Жаңалықтар

6 қазан 2009
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Француз Республикасының Президенті Николя Саркозимен кездесті.
big-01

Ақордадағы ресми рәсімнен кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция Президенті Николя Саркозидің шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулері өтті.

Саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективасы талқыланды. Қазақстан мен Франция көшбасшылары сондай-ақ жаһандық және өңірлік саясаттағы өзекті проблемалар жөнінде пікір алмасты. 

Тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы саяси диалог қарқынды және сенімді сипатта екенін атап өтті. Франция өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі Қазақстанның рөлін, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды алға жылжыту жөніндегі еліміз басшылығының қызметін жоғары бағалайды. Франция сондай-ақ АӨСШК-ті, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу, ЕҚЫҰ-на төрағалық етуді қоса алғандағы Қазақстанның халықаралық бастамасын қолдайды.

Николя Саркози Астанада ЕҚЫҰ Саммитін шақыру туралы Қазақстанның бастамасын қолдады. Франция Президенті бұл форумға өзі келіп қатысатынын қадап айтты.

- Қазақстан осы өңірдегі тұрақтылықты қолдау жөнінде өте маңызды рөл атқарады. Сіздер Ауғанстандағы дағдарысты реттеуге, Иран бойынша және Ресейдегі біздің достарымызбен жаңа қатынастарды орнықтыруда бізге керексіздер, - деп атап өтті Н. Саркози. 

Парламентаралық байланыстар екіжақты қатынастардың маңызы бөлшегі болып табылады, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия жемісті жұмыс істейді, министрліктер мен ведомстволар, іскерлік топтар өкілдері мен қоғамдастық желілері бойынша тығыз байланыстар қолдауға ие.

- Франция Қазақстанның әлемдегі жетекші экономикалық серіктесінің бірі болып табылады. 2003 жылдан бері біздің тауар айналымымыз 10 еседен артық өсті, ал 2008 жылы 6,5 миллиард долларды құрады,- деді Н. Назарбаев. 

Келіссөздер барысында энергетика, атом өнеркәсібі, көлік және коммуникация, авиация және ғарыштық сала, технология трансферті салаларындағы нақты бірлескен бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жеделтету жөніндегі келісімдерге қол жеткізілді. 

Франция «Ескене – Құрық» экспорттық магистралды мұнай құбыры құрылысының жобасына қатысуға мүдделі. Бұл әлемдік рынокқа каспийлік қазақстандық мұнайды тасымалдау жүйесінің «негізгі тамыры» болып табылатын маңызды жоба.

Француздық АРЕВА компаниясының Қазақстандағы урандық отынды жинақтау өндірісіне, Өскемен титан-магний комбинаты базасында аэробустар үшін бөлшектер өндірісі жөнінде бірлескен кәсіпорын құруға қатысуы үлкен мәнге ие.

Жоғары технология саласы ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып табылады. Атап айтқанда, ғарыштық саладағы, соның ішінде жинақтау-сынау кешенін құру және ЕАДС концернімен Жерді дистанциялық зонттау жүйесі жобалары бойынша кең көлемдегі жобалар жүзеге асырылмақ. 

Сондай-ақ Франциямен қарым-қатынаста мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Францияда қазақстандық студенттер «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатыр. Жоғары оқу орындары арасындағы тікелей келісімдер аясында студенттер мен оқытушылар алмасу жүзеге асырылады.

Президенттер екіжақты келісімдердің орындалу барысын қадағалайтын «Саркози – Назарбаев» комиссиясын құруға келісті. 

Николя Саркози Астана құрылысының қарқынына ризашылығын білдірді.

- Осында келер алдында мен өзімді қажырлы және жігерлі адаммын деп ойладым. Мен Қазақстанда менен де қажырлы адамдар барын көрдім, - деді Франция Президенті.

Қазақстан-Франция қатынастарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін Франция Президенті Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапатталды. Николя Саркозиге мемлекеттік награданы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырды. 

Жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысы бойынша Президенттер тарапынан Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестік қатынастарды дамыту дайындығын айқындайтын Бірлескен келісімге қол қойылды. 

Сонымен қатар, ғарыштық кеңістікті зерттеу саласындағы, әскери және әскери-техникалық саладағы, сыбайлас жемқорлықпен күрес, азаматтық қорғаныс саласы, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, виза мәселесі, сондай-ақ инновациялық негізде экономиканың нақты секторын дамыту салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар