Жаңалықтар

21 қыркүйек 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының қортындысы бойынша шетелдік және қазақстандық БАҚ-қа баспасөз мәслихатын өткізді.

Елена Вапничная, БҰҰ радиосы ақпараттық қызметінің жетекші шолушысы:

- Құрметті Президент мырза, биылғы жылы бұрынғы Кеңестік республикалардың бірқатары, Қазақстанды қоса есептегенде, Тәуелсіздіктерінің және БҰҰ-на мүше болғандарының 20 жылдығын атап өтетіні Өзіңізге белгілі. Осы 20 жыл ішінде БҰҰ-мен ынтымақтастық қалай қалыптасты? БҰҰ Қазақстанның дамуына қандай үлес қосты, ал Қазақстан БҰҰ-ның дамуына қадай үлес қосты?

-  Егер Қазақстан туралы, менің елім туралы, бұдан 20 жыл бұрынғы оқиға туралы айтар болсам, Қазақстанның БҰҰ-на мүше болуы менің халқымның бүкіл тарихындағы алғашқы тарихи оқиға болды. Сондықтан бұл оқиға айрықша мән-мағынаға ие. Біздің еліміз бұл датаны лайықты атап өтуге дайындалуда. Осы жылдар ішінде Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі ретінде осы Ұйымның Жарғысын бұлжытпай орындады, белсенді ынтымақтастықта болды және барлық бітімгершілік операцияларға, интеграциялық үдерістерге, сондай-ақ өркениеттер диалогына көмектесті. Бұл туралы Сіз жақсы біледі. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін шақыру бастамасын көтерді. Нақ осы БҰҰ-ның мінберінен мен бірінші болып бүгінде 29 мемлекетті біріктіріп отырған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесін құруды, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын құруды, ТМД, ЕврАзЭҚ-ты құруды ұсындым. Осының бәрі қазақстандық бастама болатын. Ол бейбітшілікке және біздің аймақтағы және жалпы әлемдегі тұрақтылыққа табысты қызмет істеді. Өткен жылы біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасадық және Еуразия қауіпсіздігі үшін маңызды бастама көтердік. Осының барлығы жер бетіндегі бейбітшілікке қызмет етеді, Ұйым да осындай себеппен құрылған.

- БҰҰ ядролық қарусыздану мәселесінде Қазақстанға қандай көмек көрсетті?

-  Біріншіден, Қазақстан әлемдегі ірі Семей ядролық полигонын жапқан және төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан тамаша бастамашыға айналды. Мен осы арқылы Қазақстан ядролық қарусыздану ісіне және жер бетіндегі бейбітшілік ісіне баға жеткізгісіз үлес қосты деп санаймын. Соңғы бір жарым жыл ішінде мен БҰҰ-ның Бас хатшысымен бес рет кездестім. Ол Семей ядролық полигонында болды және 29 тамызды Ядролықсыз әлем үшін күрес күні деп жариялау туралы біздің ұсынысымызды қолдады. Өткен жылы Қырғыз елінде қайғылы оқиғалар орын алды. БҰҰ-мен тығыз ынтымақтаса отырып, біз азаматтық соғыстың алдын алу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Есірткімен күрес, лаңкестікпен күрес жөнінде мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Біз тығыз ынтымақтастықтамыз және БҰҰ-ның одан әрі дамуының қажеттігін сезінеміз.

- Ядролық қауіпсіздіктің жоғары деңгейдегі кеңесі туралы сұрақ. Қазақстан осы кездесуге қатысушылардың бірі болып отыр. Бұл кездесуден Сіз не күтесіз? Бұл кеңес қаншалықты маңызды?

- Қазақстан  ядролық әлем үшін барлық әлемдік іс-шараларға қатысып келеді. Жоғары деңгейдегі форум, келесі жылы наурызда өтетін Сеул форумы сияқты өте маңызды. Өткен жылы мұндай форум Вашингтонда өтті. Қазақстан қатысушылар қатарынан табылады,  бізді сөзі іске асып жататын мемлекет ретінде шақырады. Себебі біз ядролықсыз әлем үшін күресіп жатқанымызды іс жүзінде көрсеттік. Бұл үшін, бәрінен бұрын, ядролық мемлекеттің ықтияры болу керек. Ядролық мемлекет ядролық қарусыздануда үлгі көрсетуі тиіс, сонда барлығы осымен шұғылданады және бұған сенетін болады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар