Жаңалықтар

4 қазан 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді.

 

Елбасы «Испат Кармет» АҚ-ның Ақтаудағы түрлі мұнай құбырларын шығаратын зауытының ашылу рәсіміне қатысты.

- Біз бүгін үлкен диаметрлі мұнай құбырлары түрлерін шығаратын республикадағы тұңғыш кәсіпорынды ашып отырмыз. Республика экономикасының осы өнімге деген сұранысы ерекше. Тек «ҚазМұнайГаз»-дың өзіне ғана жарты миллион тонна осындай құбырлар қажет. Осы кезге дейін Қазақстан кәсіпорындары үшін бұл өнімді жеткізіп берушілер Украина мен Ресей болып табылады. Мемлекет сіздердің кәсіпорынды еркін экономикалық аймақтың аумағына орналастыру арқылы оған салықтық және кедендік жеңілдіктер жасап отыр. Зауыт республиканың әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруі жөніндегі мақсатқа қол жеткізуіне жәрдемдесе отырып, Қазақстан экономикасы жүйесіндегі тағы да бір маңызды буынға айналады, деп үміттенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев зауыттың ашылуы кезінде сөйлеген сөзінде.   

Зауыт құрылысы 2003 жылы басталған болатын. Жобаны іске асыру аяқталған соң халықаралық стандарттарға сәйкес төменгі және жоғары қысымдағы шиыршықты-жіктік мұнай құбыры түрлерін шығару жоспарланып отыр. Зауыттың қуаты жылына 60 мың тонна болат құбыр шығаратын болады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ақтау шыны-талшықты құбыр зауыты» (АШҚЗ) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды, онда кәсіпорынның өндіріс үдерісімен және дайын өнім үлгілерімен танысты.

Зауыттың алғашқы кезегі – 2004 жылы, екінші кезегі – 2005 жылы іске қосылды. Зауыттың қуаты – түрлі диаметрлі полиэфирлі және эпоксидті негіздегі 250 мың метр шыны-талшықты құбыр. Кәсіпорынның өнімі API, ISO-9001 халықаралық стандарттарына сай келеді.

Президент сондай-ақ, ағымдағы жылдың тамыз айында жұмыс істей бастаған жаңа «ҚазАзот» ЖШС кәсіпорнының тұсаукесерінде болды. Зауыт өндіретін минералдық тыңайтқыштар мен өзге де химиялық өнімдер Қытайға, ТМД, ЕО елдеріне және басқа да елдерге экспортқа шығарылады.  


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар