Жаңалықтар

3 қыркүйек 2011
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Душанбеде өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

01

02

Отырыс шағын және кең құрамдағы форматта өтті. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде атап өткендей, биылғы жыл – ТМД үшін ерекше жыл. Біздің мемлекеттеріміз Достастықтың құрылғанына 20 жыл толуын атап өтуде. 1991 жылы Астана Декларациясына - өзінің мақсатын ақтаған тарихи құжатқа қол қойылды. Декларация тәуелсіз мемлекеттердің жаңа қоғамдастығының ортақ күш біріктіруіне мүмкіндіктер туғызды.

-  Достастық өте маңызды міндетті орындады – халықаралық құқық пен егемендіктің тең қағидаттарына негізделген жаңа қарым-қатынастар орнықты. Сонымен қатар біз біздің елдеріміз арасындағы достықтың дәстүрлі қарым-қатынастарын сақтап қалдық. Достастыққа мүше мемлекеттер бәріміз үшін оңтайлы ынтымақтастықтың және жаңа геосаяси реалиядағы жеткілікті тиімділіктің формасын таба білді. Кезінде біздің ұйымды жалқау ғана сынамаған уақыт болғаны құпия емес. Достастық өз мүмкіндігін сарқыды деген көптеген пікірлер болды, оны тарату туралы мәселе айтылып қалды. Соған қарамастан, бұдан бес жыл бұрын біз сіздермен бірге Достастықты реформалау, оның органдарының қызметін жетілдіру бағытын қолға алдық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ТМД қызметінде жетіспеушіліктер, қиын мәселелер барын, алайда бірлескен жұмыста белгілі бір оң ілгерілеушіліктер бар екенін атап өтті. Нақты құжаттар қабылданды, ТМД-ны одан әрі дамытудың Тұжырымдамасы бекітіліп, іске асырылуда. 2020 дейінгі кезеңге арналған ТМД-ның экономикалық дамуының Стратегиясын орындау қамтамасыз етілуде. Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарын төмендетіп, ұлттық экономиканы тұрақтандыруға қол жеткізілді. Еркін сауда аймағы туралы Шарт жобасы аяқталу сатысында тұр.

- ТМД-ның өзекті мәселелері бойынша бірлескен шешімдерді іздестіру және үздіксіз пікірлер алмасу ғана ортақ мақсатқа жетудің баламасыз әрі едәуір тиімді жолы болып табылатына сенемін. Қазіргі жағдайда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, заманауи қауіптер мен қатерлерге бірлесіп қарсы тұруда күш-жігерімізді жұмылдыру ісінде біздің елдеріміздің өзара іс-қимылы ерекше мәнге ие, - деп атап көрсетті Президент.

Отырыстың қорытындысы бойынша ТМД аясында өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жөнінде шешім қабылданды және бірқатар бірлескен құжаттарға қол қойылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар