтойы осынау рухани игіліктің жарасымды жалғасына айналуда.

"Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым" деп жырлаған ұлы жырау халықтың ғасырлар бойғы көкейінде жүрген арманын өлеңмен жеткізді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлы Жамбылға «адалдық пен адамгершіліктің, әділеттілік пен ізгіліктің алып жыршысы» деген тарихи бағасын берді. Жамбыл бабамыздың ұшан-теңіз шығармашылық мұрасы – халқының талайлы тарихы мен шынайы өмірінің айнасы. «Қазақтың Гомері» атанған ақынның эпикалық дастандарынан, айтыстары мен жыр-толғауларынан біз ұлтымыздың өзіндік болмысын, өмір салтын, көркемдік дүниетанымы мен арман-мақсаттарын танимыз. Әсіресе, «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,Ел бірлігін сақтаған татулықты айт» деп жырлаған Жамбыл шығармашылығынан еліміздің бүгінгі бейбіт тірлігі мен берекелі бірлігін көргендей боламыз. Сол себепті де, Жамбыл шығармаларының негізгі идеясы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қарышты қадамдарымен, жасампаз істерімен үндесіп келеді. Дәлірек айтсақ, Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясымен тамырласып, мазмұндасып жатыр.

Өткен жылы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне енген халқымыздың айтыс өнерін мазмұн мен түр жағынан байытып, оны биік көркемдік деңгейге көтеруде Жамбыл Жабаев аса дарынды айтыскер ақын ретінде айтулы үлес қосты. Ақын шығармаларының биік шоқтығына айналған Құлманбетпен, Сарыбаспен, Майлықожамен, Айкүміспен, Шашубаймен айтыстары ұлтымыздың суырыпсалмалық өнерін жаңа биікке шарықтатты.

Адамзаттың рухани құндылықтарының қатарында ерекше орын алып, бүгінде 100 томдығы жарыққа шыққан қазақ халқының фольклорлық, эпикалық өнерін одан әрі өрістетуде Жамбыл ақынның қосқан үлесі қомақты. Оның «Өтеген батыр», «Саурық батыр», «Көрұғлы», «Бақ, дәулет, ақыл» атты дастандары Жамбыл атамыздың эпикалық жанрды терең меңгергенін, аталған жанрда қайталанбас ғажайып туындылар тудырғанын аңғартса керек.

Жамбыл Жабаевтың белгілі бір тарихи оқиғаларға қатысты туған толғаулары ақын мұрасының елеулі орын алып келеді. Әсіресе, ақынның Ұлы Отан соғысы кезіндегі толғауларының маңызы ерекше. Ленинград қаласы қоршауда қалған қиын-қыстау жылдары дүниеге келген «Ленинградтық өренім» өлеңін Еуразия құрылығында білмейтін жанды кездестіре қою қиын. Бұл шығарма сөз құдіретін, өлеңнің адам жанын әлдилейтін ғаламат әсерін танытқан толғау еді. Қиналған, ашыққан адамның қажыр-қайратын ұштап, рухын жықпауға сеп болған осынау шығарманы тудырған біздің ұлы атамыз Жамбыл болғанын әрдайым мақтан тұтамыз. Сондықтан да ақын мерейтойына арналған алқалы жиынға Ресей, Грузия, Қырғызстан елдерінен ғалымдардың арнайы келіп, баяндама жасауы да Жамбыл шығармашылығының жалпыдамзаттық құндылықтарға құрылғанын айқындай түседі деп ойлаймын.

Сөз зергері  Мұхтар Әуезов «ақындардың ақыны айдын көлдей ақылы» деп атаған  Жамбыл Жабаев шығармаларына бүгінде терең бойлап, оның әр сөзінің салмағын сезініп, тәуелсіздік тұрғысынан бағамдап келеміз.  Жамбыл өмірі – ол халық өмірі, ұлт тарихымен тамырлас тамаша тағдыр. Жамбыл шығармашылығы – Ұлы дала Елінің ұлағатты қазынасы!

Мемлекет басшысы «Жамбыл туралы айтылар сөздің мәдени-рухани өміріміздің, саяси-әлеуметтік тарихымыздың ең бір көкейкесті арналарымен ұласып жатуы заңды», – деген сөзі ақын шығармаларының халықтық сипатын танығандықтан туындаған даналық ой деп білеміз. Жамбыл сынды ұлы тұлғаға арналған бүгінгі халықаралық симпозиумда үлкен ғибратты ой, салмақты ғылыми-танымдық талдаулар болатынына сенімдіміз.

Қазақ халқының біртуар ұлы, тұтас түркі жұртына ортақ рухани тұлға Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған халықаралық симпозиум жұмысына табыс тілеймін! 


Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері
 
Басқа cөйлеген сөздер мәтіндері
Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері