Жаңалықтар

17 қаңтар 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
big-nurotan-1.jpg

Президенттік мәдениет орталығында өткен «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы Саяси кеңесінің отырысы Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында орын алған қайғылы оқиға кезінде қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.


Саяси кеңес мүшелері талқылаған негізгі тақырып – партияны және оның рөлін қазіргі заман талабына сай одан әрі дамыту мәселелері болды.


Форумда сөз алған Партия төрағасының орынбасары Бақытжан Жұмағұлов «Нұр Отан» ХДП «Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен қазақстандықтардың игілігі үшін: біз елдің әрбір азаматының өмірін қалай жақсартамыз» тұғырнамасын жүзеге асыру бағдарламасының жобасын Саяси кеңестің қарауына ұсынды. Үкіметтің партия тұғырнамасын орындау жөніндегі нақты шаралары туралы вице-премьер Өмірзақ Шүкеев баян етті.


Президент партия Саяси кеңесіне қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде «Нұр Отан» еліміздің барлық халқының мүддесін қорғайтын шын мәніндегі көшбасшы партияға айналып отырғанын атап көрсетті.


Президент «Нұр Отан» партиясы дамуының жаңа кезеңі басталғанын, ол Қазақстандағы жүйелі өзгерістердің басты жолсерігіне, елдегі бұқаралық саяси жұмыстың ең тиімді тетігіне айналуы тиіс екендігін атап өтті.


- «Нұр Отан» дамудың ұзақ мерзімді бағытының сабақтастығын қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ елді өркендетудің жаңа стретегиялық идеяларына серпінділік беруі тиіс, - деп атап көрсетті Президент.


Мемлекет басшысы партия аталған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін алдағы жылдары келесі жеті бағыт бойынша жұмыс атқаруға басым назар аударуы қажет екенін атап айтты.


Біріншіден, «Нұр Отан» партиясының бес жылға арналған сайлауалды тұғырнамасын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет.


Екінші басым бағыт – Парламенттегі заң шығару қызметі.


Үшінші басым бағыт партияның өңірлердегі белсенді жұмысы болуы тиіс.


Төртінші бағыт – елді жедел дамыту мақсатында қоғамды жұмылдыру.


Бесінші басым міндет – жастармен жұмыс.


Алтыншы басымдық – партияның ұйымдастырушылық, кадрлық, идеологиялық күш-жігерін жалғастыру, саяси менеджменттің заманауи моделдерін енгізу.


Және жетінші басымдық – партияның ұлтаралық келісімді нығайту жұмыстарына қатысуы.


Мемлекет басшысы партия жұмысы алдағы уақыттарда осы аталған жеті бағыттың төңірегінде жүргізілуі тиіс екендігін атап өтті.


- Өркен жайған әрі қуатты Қазақстан – біз бастаған өзгерістердің түпкі мәні мен мақсаты болмақ. Еліміздің қадамы нықталып, қарымы кеңейгенін, халықаралық беделінің артқанын көргенде мен үлкен мақтаныш сезіміне бөленемін. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы маңызды рөл атқаруда, - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


Президенттің сөйлеген сөзін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар