Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

30 қыркүйек 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді.

Павлодарда Елбасы облыстық мәслихаттың сессиясына қатысты. Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкімі қызметіне тағайындау үшін Бақытжан Сағынтаевтың кандидатурасын депутаттардың қарауына ұсынды.


IV шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар Павлодар облысының әкімі лауазымына Бақытжан Сағынтаевты тағайындауға келісімін берді.


Сол күні Президент облыс активіне өңірдің жаңа басшысын таныстырды.


Кеңесте сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Павлодар облысының серпінді дамып отырғанын атап өтті. Қазақстанда өндірілетін барлық электр энергиясының 41 пайызы осы өңірдің үлесіне тиесілі. Еліміздің ірі мемлекеттік холдингтері мен жеке инвесторларының қатысуымен бірқатар озық жобалар жүзеге асырыла бастаған.


Нұрсұлтан Назарбаев облыстың жаңа басшылығының алдына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, атап айтқанда, отын-энергетикалық кешенді, өнеркәсіпті, сондай-ақ шағын бизнесті өркендету жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар қойды.


Түстен кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Павлодарэнерго» ЖЭО-3 АҚ-ында болды. Электр станциясы жабдықтарының техникалық тозығы жетуіне байланысты мұнда екі жыл бұрын қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Сондай-ақ қазіргі кезде өндіріс орнының жалпы қуаттылығын 440 МВт-тан 550 МРт-қа арттыруға мүмкіндік беретін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.


Осында Мемлекет басшысы еліміздің электр энергетикалық кешенін дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді.


Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан бүгіннің өзінде электр энергиясы тапшылығын тартып отырғанын атап өтті. Бұл мәселелер бірнеше мәрте Үкіметте қаралған болатын. Алайда, ахуал күрделі күйінде қалып отыр.


Мемлекет басшысы кеңеске қатысушылардың назарын елдің энергетикалық кешенін алдағы жылу маусымына дайындау, энергия көздерінің бағасын қалыптастыру, Балқаш ЖЭС-інің құрылысын, Қазақстанның оңтүстігін энергетикалық қамтамасыз ету проблемасын шешуді жеделдету мәселелеріне аудартты.


Сондай-ақ, Мемлекет басшысы саланы реттеудің жаңа тарифтік жүйесін енгізу және елдің электр энергетикалық желісін дамыту жөніндегі жобаларды жедел іске асыру міндетін қойды. Атап айтқанда «Солтүстік-Ақтөбе», «Солтүстік-Оңтүстік» электр желілері ағымдағы жылдың аяғына дейін іске қосылып, ал АЛМА қосалқы станциясының құрылысы келесі жылы басталуы тиіс.


Нұрсұлтан Назарбаев энергия тапшылығы еліміздің оңтүстік өңірлерінің экономикалық өсуін тежейтін факторлардың біріне айналып отырғанын атап көрсетті. Осы қалыптасқан жағдайдан шығудың бірден-бір амалы энергияны сақтау болып табылады.


- Үкіметке осы жылдың 20 желтоқсанына дейін облыстағы энергияны сақтаудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.


Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның Киото хаттамасына қосылуын жеделдету міндетін қойды.


Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы ел Үкіметіне, «Самұрық» холдингі мен KEGOC АҚ-ының басшыларына елдің энергетикалық кешенін одан әрі дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Сол күні Елбасы Достық үйінің ашылу салтанатына қатысты.


- Сіздерді, жаңа Достық үйінің ашылуымен құттықтаймын! Достық деген мәні үлкен сөз, біз әрқашанда достықты қадірлеген елміз, осы ұғым аясында өркендедік, еліміздің бүгінгі ұрпағы да осы қасиетті ұғымды қастерлеп өссін,– деді Елбасы.


Жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді құрайтын төрт қабатты ғимаратта Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының мәжіліс залы, 350 орындық концерт залы, компьютерлік сыныптар, мультимедиялық бөлмелер, дәмхана, хореографиялық залы бар. Мұнда 20 ұлттық-мәдени орталық, тілдерді оқыту орталықтары, облыстық «Қазақ тілі» қоғамы, мұражай, кітапхана және Ұлттық жаңғыру мектебі орналасқан.


Мемлекет басшысы лингафон кабинетін, мультимедиялық сыныптар мен тілдерді оқыту орталығын аралап көрді, сондай-ақ облыстағы ұлттық-мәдени орталықтардың және діни бірлестіктердің басшыларымен кездесті.


Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық-мәдени орталықтар шығармашылық ұжымдары республикалық фестивалінің «Достықтың дархан ұясы» атты концертін тамашалады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар