Жаңалықтар

11 қазан 2007
Нұрсұлтан Назарбаев:Қазақстан экономикасының беріктілік қоры өте жоғары, бізде ешқандай дағдарыстық үрдіс жоқ

Бұл туралы кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет мүшелерімен болған кеңесте мәлімдеді, кеңесте елдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қаралып, таяу болашаққа арналған міндеттер қойылды.


Кеңесте сөз сөйлеген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов үстіміздегі жылдың 9 айында экономикалық өсудің жоғары қарқыны сақталып келгенін атап өтті. Статистика жөніндегі агенттіктің мәліметтері бойынша ішкі жалпы өнімнің 2007 жылдың 8 айындағы өсімі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 10,2 %-ды құрады.


Экономиканың өсуіне барлық негізгі секторлардағы өндірістің ұлғаюы себеп болды. Негізгі капиталға инвестициялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,8%-дан астамға өсті. Сыртқы сауда айналымы 31%-ға ұлғайды. Халықтың нақты ақшалай табыстары үстіміздегі жылдың 8 айында, былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 13%-ға дерлік, нақты жалақы 20%-ға өскен.


Мемлекеттік бюджеттің кірістері болжамдарға сәйкес келіп, 1,8 триллион теңгеден астамды құрады.


1 тамызда аяқталған мүлікті жария ету жөніндегі акцияға халықтың 10%-ға жуығы қатысты, ал экономикалық айналымға тартылған мүліктің құны 850 млрд. дерлік теңгені құрады. Республика бюджетіне жария еткені үшін 60 млрд. теңгеге жуық алым түсті.


2007 жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі 8,6%-ды құрады, осыған байланысты Үкімет әкімдермен бірлесе отырып, халыққа қосымша атаулы көмек көрсету жөніндегі шаралар кешенін әзірледі.


“30 корпоративтік көшбасшы” мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленіп, ол таяу уақытта Президенттің қарауына ұсынылады.


Кәрім Мәсімов Үкіметтің таяудағы болашаққа арналған жоспарларында экономиканың бәсекеге қабілеттілігін тұрақты өсіру стратегиясын әзірлеу бар екенін атап өтті. Экономиканың ұзақ мерзімді тұрлаулы өсуін қамтамасыз ету үшін электр энергетикасын, теміржол және автомобиль көлігін, телекоммуникациялар және байланыс салаларын дамытуға байыпты көңіл бөлінетін болады.


ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Әнуар Сәйденов елдің қаржы рыногындағы ахуал туралы айтып, өзекті факторлар келесі жылдың басына қарай инфляцияны төмендете алатынымыз жайында сөз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.


Қазақстандық банктердің сырттан алған қарыздары туралы, олардың таза түріндегі көлемі (банктердің сыртқы активтерін есептемегенде 21 млрд. долларды құрайтын) үстіміздегі жылдың қыркүйегінде 23,6 млрд. долларды құрағанын, айта келіп, Ә.Сәйденов банктердің бұл міндеттемелерін өз қаражаттарымен өтей алатынын атап өтті. Қазақстандық банктердің сырттан алған қарыздарының үстіміздегі жылдың аяғына дейін өтеуді талап ететін көлемі 3,8 млрд. долларды құрайды.


Қазіргі кезде Ұлттық банктің елдің банк секторына қолдауы екі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Бұл – операциялардың бірнеше түрі бойынша қайта қаржыландырудың 9% жылдығы ставкасымен апталық мерзімге қысқа мерзімді өтімділіктерді беру және 9 қазаннан бастап банктерге деген ең төменгі резервтік талаптарды жұмсарту, мұның өзі шамамен 300 миллиард теңгені босатады.


– Бұл сыртқы міндеттемелер бойынша жауап беріп, кредиттік қызметті ұстап тұру үшін айтарлықтай үлкен сома. Ұлттық қор секілді ресурстарға қайырылатындай қазір қажеттілік жоқ, – деп атап көрсетті Ұлттық банктің басшысы.


Онымен ҚР Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі агенттіктің төрағасы Арман Дунаев келісті.


– Бүгінде екінші деңгейдегі барлық банктер өздерінің бүкіл міндеттемелерін, соның ішінде резидент еместердің алдындағы міндеттемелерін қандай да бір кідіртусіз толық мәнінде орындап отыр. Отандық банктер өз қаражаттары есебінен қайта қаржыландыру проблемаларын дербес шеше алады және қысқа мерзімді кезеңде елдің банк жүйесі жаһандық рыноктарда қалыптасқан ахуалдағы сыртқы сынақтарға тиісінше әрекет таныта алады деп санауға барлық негіздер бар, – деп атап өтті А.Дунаев.


Ол сондай-ақ қазақстандық банктер құрылысқа берген қарыздардың үлесі жиынтық қарыздар портфелінде асқынып кетпеген, ал бұл кредиттердің сапасы келісуге тұрарлықтай екенін атап көрсетті.


Кеңесте Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов өңірлерді астықпен және ұнмен қамтамасыз ете отырып, ахуалды реттеу, сондай-ақ нанның бағасы жөнінде қабылданған шаралар туралы ақпаратын жеткізді.


А.Есімов бүгінде елдің барлық өңірлерінде тұрақтандырушы қорлар құрылғанын және азық-түлік астығы өндірілмейтін өңірлерге астық пен ұнды белгіленген бағалар бойынша жеткізу туралы мәселе шешілгенін атап өтті.


– Осымен бір мезгілде баға қалыптастыру үдерістеріне бақылау шаралары күшейтілді және нан бағасы жаңа жылға дейін өспейтін болады, – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрі.


ҚР Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің төрағасы Бақытжан Сағынтаев энергия сақтау проблемаларына назар аудартты.


Президент Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың ағымдағы ахуалына баға берді.


– Қазақстан экономикасының беріктілік қоры бүгінде өте жоғары және бізде ешқандай дағдарыстық үрдіс жоқ. Біздің банктеріміз аяқтарынан нық тұр. Олар қалыптасқан жағдайдан өздері шығады, ал егер қиындықтар болса, мемлекет барынша байыпты тұрғыда оларға қолдау жасайды. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, бұл тұрғыда халық алаңдамауға тиіс. Мемлекет өзінің барлық сыртқы да, ішкі де міндеттемелерін орындайтын болады.


Президент Үкіметтің алдына бірқатар нақты міндеттер қойды.


Біріншіден, бұл – инфляциялық үдерістерді реттеу, қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған баға, тариф және әлеуметтік саясатты жүргізу.


– Азық-түлікке бағалар өспейтін болады. Үкімет бұған шаралар қабылдады. Мұндағы өте елеулі мәселе – бәсекелестік мәселесі. Қайта сатып алушылар рынокты монополиялап алған, мұның өзі бағалар артуының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Сондықтан Бәсекелестікті қорғау жөніндегі арнаулы агенттік құрылады.


Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жергілікті билік нан бағасының өсуіне жол бермегенін атап көрсетті.


– Мен барлық облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдеріне былай деймін: қазір осы проблеманы шешумен айналысу – сіздердің міндеттеріңіз. Бұл қазір басты мәселе. Азық-түліктің бағаларын төмендету және тұрақтандыру жөніндегі барлық үдерістерді басқаруды әкімдер өз мойындарына алуы тиіс. Мұнда сондай-ақ қаржы полициясының, бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитеттің, құқық қорғау органдарының белсенді жұмысы қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Сонымен бірге Президент Үкіметке халықтың әлсіз буындарын әлеуметтік қорғау жөнінде ықпалды шаралар қабылдауды тапсырды.


– 2007 жылы жергілікті бюджеттердің кірістері бойынша жоспарды асыра орындау 36 миллиард теңгеден астамды құрайды. Бұл резервтер күнделікті қажет өнімдер бағаларының өсуі жағдайларына бірінші кезекте әсер ететін халықтың әлеуметтік әлсіз буындарын, көп балалы отбасыларды, зейнеткерлерді қолдауға бағытталуы тиіс. Қолдау атаулы болуы тиіс және бұл қаражатты жұмсау үдерісі қатаң бақылауда болуы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Президент Үкіметтің, Ұлттық банктің, ҚҚА-ның алдына қойған екінші міндет – бізде экономикада болып жатқан үдерістер бойынша түсінік жұмыстарын тиімді жүргізу.


Мемлекет басшысы атап өткеніндей, БАҚ-тың үстірт ақпараты, шетелдік инвесторлармен, ірі шетелдік банктердің, қаржы институттарының талдамашыларымен жүйелі түсінік жұмыстарының жоқтығы халықаралық рейтинг агенттіктерінде ел экономикасы туралы объективті ақпараттың жетімсіздігіне, егемен рейтингтерді негізсіз төмендетуіне соқтырады.


Президент Үкіметтің назарын аудартқан үшінші міндет – қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету.


– Қабылданған шаралар туралы сіздер баян еттіңіздер. Тұтастай алғанда мен оларды қолдаймын. Банк секторындағы ахуал елеулі қауіптенушілік туғызбайды. Халықаралық қаржы рыноктарындағы ахуал отандық банктерді өздерінің кредиттік стратегияларын қайта қарауға мәжбүрлегені сөзсіз. Тұтастай алғанда бұл банктердің өздеріне пайдалы болады, – деді Мемлекет басшысы.


Сонымен қатар Президент банк жүйесінде күрделі ахуалдың туындауына жол бермейтін алдын алу шараларын қабылдау керектігін атап өтті.


– Мен Үкіметке, Ұлттық банкке, даму институттары мен Қаржы қадағалау агенттігіне 2008 жылдың бюджетінде қажет болған жағдайда банк секторына қаржылай қолдау көрсетуге 4 млрд. доллар көздеуді тапсырамын. Тұрғын үй құрылысына қаражат салған үлесшілер, шағын және орта бизнес, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының аясында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар зардап шекпеуі тиіс, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.


Төртінші міндет — электр энергетикасы мен энергия сақтауда тариф саясатын жетілдіру болып табылады.


Президент энергия және су сақтау қажеттігі туралы кең ауқымды түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Қазақстанда әлемнің индустриялық дамыған елдеріне қарағанда ІЖӨ-нің өзіндік энергия сыйымдылығы 3-4 есе жоғары екені белгілі. Төмен тарифтер саланың артта қалуы мен инвестициялардың жоқтығының себебі болып табылады, энергия сақтау технологиясын өндіру мен құрал-жабдықтарды жаңарту ынталандырылмайды.


Мемлекет басшысы біртұтас мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет деп санайтынын мәлімдеді, онда энергия сақтау жөніндегі жұмыстарды әкімшілдендіру және материалдық ынталандыру шаралары, сондай-ақ заңнамалық базаны жетілдіру көзделуі керек.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар