Жаңалықтар

4 қазан 2007
Новосібірде Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен Қазақстан және Ресей шекаралас өңірлерінің төртінші форумы болып өтті.
big-01E.jpg

Биылғы Форумды Новосібірде өткізу туралы таңдау бекер емес, Новосібір - Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербордан кейінгі ірі қаласы, өңірлік орталығы болып саналады. Бұл қала үлкен ғылыми-техникалық әлеуетке ие. Жуық арада мұндағы Академиялық қалашықта жүзден астам инновациялық компаниялар орналасатын қуатты технопарк құру жоспарланған. Аталған технопарк Қазақстанның да іскер топ өкілдерінің қызығушылығын тудырады деп көзделуді.


Новосібір ғалымдарының ғылыми жаңалықтары Новосібір және Сібірдің басқа да қалаларының өндірістік кәсіпорындарында нақты жүзеге асырылуда. Олардың үлгілері Форум аясында ашылған арнайы техникалық күзет және шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құралдар көрмесіне қойылды. Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің форумға қатысуы нақ осы көрмеден басталды.


Көрмені аралап көргеннен кейін Мемлекет басшыларының шағын құрамдағы келіссөздері өтті, онда Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігін одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.


- Бұл кездесуді «Путин-Назарбаев» экономикалық комиссиясы деп атауға болады. Менің ойымша, біз өңірлердің ынтымақтастығына көп көмектесеміз. Биылғы жылы қазақстан-ресей тауар айналымы 16 миллиард долларға жетпек. Бұл үлкен көрсеткіш және біздің қамқорлығымыз экономикадағы және гуманитарлық байланыстағы ынтымақтастыққа көмектесіп отыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Тараптар сондай-ақ осы жылдың 5-6 қазанында Душанбеде өтетін ТМД, ЕурАзЭҚ және ҰҚШҰ саммиттері қарсаңында ықпалдастық бірлестіктері мәселелері жөнінде пікір алмасты.


Қазақстан Президенті мұның алдындағы алғашқы форумның 2003 жылы Омбыда өткенін еске салды. Онда екі елдің Каспийдегі, отын-энергетикалық кешендегі, көлік, энергетика, экология, кеден және құқық салаларындағы өзара ықпалдастығын қарастыратын кең ауқымдағы мәселелер талқыланды. 2005 жылы Челябіде және былтырғы жылы Оралда өткізілген кейінгі форумдар да Қазақстан мен Ресей өзара іс-қимылының маңызды мәселелерін шешуде жетістіктерге толы болды.


Форумда сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев шекаралас өңірлер басшыларының форумын өткізу қазақстан-ресей ынтымақтастығы күн тәртібінің негізгі тармағына айналғанын айтты.


Өткен жартыжылдықта Қазақстан-Ресей тауар айналымының көлемі 7,3 миллиард долларды құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға артты. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 16 миллиард долларға жетеді деген болжам жасалуда.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар