Жаңалықтар

16 қазан 2007
Тегеранда Каспий жағалауы елдері мемлекет басшыларының екінші саммиті болып өтті.
big-иран-3.jpg

Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан Президенттері Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін белгілеудің өзекті мәселелерін талқылау үшін Тегеранда бас қосты. Бүгін болған сындарлы пікірталас нәтижесінде мемлекет басшылары теңіз жағалауы елдерінің Каспийдегі қызметінің негізгі қырлары жөнінде ұстанымдарын жақындастырды.


Каспий өзінің минералдық, биологиялық қоры және экологиялық жүйесі бойынша бірегей теңіз. Ондағы тек көмірсутегі ресурстарының қорлары жөніндегі болжау мәліметтерінің өзі 18 миллиард тонна шамасындағы шартты отынға бағаланып отыр. Әрине, Каспий жағалауындағы бес мемлекеттің әрқайсысы теңіз айдынындағы және жағалауындағы табиғи байлықтарға өз мүддесі тұрғысынан қарайтыны сөзсіз.


Каспий жағалауы елдері он жылдан астам уақыт бойы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеуде. Бұл құжаттың маңызы меншіктік, табиғи проблемаларға, және де ең басты кезекте, энергетикалық ресурстарға байланысты болып отыр. Конвенция қабылданғанша 1921 жылғы 26 ақпандағы және 1940 жылғы 25 наурыздағы кеңестік-ирандық келісімдердің күші жалғаса береді.


Бұл құжатта теңіздегі кеме қатынасы мен балық шаруашылығына еркіндік берілген, ал жер қойнауын пайдалану және табиғатты қорғау қызметтері аталған келісімдерде реттелмеген.


2003 жылдың қарашасында Каспий жағалауы елдерінің өкілдері Каспий теңізінің қоршаған ортасын қорғау жөніндегі Негіздемелік конвенцияға (Тегеран Конвенциясы) қол қойды, ол 2006 жылдың 12-тамызында күшіне енді. Бұл бесжақты форматта қабылданған бірінші құжат. Оның негізгі мақсаты осы бірегей су қоймасының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және теңіз түбіндегі көмірсутегілік рерсурстарды игеру барысында оның табиғи байлығын қорғау болып табылады.


Сонымен бірге, Каспий жағалауындағы үш мемлекет – Ресей, Әзірбайжан, Қазақстан 2003 жылдың мамырында Каспий теңізінің түбіндегі шектесетін бөліктер туралы үшжақты Келісімге қол қойып, Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі даулы мәселелерді реттеген болатын. Аталған құжат үшжақты форматта бүкіл теңіз акваториясы қойнауының 60 пайызынан астамының құқықтық мәртебесін заңдастырды.


Қазақстан Президенті Саммиттің ашылуында сөйлеген сөзінде бірінші бесжақты Саммит 2002 жылы Ашғабадта өткенін еске салды. Сол жолы бес мемлекеттің басшылары барлық мәселелер бойынша өзара түсіністікке қол жеткізе алмағанымен, шешуді талап ететін мәселелер бойынша нақты жұмыс бағыттары айқындалған болатын.


- Осы жылдар ішінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздер үдерісінде айтарлықтай ілгерілеу байқалды. Біз осы кездесу бесжақты байланыстарды дамытуда тұрақтылықты сақтауды, экономикалық және мәдени ілгерілеулерді ынталандыруды, жемісті өзара іс-қимыл мен өзара сенімді қамтамасыз ететін жаңа кезеңдерге бастайды деп сенеміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Қазақстан Президенті басқа да халықаралық актілермен қатар Каспий жағалауы елдері ынтымақтастығының негіз қалаушы бағыттарын реттейтін басты құжат – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны жедел қабылдаудың маңызын атап өтті.


- Біз бекіре аулау квотасының қолданыстағы тетіктері бүгінгі талаптарға сай келмейді деп санаймыз, өйткені рұқсат етілген жалпы аулау көлемінің 45 пайызы Иранға, 27 пайызы Ресейге, ал қалған 28 пайызы ғана үш мемлекет Қазақстан, Түркіменстан және Әзірбайжан мемлекеттері арасында бөлініп келеді, - деді Н.Назарбаев.


Мемлекет басшысы Қазақстанның Каспий теңізі аймағында тату көршілік қарым-қатынасты қамтамасыз ету жөніндегі өзінің саясатына адал екендігін атап көрсетті. Бұған Саммиттің қорытынды декларациясындағы Қазақстанның теңіздегі сенім, қауіпсіздік және тұрақтылықты нығайту жөніндегі іргелі негіздерді бекіту туралы бастамасы дәлел болмақ.


Президент Н.Назарбаев Тегеран кездесуі елдер арасындағы достық, өзара түсіністік және өркенділік ісіне лайықты үлес қосады деген сенім білдірді.


Саммит қорытындылары бойынша Декларация қабылданды. Бұл Каспий маңындағы бес мемлекет басшылары қол қойған алғашқы құжат. Сондай-ақ бүгін Қазақстаннан Түркіменстан арқылы Иранға одан әрі Парсы шығанағына тартылатын теміржол құрылысы туралы Қазақстан-Иран-Түркіменстан бірлескен декларациясына қол қойылды.


- Біз Тегеранда серпіліс болды деп есептейміз, барлық мемлекет басшылары Каспий достық пен тұрақтылықтың теңізіне айналып, біздің елдеріміздің халықтарына қызмет етуіне мүдделестік танытты, - деді Қазақстан Президенті.


Қорытынды баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Каспий маңы мемлекеттерінің жоғары деңгейдегі кезекті саммитін 2008 жылғы қазанда Баку қаласында өткізу межеленгенін хабарлады.


Мемлекет басшысының сөйлеген сөзін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар