Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

7 сәуір 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Көксарай су реттегішінің құрылысы мәселесі жөнінде кеңес өткізді

Бүгін Үкімет үйінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің оңтүстігінде Көксарай су қоймасын салу мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткізді.


Аталған су реттегіш нысанның құрылысын салу мәселесі бірнеше жыл қатарынан көтеріліп отырғаны белгілі. Таяуда Қазақстан Үкіметі Көксарай мәселесін жан-жақты қарастырып, осы жобаны жедел іске асыру қажеттігін айтқан болатын.


Үкіметтің бұл шешімі еліміз аймақтарының бірінің жұртшылығы мен басшылығы тарапынан толық қолдау таппағанына байланысты Президент осы мәселені түбегейлі шешуге және жобаны жақтайтын және қарсы қойылатын дәлелдерді талдауға жеке өзі қатысты.


Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Премьер-Министрдің орынбасары Өмірзақ Шүкеев, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Су ресурстары жөніндегі комитеттің төрағасы Анатолий Рябцев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімов, «Қазгипроводхоз» институтының директоры Леонид Дмитриев, «ЕвроконсальтМоттМакдональд» компаниясының «Сырдарияның өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы бойынша топ жетекшісі Яков Йохан (Нидерланды) Президентке Сырдария өзенінде Көксарай су реттегішін салу проблемасын зерттеуші жұмыс тобы жасаған дәлелдер жөнінде баяндап берді.


Олардың айтқандарынан мынадай көрініс қалыптасады.


1993 жылдан бастап Қырғызстан Тоқтағұл су қоймасының жұмысын “энергетикалық режімге” көшірді, мұның өзі Сырдария өзеніне судың мүлдем әрқилы келуін туындатты. Қыста жіберілетін судың орта есеппен 2,5 есе ұлғаюы көктемгі су тасқынына және Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы елді мекендердің су астында қалуына соқтырады, биылғы жылы дәл осылай болды.


Бұған қоса Өзбекстан соңғы жылдары Арнасай су қоймасына судың келу көлемін қысқартты, осыған байланысты Арнасай Қырғызстан аумағынан жіберілетін судың артық бөлігін қабылдайтын қарсы реттегіш функциясын қажетті көлемде орындамайды. Соның салдарынан Қазақстан аумағында орналасқан Шардара су қоймасы Сырдариядан келетін су ағынын еңсере алмайды.


Кеңесте жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше елді мекендерін су басып, содан 3 мыңнан астам үй мен әлеуметтік нысандар бұзылуы салдарын жоюға жұмсалған республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыны 12 миллиард теңгені құрайтыны айтылды. Сонымен қатар Сырдариядағы тасқын ахуалын жоюға Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің шығындары – тағы 3,8 миллиард теңге. Осылайша, тек осы жылы өзен ағынын шынайы қарсы реттегіштің болмауы мемлекеттің 130 миллион доллар сомасына қосымша шығындарын тудырды.


Қауіпті жағдай жылдан жылға қайталанып, Оңтүстік Қазақстан облысының 20 елді мекеніне және Қызылорда облысының 50 елді мекеніне қатер төндіруі мүмкін.


Оның үстіне басты қауіп мынада, Сырдарияның “үлкен суы” Шардара су қоймасын бұзып кетуі мүмкін, мұның өңір үшін сойқан апаттық салдары болады. Шардара су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өзеннің төменгі сағасындағы ахуалды қалпына келтіріп, Қызылорда облысының суармалы егістігін, сондай-ақ Сырдария өзенінің атырауындағы табиғи кешендерді қамтамасыз ету үшін Қазақстанның Арнасайға апаттық су жіберудің жоқтығының орнын толтыратын резервтегі су жіберетін орны болуы керек. Бұл функцияны Көксарай қарсы реттегіші атқара алады, оны Шардарадан төменіректе, Көксарай ауылының маңында салуға болады. Техникалық-экономикалық негіздеуге сәйкес Көксарай қарсы реттегіші суды ұзақ сақтайтын су қоймасы болып табылмайды. Оның негізгі міндеті 3-4 ай бойы қыста артық жіберілген суды жинақтап, оны кейіннен көктем айларында Қызылорда облысының қажеті үшін және өзеннің төменгі сағасындағы су экожүйелеріне беру болып табылады. Сондай-ақ, онда өзеннің қысқы барынша таза ағысы жинақталатыны маңызды.


Тараптардың дәлелдерін тыңдаған Нұрсұлтан Назарбаев ұзаққа созылған даудың нүктесін қойды.


– Осындай үлкен шығындарға барып, жаңа су қоймасын салу – бұл оңай шешім емес. Бірақта бізде басқа таңдау жоқ. Сондықтан мәселені түпкілікті шешейік – Көксарайды салатын боламыз. Бұл, мәселен, Батыстан Қазақстанның оңтүстігіне тартылатын газ құбыры секілді нысан – ол пайда әкелмейді, бірақта көптеген проблемаларды шешуге көмектеседі, – деп қорытындылады Президент.


Бұған қоса Елбасы осы мәселеге байланысты қарсы реттегішті салу Сырдария өзеніндегі судың ластануына және Аралдың одан әрі тартылуына соқтыратын болады дейтін қате пікір қалыптастырған Қызылорда облысының жұртшылығы арасында түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды.


Қызылордалықтар мамандар мен ғалымдардың пікірлеріне құлақ салсын. Сонда олар бұл жобаны іске асыру ең алдымен облыс халқының, сондай-ақ Кіші Аралды суға толтыру мүддесін көздейтінін түсінетін болады, – деді Мемлекет басшысы.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар