Жаңалықтар

9 қазан 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебекті қабылдады.

Кездесу барысында Президент үйлесімді ұлттық саясатты жүзеге асыру мәселелері саласындағы Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықтың жемісті тәжірибесін атап өтті.


ЕҚЫҰ Жоғарғы комиссары 1999 жылы біздің елге алғаш келген уақыттан бері Қазақстанда болған үлкен өзгерістерге, атап айтқанда елдің экономикалық дамуы мен Астана құрылысының қарқынына таңданыс білдірді.


- ЕҚЫҰ үшін Орталық Азия маңызды аймақ, ал Қазақстан – осы аймақтағы көшбасшы ел. Мен бұл аймақта белсенді жұмыс істеген өзімнің алдындағы ізашарларым сияқты осы жұмыстарды жалғастыруға және Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға ниеттімін, - деді К.Воллебек журналистерге арналған брифингте.


ЕҚЫҰ Жоғарғы комиссары Қазақстанның аз ұлттардың құқығын қамтамасыз ету саласындағы тиімді мемлекеттік саясатын және ғылым, білім және тіл саясаты салаларындағы жобаларды жүзеге асырудағы ЕҚЫҰ-мен белсенді ынтымақтастығын айрықша атап өтті.


Сол күні ЕҚЫҰ Жоғарғы комиссары К.Воллебек ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевпен кездесті.


- Қазақстан тәуелсіздігінің бастауында 130 ұлттар мен 40-тан аса конфессиялар өмір сүретін біздің жас мемлекетіміз ұлтаралық қақтығыстарға бетпе-бет келеді деген көптеген болжамдар жасалынды. Бүгінде біз бұл болжамдарды жоққа шығарғанымызды мақтаныш етеміз, және Қазақстан әлемде өзінің ұлтаралық бірегей үлгісімен танылды, - деді Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев кездесу барысында.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар