Жаңалықтар

14 мамыр 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Отан» жастар қанатының алғашқы съезіне қатысты.
big-02.jpg

- Бүгін еліміздің белсенді, күш-жігері тасыған жастары бас қосып, туған Отанымыздың болашағына деген салиқалы көзқарастарын ортаға салуға жиналып отыр. Сіздердің бұл қадамдарыңыз мені ерекше қанаттандырады. Өйткені «Жас Отан» бүгінде жастықтың, азаматтық белсенділіктің, сындарлы ой-пікірдің орталығы десем қателеспеймін. «Жасотандықтар» – еліміздің ең белді саяси партиясы «Нұр Отанның» берік тұғыры ғана емес, менің жас көмекшілерім, серіктестерім, - деп атап өтті Елбасы өзінің сөйлеген сөзінде.


Елбасы мемлекет жастардың негізгі төрт құқығын жүзеге асыру үшін барынша жағдай жасауға тиіс екендігін атап өтті. Олар: жастарға кәсіби білім беру, тұрақты жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, салауатты өмір салтын енгізу үшін жағдай жасау.


- Үкіметке осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жастар саясатының тұтастығын қалыптастыру жөнінде және жоғарыда аталған төрт бағытты жүзеге асыру бойынша ұсыныстар топтамасын әзірлеуді тапсырамын, - деді Н.Назарбаев.


Мемлекет басшысы жастар проблематикасының стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, ел Президенті жанынан Жастар саясаты жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданғанын жария етті. Аталған Кеңес жастар саясатын үйлестіріп, жастар ортасында қалыптасқан ахуалды талдайтын және ел басшылығына нақты ұсынымдар әзірлейтін болады.


Мемлекет басшысы жастар бірлестіктерінің өздерінің азаматтық ұстанымдары мен күш-жігеріне көп нәрсе байланысты екендігін атап өтті. «Жас Отан» жастарды әлеуметтердірудің басты тетіктерінің біріне айнала отырып, жас ұрпақтың бойында қазіргі заманғы құндылықтарды қалыптастыру арқылы жалпыұлттық сипаттағы аса маңызды мақсаттарды өз мойнына ала алады.


Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев партия мен «Жас Отан» жастар қанатының қызметіндегі бірқатар басым міндеттерді айқындап берді. Атап айтқанда, «Жас Отан» патриоттық құндылықтар мен ілгерілеу мақсаттары негізінде ел жастарын топтастыруы, салауатты ұлт қалыптастыру идеясының белсенді бастамашысына айналуы тиіс, «Ауыл жастары» жалпыұлттық бастамасын әзірлеп, жүзеге асыруы, мемлекеттік басқару, бизнес жүйесінде және қоғамдық қызмет саласында жұмыс істейтін заманауи әрі тиімді басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруы қажет.


- Егемен еліміздің тұлымды ұлы, бұрымды қызы деп сіздер үшін барлық жағдай жасалды. Ертеңгі күні қадірлі Қазақстаным, деген қасиетті ұғым әрқайсыңыздың кеуделеріңізде атой салып жатуы тиіс. Тәуелсіздіктің қыран қанат көк туын әлемнің әр түкпірінде жүрсеңіздер де шырқау биікте ұстап өтулеріңіз парыз, - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінқараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар