National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Президент Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

2015 жылғы 08 сәуір

 

Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласындағы өсімнің жоғары екенін, сондай-ақ өңірдің мәдениет саласы да жақсы дамып келе жатқанын айтты.

– Сапар барысында мен мырыш, қорғасын, мыс, алтын және күміс секілді экспорттық өнімдерді көп көлемде өндіретін «Қазмырыш» кәсіпорнында болдым. Өскемен индустриясы үшін басты мәселеленің бірі экологиялық тазалық болып отыр. Қазіргі уақытта заманауи экологиялық талаптарға сай кәсіпорындар салынуда, бұл қаланың қауіпсіз болашағын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жаңа театр ғимараты салынды, бұрынғысы ХІХ ғасырда салынған ескі ғимаратта орналасқан еді. Енді театр ұжымы тиісті жабдықтары, 600 орындық көрермен залы, 150 орындық кіші залы бар керемет жаңа ғимаратқа кірді. Өскеменде тұрғындар өнерді тамашалау үшін келетін жаңа мәдени орталық пайда болды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйесін және медициналық көмек сапасын жақсарту бағытында мемлекеттің күш-жігер жұмсап жатқанына назар аударды.  

– Семей қаласы қырық жыл бойы ядролық сынақ өткізу орны болып, соның салдарынан көптеген адам зардап шеккен өңірде орналасқан. Бүгінде қаланың медициналық мекемелері мен олардың жабдықталуы Қазақстандағы ең үздіктердің қатарында саналады. Мен елдегі онкологиялық ауруларды емдеуге арналған бірден-бір радиологиялық орталықты аралап көрдім. Осындай орталық Астанада да салынатын болады. Диагностика және емдеу ісінде енгізіліп жатқан радиологиялық әдіс еліміздің көптеген азаматтарына көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті республиканы көлік және инфрақұрылымдық тұрғыдан одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды.

– Қазіргі уақытта біз «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудамыз, оның аясында әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруді жоспарлап отырмыз. «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырып, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын ілгерілетудеміз. Халық бұл бастамаларды, Қазақстандағы тұрақтылық пен бірлікті қолдап отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы облыс тұрғындарына табыс және бақ-береке тіледі. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің