Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

10 сәуір 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттарын қабылдады.

Депутаттар Владимир Бобров, Жақсылық Досқалиев, Гүлмира Есімбаева және Рауан Шаекин Президентке Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға бағытталған заң шығару жұмысы туралы айтып берді.


Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрағасы Ж.Досқалиев әлеуметтік салаға арналған бюджет шығындарының өскенін атап өтті. Мәселен, 2004 жылы денсаулық сақтауды қаржыландыру 131 миллиард теңге болса, бюджетте үстіміздегі жылы осы мақсаттарға 391 миллиард теңге көзделген.


– Біз жуырда өңірлерде болдық, адамдар ризашылық танытып, Сізге зор алғыс сезімін білдіруде, – деді Ж.Досқалиев.


Мемлекет басшысы қазақстандық медицинаның негізгі міндеттері адамдардың өмірін ұзарту және өлімді азайту болып табылатынын атап өтті. Халықтың барынша жоғары өліміне себеп болған әлеуметтік аурулардың бес тобына күшті шоғырландыру керек. Бұлар – жүрек-қан тамырлары ауруы, инфекциялар, жарақаттанушылық, онкология, бала мен ана өлімі.


Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында емдеу мекемелерінің осы заманғы медициналық құрал-жабдықтармен жарақтануын жақсарту, халықтың жекелеген топтарына тегін берілетін дәрі-дәрмектер тізімін кеңейту, 156 денсаулық сақтау нысанын, соның ішінде 144-ін ауылда салу көзделген.


– Бұл орасан зор қолдау. Осы қаражат қалай пайдаланылатыны депутаттардың бақылауында болуы тиіс, – деді Н.Назарбаев.


Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің мүшесі Г.Есімбаева Қазақстанның білім беру жүйесінің ахуалын талқылауды ұсынды.


– Орта білім беруде шешуші тұлға мұғалім болып табылады. Педагогтардың еңбекақы жүйесі бұрынғысынша жоспарлы экономика қағидаттарына негізделген деп санаймын. Біз Үкіметке оны нарықтық экономикаға бейімдеу, түпкі нәтижеге бағдарлау жөнінде ұсыныс енгіздік, – деді ол.


Президент жалақы қоры еңбектің сапасы мен мәніне қарай сәйкестендіріле пайдалануға тиіс екендігімен келісті.


– Қазақстанда қазір әкімшілік реформа жүріп жатыр, ол мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы жұмыс сапасына тәуелді болуын көздейді. Мұндай көзқарас медицинада да, білім беруде де болуы керек, – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


Депутат Рауан Шаекин ӘКК-ні дамыту туралы бірқатар мәселе көтерді. Қазір Қазақстанның жеті макроөңірінде жеті ӘКК – “Сарыарқа”, “Жетісу”, “Ертіс”, “Оңтүстік”, “Каспий”, “Тобыл” және “Батыс” құрылған.


Р.Шаекин ӘКК туралы заңда құрылуына жекеменшік капитал тартылатын кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық формаларын анықтауға, кәсіпорын қалыптасқаннан кейін мемлекеттік үлесті жекешелендіруге қатысты нормалар әзірленуі тиіс деген пікір айтты.


– Бұл жаңа идея. ӘКК ТМД-ның бірде-бір елінде жоқ. ӘКК-нің міндеті – мемлекеттік және жекеменшік секторларды топтастыру жолымен өңірлердің экономикалық дамуына жәрдемдесу. ӘКК бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған экономика құру, активтерді басқару, жергілікті бизнесті әлеуметтік маңызды нысандарға тарту және алынатын пайданы әлеуметтік міндеттерді шешуге бағыттау үшін құрылған, – деді Н.Назарбаев.


Елбасы құрылған барлық өндірістерде корпорациялар ие акциялар 49 пайыздан артық болмайтынын түсіндірді. Белгілі бір кезеңде кәсіпорын іске қосылған соң және пайда алынғаннан кейін акциялардың мемпакеті қор рыногында немесе конкурстарда сатылуы тиіс.


Депутат В.Бобров Мемлекет басшысына жуырда Павлодар облысында болғаны туралы айтты.


– Өңір кәсіпкерлерінің арасында шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізу туралы Сіздің нұсқауыңыз зор құлшыныс туғызды, – деді депутат.


Павлодар кәсіпкерлері салық ауыртпалығын экономиканың нақты секторында қайта бөлуді көздейтін жаңа Салық кодексіне зор үміт артады.


В.Бобров патент негізінде жұмыс істейтін дербес кәсіпкерлер үшін жылдық айналым көлемін ұлғайтуды жақтаған пікір айтты. Қазіргі кезде олар жылына 2 миллион теңгеден артық табыс табуға тиіс емес.


Нұрсұлтан Назарбаев қазір Үкімет бұл мәселені қарастырып жатқанын айтты. Дербес кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың патент бойынша жұмыс істеп, 7 жалдамалы қызметкері болуы, бұл ретте олардың жылдық табысы 12 миллион теңгеден аспауы көзделуде.


Президент сондай-ақ табыс салығын сәйкестендіру, “артық ысырапшылдыққа” салық деп аталатынды енгізу мәселесі зерттеліп жатқанын айтты.


– Артық ысырапшылдық заттарына, элиталық жылжымайтын мүлікке, қымбат автомобильдерге жанама салықтар енгізіп, шағын бизнес үшін тікелей салықты азайту керек. Әлбетте, біз мемлекеттік қайта қалпына келмейтін жер қойнауына салықты кеміте алмаймыз, – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


Президент егжей-тегжейлі әңгіме үшін депутаттарға алғыс айтты.

– Сіздер “Нұр Отан” партиясы ұсынғандар болып табыласыздар. Қазір менің Жолдауымды іске асыру жөнінде ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Меморгандардың бақылауында 149 тапсырма тұр. Үстіміздегі жылы Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес біздің алдымызда тұрған міндеттерді жүзеге асыруға қажетті 19 заңды қабылдау көзделген. “Нұр Отан” партиясының, депутаттық корпустың міндеті – адамдардың тұрмысын жақсарту жөнінде тұрақты жұмыс істеу, – деді Мемлекет басшысы.


Президент жаһандық қаржы дағдарысы Қазақстан экономикасына да ықпал етіп отырғанын атап өтті. Қазақстан Үкіметінің таяудағы бір-екі жылға басты міндеті инфляцияның өсуін ауыздықтау болып табылады. Бізге экономиканың өсу қарқынын киелі санау жөн болмайды.


– Халықтың әлеуметтік жағдайы ешқандай да нашарламайды. Үкімет мұнай экспортына алым енгізді. Осы арқылы әлеуметтік қажеттерге арналған 170 миллиард теңге толығады. Сондай-ақ тұрғын үйден, денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінен, индустриялық-инновациялық жобалардан басқа бірқатар нысандардың құрылысын тоқтата тұрып, тағы 100 миллиард теңгеге жуық үнемдеуге болады. Осылайша, Ұлттық қорға тиіспестен, біз әлемдік қаржы дағдарысының ықпалын еңсере аламыз, – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар