Жаңалықтар

2 қыркүйек 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапары жалғасуда.
01

Президенттің жұмыс сапарының екінші күнгі бағдарламасы қаланың орталығындағы жаңа жабық теннис кортын аралаудан басталды. Қазақстандық теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Мемлекет басшысына халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Қызылорда қаласындағы ірі теннис орталығын құру туралы, сондай-ақ елімізде теннис спортын дамытудың келешегі мен жай-күйі жайында баяндап берді. Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасы бойынша теннис спортын дамыту стратегиясы іске асырылуда. Соның нәтижесінде Астана, Павлодар, Ақтөбе, Өскемен, Қызылорда, Шымкент қалаларында ірі теннис орталықтары пайдалануға берілді. Теннис орталығын аралау барысында Президент жаңа корттың сапасын өзі сынақтан өткізіп, Қызылорданың жас теннисшілеріне теннис бойынша мастер-класс көрсетті.

- Мен де үлкен теннис ойнаймын. Сөйтіп салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану қажеттігі жөнінде жастарға өзім үлгі көрсетіп келемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Теннис орталығының құрылысы мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында облыс әкімдігі мен «Саутс Ойл» компаниясы арасындағы меморандумға сәйкес салынған. Нысанның құны 300 млн. теңгені құрайды. Теннис орталығы республикалық жарыстарды өткізу жөніндегі регламентке және Халықаралық теннис федерациясының жаттығу үдерісін өткізу стандарттарына сәйкес келеді. Қазақстан Республикасы деңгейінде Халықаралық теннис федерациясының стандарттарына сәйкес жарыстар өткізу және жаттығу үдерістерін өткізу үшін қажетті деңгеймен қамтамасыз етілген. Орталық Қызылорда облысында теннис инфрақұрылымының негізгі нысаны ретінде қарастырылған. Теннис залы 80 адамдық көрермендер орнымен және жарыстар өткізу кезінде 200-ге дейін көрермен тамашалайтын орындары бар трибунамен жабдықталған.

Нұрсұлтан Назарбаев Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда болып, Олимпиада чемпионы Ильия Ильин мен қазақша күрестен «Қазақстан барысы» атағының иегері Ұлан Рысқұл бастаған Қызылорда облысының спортшыларымен кездесті.

- Мемлекет жастар спортпен шұғылданулары үшін барлық жағдайды жасауда. Мұндай Қызылордада қашан болып еді? Мен 2001 жылы келгенде бұл стадион қирап жатқан еді, ал қазір мұнда спортпен айналысып, көгалдағы хоккей ойнауға болады, төңірегінде теннис корты бар, келешекте мұз сарайы салынады. Жастар спортқа осылайша бет бұрады. Мысалы, Ильия Ильин - Олимпиада чемпионы, қазақша күрестен – Ұлан Рысқұл бар, - деп атап өтті Президент.

2010 жылы «Жол картасы» аясында орталық стадионға күрделі жөндеу жүргізілді. Жұмыстар барысында 6300 м2 заманауи үлгіде жүгіруге арналған жол жасалып, жабық футбол алаңы жаңартылды.

Одан кейін қаланың орталық алаңында жоспарланбаған жағдайда «Ұланымыз ұлы елдің» атты акцияға облыс мектептерінің 3 мыңнан астам оқушысы қатысқан, «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігін таныстыру рәсімі болып өтті. «Жас ұлан» бірлестігінің жоғарғы буынына 10-16 жас аралығындағы білім мекемелерінің оқушылары, ал «Жас қыран» кіші буынына 6-9 жас аралығындағы білім мекемелерінің оқушылары, яғни тәртіпті және оқу үлгерімі жақсы оқушылар мүше болып табылады.

Президент жас қызылордалықтарға арнап сөз сөйледі.

- Жастар бірігулері тиіс. Олар өздерінің патриоттық сезімдерін жетілдіре түсулері керек. Болашақта тек жастар елді алға бастайтын болады. Бізге күллі әлемге Қазақстанның атын мақтаныш сезіммен және асқақ алып жүретін білімді азаматтар қажет. Қазір бәсекеге қабілеттілік - білімде. Сондықтан сіздердің басты міндеттеріңіз – сапалы да терең білім алып шығу, - деп атап өтті Мемлект басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Мемлекет басшысы темір жолдың үсті арқылы өтетін көлікке арналған жаңа жол айрығында болды. Өткел құрылысының жалпы сметалық құны – 1 млрд. 642 млн. теңге. Көпірдің ұзындығы – 887 м. Көпір арқылы тәулігіне 12 жарым мың көлік өтетін болады. Қызылорда қаласындағы аталған жол айрығы арқылы  автокөлік қозғалысын өткізу жылдамдығы артады, сондай-ақ қауіпсіздікті күшейту және темір жолдарды пайдалануда қалыпты жағдайға мүмкіндік ашылады. Сонымен қатар, тұрғындардың қала мен қалаға іргелес елді мекендермен үздіксіз жыл бойына автокөліктік байланысы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ транзиттік автокөліктерге қолайлы жағдай туады.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Сырдария өзені бойындағы мәдени ойын-сауық кешенінде болды. Жобаның жалпы құны – 2,1 млрд. теңге, 35,2 млн. теңге облыстық бюджеттен бөлінген. Қалалық жағажай бойында салынып, пайдалануға берілген кешеннің нысандары қатарына мейрамхана ғимараты, декоравтивтік субұрқақ, жасанды сарқырама, демалуға арналған алаңдар, қайықтар мен катамарандар үшін арнайы орындар жатады. Қалалық жағажай аумағында декоративтік ағаштар мен талдар отырғызылып, декоративтік ресімдеу және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген, сондай-ақ көгал алаңды бөліп, гүлдер отырғызылған.

Кешенді аралау барысында Мемлекет басшысы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан облыстағы инвестициялық жобалардың көрмесімен танысты. Облыста барлығы жалпы құны 267,5 млрд.теңгені құрайтын 138 жоба іске асырылуда, осы ретте 9707 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. 2010 жылы сомасы 33 млрд. теңге болатын 27 жоба іске асырылды, 938 жұмыс орны ашылды. Индустриялық карта аясындағысы – 11 жоба. 2011 жылы сомасы 56,5 млрд. теңгені құрайтын 33 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жаңа жұмыс орындарының саны – 1129. Жүзеге асырылып жатқан жобаның 9-ы Индустриялық карта аясында қолға алынған. Жыл басынан бері 11 жоба (оның 4-еуі Индустриялық карта аясында) жүзеге асырылды. 2013 жылға дейін жалпы құны 178 млрд. теңгені құрайтын 78 жобаны іске асыру жоспарлануда, осы ретте жаңадан ашылатын жұмыс орнының саны - 7640.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар