Сөйлеген сөздер мәтіндері

15 сәуір 2016
ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықованың Ә.Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейханов және Алаш мұрасы» атты халықаралық конференцияда сөйлеген сөзі
Алматы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 

Уважаемые коллеги!

Видный общественный и государственный деятель, ученый, журналист и этнограф  Алихан Букейханов посвятил всю свою яркую и многогранную жизнь делу освобождения и развития казахского народа. Он обосновал идею необходимости возрождения национальной государственности, обозначил пути и способы достижения этой цели, став во главе казахского национально-освободительного движения «Алаш». Алихан Букейханов являлся основателем и лидером «Алаш», главной целью которого являлось создание независимого Казахского государства.

 

Қадірлі қауым!

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында «18-19 ғасырларда Қазақ хандығы құлағаннан кейін қазақтардың арынды рухы бұрқ етіп сыртқа шығудың әртүрлі жолдарын қарастырды. Сол кезде қазақтарда өз мемлекетін құру үміті тағы да ояна бастады. Алашорданың көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов және басқалар болды. Қазақтың оқыған жас өкілдерінің осынау ыстық жігері, ұлттық рухы сол кезде қалыптасқан жағдайлардың себебінен өмірде іс жүзіне аса алмады», деп тарихи бағасын берді.

Шынында да, тарихи деректерге сүйенсек, 1917 жылғы төңкеріске дейінгі және одан кейінгі кезеңде Әлихан Бөкейхановтың өзі 7 рет тұтқындалып, 2 рет саяси айдауда болған екен. Яғни, Самарада 8 жылын өткізсе, Мәскеуде күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын арнады.

«Алаш» идеясын алға тартқан Әли­хан Бөкейханов халықты өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін қастерлеуге, Отанды сүюге, қорғауға және қамқор болуға насихаттады.  Қайраткер өзінің зиялы серіктестерімен бірлесіп, 1917 жылдың жел­тоқсанында Алаш ұлттық-территория­лық автономиясын жария­лап, оның төрағасы болып сайланды. Әлихан Бөкейханов биік өре иесі ретінде өзге ұлыстардың құқығына қол сұқпай, бұдан былай қазақтың қайта құрылған елі көпұлтты, көпдінді және сан мәдениетті, бірақ көп мәдениетімен тұтас мемлекет болатынын болжады. Автономия жариялаудың қарсаңында «Қазақ» газетіне Алаш автономиясының 25 мүшеден жасақталатын Халық кеңесі - Алашорда үкіметінен 10 орынға өзге ұлт өкілдерін шақырылатыны жарияланды. Тіпті, сол орынның бірін орыстың көрнекті ғалымы, публицисі Григорий Потаниннің алғаны тарихтан белгілі.

«Алаш» қозғалысын ілгерлете жүріп, тарихи тұлға қазақ халқының жазбаша тарихын тасқа басуға, оны жұртшылыққа танытуға байланысты іргелі істермен айналысты. Ұлы Даланың қанатын кеңге жайған мемлекеттік құрылымы –Алтын Орданың заңды мұрагері болып табылатын Қазақ хандығының бірліктен айырылуының тарихи себептерін зерделеді. Әлихан Бөкейханов 1903 жылы Санкт-Петербургте екі автормен бірлесіп жазған «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты тұңғыш ғылыми монографиясын жариялады. Аталған еңбекте ол Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуын, хандықтың кейінірек үш жүзге бөлінуін, сондай-ақ, 1910 жылы «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркін жариялады.

Елбасының Қазақстанды әлемдік қауымдастықта мәртебесі биік «Мәңгілік Елге» айналдыру идеясы бағзыдан бастау алып, Шығыс Түрік қағанатының қолбасшысы Күлтегінге арналған бітіктаста қашап жазылғаны белгілі. Өткенге көз жүгіртсек, бұл асыл мұраттың алаш қайраткерлерінің де ой-зердесінде орныққанын білуге болады. Әлихан Бөкейхановтың  «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 3 санында жарияланған мақаласында «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» деген сөздері дәлел болмақ.

Сайып келгенде, Әлихан Бөкейхановтың өткен ғасыр басындағы ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметі қазақ халқының ұлттық санасын оятты, Алаш ұлттық идеясының маңайына біріктірді. Мәселен, Оксфорд университетінің Орта Азияны зерттеу орталығы 1985 жылы жариялаған «Қазақтар 1917 жылға дейінгі орыстар туралы. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рыс­құлов» атты зерттеуінде Әлихан бастаған батысшыл Алаш зиялыларының атқарып кеткен қызметіне «олар мәдени ренессанс» деген баға берді.

Әлихан Бөкейханов өзінің бүкіл саналы ғұмырын халқының азаттығы мен еркіндігіне арнады. Ол Алаш қозғалысының көсемі, саяси қайраткер, экономист-ғалым, Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік Думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, тарихшы-этнограф, әдебиеттанушы әрі публицист ретінде қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталатыны сөзсіз.

Бүгінгі таңда Қазақстан өзінің даму сатысының үшінші кезеңіне қадам басып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев белгілеп берген Ұлы реформалардың жиынтығы, Ұлт жоспарын іске асыруға кірісті. Мемлекеттік деңгейдегі осы игілікті істі жүзеге асыру барысында халқымыздың аса көрнекті тұлғасы Әлихан Бөкейхановтың елдіктің еңсесін биіктетуге бағытталған еңбектерін Алаштану ғылымының аясында тереңдетіп, Бөкейхановтану бағытын жас ұрпақтың рухани қазынасына айналдыру баршамыздың азаматтық парызымыз болмақ. 

Бүгінгі конференция жұмысына сәттілік тілеймін!

Назарларыңызға рахмет!


Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері
 
Басқа cөйлеген сөздер мәтіндері
Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері