Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

7 қыркүйек 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Сайед Юсуф Реза Гиланимен кездесті.
01

Ақордада өткен кездесудің ресми рәсімінен кейін келіссөздер жүргізілді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Сайед Юсуф Реза Гилани халықаралық және аймақтық ұйымдардағы екіжақты өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

- Мен Сізбен Қазақстанда кездесіп тұрғаныма өте қуаныштымын. Бұл Сіздің бірінші сапарыңыз. Біз тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап сіздердің елдеріңізбен жақын қарым-қатынастар орнатуға тырысып келеміз. Мен сіздің елде екі рет болдым. Пәкістан басшылығы да біздің елімізде болды. Біздің елдеріміз арасында халықаралық құжаттар пакеті, уағдаластықтар, келісімдер бар. Біздің өзара іс-қимылымызды одан әрі дамытудың жолын талдап, нығайту және белгілеу үшін сіздің сапарыңыз қазір біз үшін өте маңызды. Әлем шын мәнінде өзгерістерге толы, біздің аймаққа зор көңіл бөлініп отырғаны байқалып отыр. Біз бұл аймақта бейбіт жағдайда тарихи өмір сүріп жатырмыз, бұл сауда үшін, көптеген өмірлік мәселелерді бірлесіп шешу үшін тиімді, - деді Мемлекет басшысы.

- Президент мырза, сіздердің әсем астаналарыңызда маған және мен бастап келген делегацияға көрсеткен жылы шырайлы қабылдауларыңыз үшін үлкен рахмет! Астана әуежайына келіп қоғанымызда, мен сіздердің елорданың айналасында созылып жатқан бидай даласын көрдім. Бұл көрініс маған қатты әсер қалдырды, Пәкістанда да бидай өсіріледі. Бүгін Қазақстанның Премьер-Министрімен кездесу кезінде мен бидайдың өнімділігін арттыру үшін зерттеулер жүргізіп, бидай өсіру жөнінде екі ел арасында ғылыми-өндірістік тәжірибе алмасуды ұсындым, - деді Сайед Юсуф Реза Гилани.

Кездесу барысында Ауғанстан, Магриб аймағы мен Таяу Шығыстағы жағдайлар туралы пікір алмасылды. Ядролық қарусыздану мәселесі, аймақтық «күн тәртібіндегі» өзекті мәселелер, оның ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мәселелер талқыланды. Лаңкестікпен және экстремизммен күресте құзырлы органдардың өзара іс-қимылы қажеттігіне ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы саласында және ауыл шаурашылығы өнімдерін өңдеу жөнінде бірлескен өндірістер құру туралы перспективалық жобалар бар. Қазақстан дәнді дақылдар өндіретін ірі өндіруші ретінде аталған өнімді Пәкістанға тасымалдаушы болуы мүмкін. Пәкістан қазақстандық тауарлардың транзиті үшін теңіз айлағын ұсынуға дайын. Бұл Қазақстанның экспорттық өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндіктер туғызады. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге қосымша серпін беру үшін теміжол мен автокөлік дәлізі пайдаланылатын болады. Пәкістандық инвесторларға Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысу туралы ұсыныстар жасалды. Осы орайда Пәкістанның іскер топтары үшін қазақстандық нарық пен Кедендік одаққа мүше Ресей мен Беларусь елдерінің нарық әлеуеті ашық.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар