Жаңалықтар

21 сәуір 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президент Өкімімен еліміздің ұлттық университеттерінің басшылығы қызметіне тағайындалған ректорларды қабылдады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес тұңғыш рет Президент Өкімімен еліміздің ұлттық университеттері мен академияларының ректорлары тағайындалды:


Бақытжан Турсынұлы Жұмағұлов – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры;


Бақытжан Жарылқасымұлы Әбдірайымов – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры болып тағайындалды және ол Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Өкілдігінің басшысы қызметінен босатылды;


Серік Жайлауұлы Пірәлиев – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры болып тағайындалды және ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылды;


Тілектес Исабайұлы Есполов – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры;


Жәния Яхияқызы Әубәкірова – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры;


Айман Қожабекқызы Мұсақожаева – Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры;

Арыстанбек Мұхамедиұлы Әлиев – Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры;


Айқан Ақанұлы Ақанов – С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры болып тағайындалды.


Жаңадан тағайындалған ректорлармен кездесу барысында Президент бұл жоғары оқу орындарының белгілі бір артықшылықтарға ие екендігіне ерекше тоқталып өтті. Бұл жоғары оқу орындары – қаржыландыру, профессорлық-оқытушылық құрамының айлықтарының жоғарылығымен, сондай-ақ жоғары білімді мамандарды дайындауға бөлінетін мемлекеттік тапсырысты бөлудегі басымдыққа ие. Сондықтан да ұлттық оқу орындары еліміз көлемінде тиісті қайтарымды қамтамасыз етулері шарт.


Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ұлттық оқу орындары оқу процесінің сапасын, өз рейтингтері мен қазақстандық білім берудің беделін артырулары қажеттілігін атап өтті.


- 2007 жылғы Қазақстанның алдыңғы қатарлы 60 жоғары оқу орынында өткізілген рейтингінің нәтижесіне сәйкес кейбір ұлттық оқу орындары бірінші ондыққа енбей де қалды, - деп атап өтті Н.Назарбаев.


Мемлекет басшысы ректорлар алдына ұлттық жоғары оқу орындарының бәсекелестік басымдықтарын дамыту міндетін қойды.


- Жақында мен КИМЭП-те болдым. Бұл институт студенттерінің 95 пайызы жоғары курстарда Қазақстанның алыңғы қатарлы компанияларынан жұмысқа шақыру алады. Осындай көрсеткіштер алдағы уақытта сіздердің оқу орындарында да болады деп сенемін, - деді Н.Назарбаев.


Президент ғылым мен білімнің ықпалдастығына ерекше назар аударды. Мәселен, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының жанынан инженерлік профильдегі 10 зертхана ашылса, алдағы уақытта олардың қатарына тағы да 5 зертхана қосылмақ. Зертханалар үшін заманауи құрал-жабдықтар сатылып алынды. Алайда осы уақытқа дейін осы құрал-жабдықтар не оқу процесінде, не ғылыми зерттеулер барысында қолданылмаған.


Ректорлар қызметінің маңызды бағытының бірі ретінде Президент жоғары оқу орындарындағы парақорлыққа қарсы күресті атап көрсетті:

- Бұл зиянды құбылыс. Жас кезінен бұл құбылысты көріп өскен жастардан кімді тәрбиелеп шығаруға болады? Мен сіздерден жоғары оқу орындарында жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жүргізуді талап етемін, - деді Н.Назарбаев.


Аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық мәселе ретінде Мемлекет басшысы студент жастармен жұмысты атап өтті.


- Сіздердің басты мақсаттарыңыз – сапалы білім беру және біздің қарқынды дамып келе жатқан экономикамызға аса білікті мамандарды дайындап шығару, өсіп келе жатқан жастарды патриотизм мен туған Отанына қызмет ету рухында тәрбиелеп шығару, - деді Президент.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар