Жаңалықтар

4 маусым 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына жұмыс сапарымен келді.

 

Атырауға келе салысымен Президент Жайық (Орал) өзені арқылы өтетін «Балықшы-Жұмыскер» жаңа көпірін ашу салтанатына қатысты. Бұл – қаладағы үшінші көпір. Көпір өзеннің қос жағалауында орналасқан «Балықшы» және «Жұмыскер» аудандарын қосып тұр.

Төрт жолдық қатардан тұратын көпірдің ұзындығы 484 метр, жалпы құны 5,6 миллиард теңгені құрайды.

Кеңес Өкіметі тұсында Атырауда тек бір ғана көпір салынған екен. Ал тәуелсіздік жылдары бұнда екі көпір салынса, бүгінде үш көпірдің құрылысы жүріп жатыр.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев жаңа көпірдің атыраулықтар үшін ғана маңызды шара еместігін атап өтті. Бұл құрылыс жалпы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса үлкен маңызға ие, - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы Атырауда ғана емес, республикамыздың барлық аймақтарында көпірлердің, республикалық маңыздағы жолдардың, басқа да инфрақұрылымдық нысандар құрылыстарының салынып жатқандығын атап өтті. Бұл қазақстандықтардың экономикалық жетістіктерінің нәтижесі және еліміздің мүмкіндігінің көрсеткіші.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қаржылық және азық-түліктік дағдарыстың әсеріне қарамастан мемлекет басым бағыттардың бірі ретінде әлеуметтік саланы қаржыландыра беретін болады, - деп атап көрсетті. Мемлекет қарапайым халықтың қажетті білім алуына, сапалы медициналық қызметті пайдалануына, сонымен бірге демалуына қолайлы жағдай жасау үшін барлық жағдайды жасайтын болады.

Қазақстанда 2004 жылмен салыстырғанда денсаулық сақтау саласына бөлінетін шығындар 2,5 есе өсіп, 2007 жылы 310 миилиард теңгені құраған. Соңғы екі жылда 156 денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілген, оның ішінде нысандардың 144-і ауылдық жерлерде салынған. 3200 алғашқы медициналық-санитарлық бөлімшелер жөндеуден өткен. Білім беру саласында да оң өзгерістер орын алып отыр. 2004 жылмен салыстырғанда балалар бақшасының саны 420-ға өссе, 230 жаңа орта мектеп құрылысы пайдалануға берілген.

Мемлекет басшысы Атырау облысының дамуы қарқынына қарай отырып, Қазақстанның барлық аймақтарының дамуына көз жеткізуге болады, деп атап өтті. Тек Атырау қаласының өзінде соңғы жылдары жеке автокөліктің саны 16 мыңнан 34 мың бірлікке дейін өскен.

Осы күні Президент «Мұнайшы» спорт кешенінің жаңа жүзу бассейнін аралап шықты. Кешенде спорттың көптеген түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар