Жаңалықтар

3 қазан 2006
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің Шекаралық облыстар форумына қатысу үшін Оралға келді.

30.jpg

31.jpg

Түске дейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің кездесуі болып өтті. Кездесу барысында қазақстан-ресей ынтымақтастығының келешегі талқыланды.

- Челябинскідегі уағдаластыққа сәйкес біз бүгін Ресейдің 12 облысы мен Қазақстанның 8 облысы қатысатын осы кездесуді өткізіп отырмыз. Онда бірқатар аса маңызды құжаттар қаралады. Шекаралық облыстардың өзара іс-қимылы мәселелерін шешуден өзге ең маңызды шешім Қарашығанақ газын қайта өңдеумен байланысты болмақ. Қазақстан тұңғыш рет Ресей экономикасына көлемді қаржы салып отыр, ал, Ресей Орынбор газ өңдеу зауытында Қазақстанның өз иелігіне меншік үлесін сатып алуына мүмкіндік жасайды. Мұнай жобаларымен қатар бұл біздің өзара бірлескен іс-қимылымыздың аса қуатты тармағы болмақ.

Бүгін қол қойылып отырған құжаттар жоғары деңгейде әзірленген, бұл шекаралық облыстар біздің ынтымақтастығымыздың ұйтқысы болып табылатынын білдіреді. Біз олардың сауда-саттығы мен өзара бірлескен іс-қимылына қолайлы жағдай жасаймыз. Біз биылғы жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 9 миллиард долларды құрайтыны туралы айттық, әйтсе де ол бұдан да жоғары – 11 миллиард доллар болады. Біздің кездесуіміз халықтарымызды одан әрі жақындастыра түседі, деп үміттенемін, - деді Қазақстан Президенті.

Владимир Путин Оралға келіп-қайтуға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа өз алғысын білдірді.

- Осы жүздесуіміз кездейсоқ болып отырған жоқ, өйткені, Батыс Қазақстан облысының аумағы бойынша ресей-қазақстан шекарасының ұзақтығы 1,5 мың километрді құрайды. Екі ел арасындағы тауар айналымының 70 пайызы шекаралық өңірлердің үлесіне тиеді. Бұл – біздің елдеріміз экономикасының дамуына қосылған орасан зор үлес. Біздің жұмысымыз өзара қызығушылық тудыратынына сенемін, - деп атап өтті Ресей Президенті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар