Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

4 сәуір 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қалалық мәслихаттың келісімімен Астананың әкімі етіп тағайындаған Иманғали Тасмағамбетовты елорда активіне таныстырды.

Елорда әкімі лауазымының маңызын ескере отырып, Астана мәслихатының сессиясына Президенттің өзі қатысты. Қазақстанның жаңарған Конституциясына сәйкес Мемлекет басшысы елорда әкімі қызметіне тағайындау үшін Иманғали Тасмағамбетовтың кандидатурасын депутаттардың қарауына ұсынды.


Қазақстан Президентіне төртінші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың он бірінші кезектен тыс сессиясының шешімімен Астана әкімі қызметіне Иманғали Тасмағамбетовты тағайындауға келісім берілді.


- Тасмағамбетов елдің Премьер-Министрі, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Атырау облысының және Алматы қаласының әкімі болған жылдарда өз ісінің тиімділігін көрсетті, - деді Н.Назарбаев.


Президент елорда басшылығының алдыңғы кезектегі міндеті – Астананың 10 жылдық мерейтойын тиісті деңгейде өткізу екендігін атап өтті.


- Біздің қаламызды және Қазақстанның мүмкіндіктерін бүкіл әлемге көрсету қажет, - деп атап көрсетті Президент.


Мемлекет басшысы сондай-ақ 2011 жылы аталып өтетін Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына дейін қаланың барлық қажетті инфрақұрылымдарын, оның ішінде коммуналдық жүйелерді, мәдениет, денсаулық және білім беру мекемелерінің құрылысын аяқтау қажеттігіне назар аударды.


- Елорда Қазақстанның барлық қалаларына үлгі болуы қажет. Астана – біздің еліміздің негізгі серпінді жобаларының бірі. Мен жүктеген тапсырмаларды әрдайым орындап келген Иманғали Тасмағамбетов, астаналықтарға қала құрылысының, осы қаладағы тәртіп пен мәдениеттің озық үлгілерін көрсете отырып, алдына қойылған міндеттерді шешеді деп үміттенемін. Сонымен бірге, елорданы дамыту – бұл әкімдіктің ғана емес, сондай-ақ Үкіметтің және тұтастай алғанда, мемлекеттің ісі, - деп мәлімдеді Президент.


Мемлекет басшысы елорданың 10 жылдығын жоғары деңгейде өткізуге әзірлік пен қаланы одан әрі дамыту үшін Премьер-Министр К.Мәсімов пен Астана әкімі И.Тасмағамбетовке жеке жауапкершілік жүктеді.


Н.Назарбаев елорданың бұрынғы әкімі А.Маминге жақсы жұмысы үшін ризашылығын білдірді және қала активіне оның «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті болып тағайындалғанын хабарлады.


Тағайындау туралы Жарлықтың мәтінін мына жерден қараңыз.

***


Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Асқар Ұзақбайұлы Мамин басқа жұмысқа ауысуына байланысты Астана қаласының әкімі қызметінен босатылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар