Жаңалықтар

19 тамыз 2005
Тамыздың 19-ында Конституциялық Кеңес Парламент Мәжілісі депутаттарының сұрау салуы негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті сайлауын өткізу мерзіміне байланысты шешімдерін жария етті.

Ата Заңымыздың 41 бабының 1-тармағы мен 94 бабының 1-тармағын талқылаған Конституциялық Кеңес ҚР Президентінің кезекті сайлауы 2005 жылғы желтоқсанның алғашқы жексенбісінде өтуі тиіс деген қорытындыға тоқталды. Ол желтоқсанның 4-іне сәйкес келеді.

 

Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс депутаттарының мемлекет басшысының кезекті сайлауына байланысты Конституциялық Кеңеске жүгінуіне жоғарыда аталған Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 1-тармағы мен 94-бабының 1-тармағы негіз болды. Өйткені, бұл баптар Президент сайлауын өткізудің екі түрлі мерзімін көрсетумен бір-біріне қайшы келіп тұрған болатын. Конституцияның 41-бабының 1-тармағына сүйенсек, кезекті Президент сайлауы биылғы жылғы желтоқсанның бірінші жексенбісінде өтуі керек. Ал 94-баптың 1-тармағына жүгінсек, Президент сайлауы 7 жылдан кейін, яғни 2006 жылдың бірінші жексенбісінде өтуі тиіс. Егер 41-баптың 1-тармағын дұрыс деп тапсақ, сайлауды қазіргі Президенттің өкілеттігі бітпей жатып өткізуге тура келеді. Ал, Президенттің өкілеттігі 2006 жылдың қаңтарының 20-сында аяқталады. 94-баптың 1-тармағын қолдансақ, қазіргі Президенттің өкілеттігі іс жүзінде 7 жыл 11 айға дейін созылып кетеді. Мінеки, шілденің 7-сінен бастап өндіріске қабылданған құжатта Конституциялық Кеңес осы мәселелерді талқылаған болатын.

 
Депутаттар сұрауы жұмысқа алынғаннан бері кеңесте Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ гуманитарлық университетінің Мемлекеттік құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі Марат Баймахановтың, заң ғылымдарының докторы, профессор Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі Зайлағи Кенжалиевтың және бірқатар сарапшылардың баяндамасы тыңдалып, талқыланды. Марат Баймаханов баяндамасында Конституцияның сөз боп отырған баптарын қолданбас бұрын, оның қайсысы қай кезде басым сипатқа ие болатындығына назар аудару керектігін айтқан болатын. Өйткені, Конституцияның 41-бабының 1-тармағы кезекті Президент сайлауының мерзімін анықтайды. Ал, 94-бап - өтпелі бап ретінде кезектен тыс, мерзімінен бұрын сайлау өткізу жағдайында қолданылады. Оның айтуынша, гәп 1999 жылғы сайлаудың мерзімінен бұрын өткізілгенінде болып отыр. «Осы сайлау Президент сайлауының дәстүрлі мерзіміне өзгеріс енгізді және келесі Президент сайлауының уақытын белгілеу мәселесін түсініксіз қалдырды. Осыған байланысты Конституцияның 94-бабының 1-тармағы мерзімінен бұрын өткізілген сайлауда сайланған Мемлекет басшысы өз өкілеттігін жаңа сайланған Президент қызметіне кіріскенге дейін жүзеге асыратынын көрсетеді», деген болатын М. Баймаханов талқылау барысында.

 
Ал, бүгінгі отырыстағы Конституциялық Кеңестің төрағасы Игорь Роговтың берген түсініктемесіне келетін болсақ, «2005 жылғы желтоқсан айында сайланған мемлекет басшысы 2006 жылғы қаңтардың 11-інде ант қабылдайды. Бұл 1999 жылғы қаңтардың 20-сында қызметіне кіріскен Мемлекет басшысының өкілеттік мерзімін қысқартпайды. Нақтылап айтатын болсақ, Конституцияның 41 бабының 1 тармағында Қазақстан Республикасы Президентінің жеті жыл мерзімге қызметіне кірісетіні емес «жеті жыл мерзімге сайланатыны» көрсетілген, деп атап өтті И. Рогов.

 
Оның түсіндіруінше, «Ата Заңымыздың 41 бабының 1 және 3 тармақтары Президент сайлауының барлық жағдайына қатысты жалпы мәндегі нормаларды қамтиды. Өз кезегінде бұл нормалар Елбасы сайлауын биылғы жылғы желтоқсанның алғашқы жексенбісінде өткізілуі тиіс екенін де белгілейді».

 
Конституциялық Кеңес төрағасының айтуынша, «ҚР Конституциясының 94-бабының 1-тармағы Президент сайлауы өткізілуге тиіс жеті жылдық мерзімін нақты көрсетпейді». «Осыған байланысты 94-баптың 1-тармағының нормалары 41-баптың 1 және 3-тармағының нормаларын өтпелі кезеңде, алдағы президент сайлауының мерзімін анықтауға байланысты туындаған жағдайда жүзеге асыруға арналғандықтан аталған нормалар жиынтық түрінде қолданылуға тиіс», деді ол. Осыған орай «2005 жылғы желтоқсанның алғашқы жексенбісінде ҚР Президентінің кезекті сайлауы өтуі тиіс», деп қаулы қабылдаған Кеңес ҚР Конституциясының 74 бабының 3 тармағына сәйкес, аталмыш қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және шағымдануға жатпайды, деген қорытындыларын жариялады.

 

Тоқтала кететін жайт, сайлау мерзімін талқылау барысындағы бір отырыста Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Владимир Фоостан “Президент сайлауы биылғы желтоқсанда өтетін болса, Орталық сайлау комиссиясында оған қажетті қаражат бар ма” деп сұраған еді. Орталық сайлау комиссиясының өкілі 2005 жылдың бюджетінен Президент сайлауына қаржы қарастырылмағанын, бірақ сайлау өткізу туралы шешім қабылдана қалса, Үкімет резервінен ақша табылатынын және сайлау өткізуге әрқашан дайын екендіктерін айтқан болатын.

 
Енді демалыстан оралған Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазақстан Республикасы Президентiнiң сайлауын тағайындайды. Конституциялық заңға сәйкес, ҚР Президенті жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде Республиканың кәмелетке толған азаматтарының жасырын дауыс беруі арқылы жеті жыл мерзімге сайланады. Елімізде соңғы Президент сайлауы 1999 жылғы қаңтардың 10-ы күні өткен болатын.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар