Жаңалықтар

16 қыркүйек 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Жемқорлықпен күрес және тиісті басқару Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның экономикалық және әлеуметтік дамуының шарты ретінде» атты халықаралық конференцияның ашылуына қатысты.
small-01.Conference jpg

Конференция жұмысына 60 мемлекеттің және 20 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. 

Конференцияға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Президент мұндай алқалы форум Қазақстанда алғаш рет өтіп отырғанын атап өтті. Бұл біздің еліміздің жаһандық жемқорлықтың қауіп-қатерімен күресушілердің алдыңғы қатарындағы шешімталдығын көрсетеді. 

- Мұндай жауыздыққа қарсы күресу – Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды басымдығы. Біз мұны еліміздің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында белгіледік, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. 

Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес деңгейі жөнінде посткеңестік кеңістікте көшбасшылық ұстанымды ұстанады, ТМД елдері арасында бірінші болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы заң қабылдады. Жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін бұрын қызметінен босатылған мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлері үшін кез келген лауазымды атқаруға өмір бойы тыйым салынды. 2011 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. 

Қазақстанның жемқорлыққа қарсы саясаты халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, әлемдік қоғамдастық тарапынан қабылданған халықаралық құжаттарға негізделген. Өткен жылғы мамырда еліміз БҰҰ-ның жемқорлыққа қарсы Конвенциясын бекітті.

- Жалпы, Қазақстан жемқорлыққа қарсы күресте пайдалы тәжірибе жинақтады. Біз жемқорлықпен күрестегі барлық мәселелер бойынша шетелдік әріптестерімізбен ашық диалог жүргізуге әрдайым дайынбыз, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. 

Мемлекет басшысы конференцияға қатысушылардың барлығына тығыз тәжірибе алмасулар, жұмыста қызықты бастамалар мен табыстар тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар