Жаңалықтар

21 тамыз 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аяқталды

Елбасы сапарының екінші күні «ЗИКСТО» зауытын аралап көруден басталды. Бұл кәсіпорынның негізгі қызметі вагондарға күрделі жөндеу жүргізу мен дөңгелектер шығару және оларды жөндеуден өткізу болып табылады.


Қазіргі таңда зауыт базасында екі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар: «Қолданыстағы өндірістік алаңдарда жаңа жүк вагондарын құрастырудың қуаттылығын еселеу» және «Камаз» автомобиль техникасының тораптары мен бөлшектерін жинақтау».


Содан кейін Мемлекет басшысы «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.


Салтанатты рәсімге жиналғандар алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев әр елдің шежіресінде есімі ұмытылмас тұлғалары барын атап өтті. Соның ішінде, жоңғар шапқыншылығы тұсында қазақ халқын құрып кетуден сақтап қалған Абылай ханның орны бөлек.


Н.Ә.Назарбаев жаңартылған кешен қазақ халқының тарихы мен мәдениетін тереңірек тануға жәрдемін тигізеді деген пікір білдірді. Қайта жаңғыртылған ғимаратқа Абылай хан өмірі мен қызметінен сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Мұнда тарихи құжаттар мен 18 ғасырдың құнды экспонаттары орналастырылған. Мұражай кешеніне осында орнатылған «Абылай хан» ескерткіші ерекше көрік қосып тұр. Кешеннің жалпы аумағы бір гектардан астам жерді алып жатыр.


Мемлекет басшысы сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының активімен кездесті, онда Елбасы осы өңірдің ағымдағы жылдың жеті айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы облыс әкімі Серік Біләловтың есебін тыңдады.


Президент облыс басшылығының алдына инфляцияны тоқтатуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарын қолдауға бағытталған міндеттер қойды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар