Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

17 қыркүйек 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді.
small-01.завод ПОjpg

Президент «Екібастұз 1150» қосалқы стансасында 500 кВ-ты «Қазақстанның Солтүстік – Оңтүстік» өңіраралық жоғары вольтты электр тарату желісін пайдалануға беруге арналған салтанатты іске қосу рәсімі өткен Екібастұз қаласында болды. 

Рәсім барысында «KEGOC» АҚ-ның Алматы және Шымкенттегі өңірлік диспетчерлік орталықтарымен телекөпір ұйымдастырылды. Интерактивтік байланыс кезінде өңірлік диспетчерлер Мемлекет басшысына жаңа энергиялық жүйенің жұмысы туралы баяндады. 

Президент «KEGOC» АҚ-ның басшылығы мен ұжымын, барша қазақстандықтарды маңызды жобаның табысты аяқталуымен құттықтады. 

- Бұл үлкен жеңіс, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. 

Мемлекет басшысы бұл инфрақұрылымдық жоба еліміздің электр энергетикасын дамытуға бағытталғанын атап өтті. «Қазақстанның Солтүстік – Оңтүстік» желісі еліміздің орталық және оңтүстік өңірлеріне электр энергиясының екі есе артық жеткізілімін қамтамасыз етеді. Ұлттық электр желісін қалыптастырудың қауіпсіздігі артады. Еліміздің бірқатар облыстарындағы энергия жетіспеушілік проблемасы шешімін табатын болады. 

Президенттің тапсырмасы бойынша электр тарату желісінің құрылысы кезінде оған отандық компаниялар, қазақстандық материалдар мен жабдықтар кең көлемде тартылғанын үлгі етуге тұрарлық жәйт.

Жиын барысында энергетика ардагері Борис Киричек электр тарату желісін іске қосу «Екібастұз 1150» қосалқы стансасында жүзеге асырылғанына назар аударды. Өйткені 1979 жылы оның құрылысын бастау рәсіміне Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан еді. 

Әулетінен энергетик Андрей Рассоха барлық жұмысшылар атынан Мемлекет басшысына электр энегретикасын дамыту мәселесіне көңіл аударғаны үшін алғыс айтты. 

- Біз, Екібастұз энергетиктері, Сізге сенеміз және жақсы көреміз, - деді А. Рассоха. 

Одан кейін Президент «Макси молл» сауда орталығында болды. Бұл Екібастұзда шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасының нәтижесінде тұрғызылған нысандардың бірі. 

Орталықтың жалпы аумағы 12 мыңға жуық шаршы метрді құрайды. Кешен құрамында супермаркет, банк бөлімдері, сауда орындары, мейрамханалар бар. Орталық жұмысының басталуымен 500ден астам қосымша жұмыс орны ашылды. 

Екібастұзда Мемлекет басшысы «Қайнар» білім беру-демалыс кешенімен танысты. Оның құрамына 36 шығармашылық бірлектік, 14 аула клубы, «Балдәурен» балалар мен жасөспірімдер ұйымы кіреді. Мұнда балалардың шығармашылық қабілетін дамыту, олардың кәсіби жағынан өзін-өзі тануы үшін барлық жағдай жасалған. 

Мемлекет басшысы балалар шығармашылығы көрмесінің экспонаттарымен танысып, скалодромды көрді. Балалардың шығармашылық ұжымы Президентке арнап шағын концерт қойды.

Одан кейін білім беру-демалыс кешенінің сарайында Президенттің қаланың жұртшылық өкілдерімен бейресми жүздесуі өтті. Екібастұздықтар Нұрсұлтан Назарбаевқа қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаты үшін алғыс айтты.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар