Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

22 қараша 2005
Мемлекет басшысы, Қазақстан халықтары Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бейбітшіліктің, ұлтаралық келісім мен ынтымақтастықтың 10 жылы» атты Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІ-ші сессиясына қатысты.

159.jpg

160.jpg

- Биылғы жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясына 10 жыл толып отыр! Бейбітшіліктің, келісім мен ынтымақтастықтың 10 жылы! Нақ осы Ассамблея біздің мемлекеттік ұлттық саясатымыздың тарихының ғана емес, әлемдік тәжірибеде «ұлттық мәселені» шешудің жаңа бетін ашты, – деді Президент сессияға қатысушылар алдында.

 
Нұрсұлтан Назарбаев «осы он жыл біздің тарихымызға қажыр-қайратқа толы жұмыстың, тынымсыз ізденістің және елімізді тығырықтың тұңғиығынан алып шығып, ауқымды апаттардан аман алып қалуға мүмкіндік туғызған қалыптан тыс шешімдер қабылдаған жылдар ретінде енбек», деп атап көрсетті.

 
Қазіргі уақытта Қазақстанда 500-ге тарта ұлттық-мәдени бірлестік, 19 республикалық және өңірлік ұлттық газет, радио және телебағдарламалар, 6 ұлттық театр жұмыс істейді. Соңғы жылдары еліміз өңірлерінде 11 достық үйі салынды. Алматыда жаңа Достық үйі, Астанада Бейбітшілік пен келісім сарайы салынуда. Қазақстанда ұлттық білім беру саласы бойынша 100 этностық мектеп, 170 жексенбілік тіл орталықтары жұмыс істеуде. Ұлттық жаңғыру мектептерінде 11 тілді оқыту бойынша 29 бөлімше жұмыс істейді. Қазақ және орыс тілдеріндегі БАҚ-тармен қатар елімізде 11 тілде, атап айтқанда украин, поляк, неміс, корей, ұйғыр, түрік және дүнген тілдерінде газеттер мени журналдар жарық көріп, түрлі хабарлар эфирге шығарылады.

 
Нұрсұлтан Назарбаев этносаралық келісім конфессияаралық үнқатысусыз мүмкін емес екенін атап өтті.

 
-Біздің қоғамымыз еліміздің іші мен  сырт елдер тарапынан лайықты бағасын алған рухани келісімнің жоғары деңгейіне қол жеткізді. Және де мен біздің достық пен келісім, игілік пен табысты даму жөнідегі тәжірибеміз жайында айта алатынымызды және бүкіл әлемге ұсына алатынымызды мақтан тұтамын, – деп атап көрсетті Президент.

 

Мемлекет басшысы келесі жылы Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің екінші съезі өтетінін еске салды.

 
Еліміздегі ең ірі екі конфессияға құрмет көрсете отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Құрбан айт пен Христиандық Рождестваның алғашқы күндерін мерекелік демалыс күндері ретінде жариялауды ұсынды.

 
Президент Ассамблея жұмысының басым бағыты – Қазақстанда тұратын барлық халықтардың үйлесімді дамуына жағдай жасау екенін атап өтті.

 
- Біз алдағы уақытта да қазақстандықтардың ұлттық-мәдени мүдделерін айқындайтын және ілгері бастыруға үндейтін қоғамдық институттарды нығайта береміз. Ең басты мақсат – өркендеген көпұлтты Қазақстан құру үшін біз, азаматтық бейбітшілік пен келісім, этносаралық және конфессияаралық үн қатысудың мемлекеттік саясатын нығайта және дамыта береміз, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

 
Мемлекет басшысы салиқалы тіл саясатын бірлік пен жақсару негізі деп атады. Президент сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытумен қатар мемлекет алдағы уақытта да елімізде қоныстанған халықтардың тілдеріне қолдау көрсету саясатын ұстанатынын атап көрсетті.

 
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев сессияға қатысушылар атынан барлық Қазақстан халқына алғыс айтты және Қазақстан халықтарының достығына арналған ескерткіш жобасына кірісуді ұсынды.

 
Сессия қорытындысы бойынша Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшелері қазақстандықтарға үндеу қабылдады. Онда:

 
Ассамблеямыздың он жылдық мерейтойы елімізде кеңінен аталып отырған күндері біз, XI сессиясының қатысушылары, барша қазақстандықтарды Көшбасшымыз Н.Ә.Назарбаевтың ұлтаралық және рухани келісімді нығайтуға, бейбіт әрі қонақжай Қазақстан жерінде тұрып жатқан барша жұрттың өзіндік мәдени ерекшелігін сақтауға бағытталған саясатын қолдауға үндейміз.

Біз барлық қазақстандықтарды татулық пен келісім ұлы идеясының аясына топтасуға шақырамыз!

 
Ұрпағымыздың қауіпсіз болашағы, әрбір қазақстандық отбасының игілігі мен Отанымыздың гүлденуі үшін бірлігімізді сақтайық!

 
Біртұтас және қуатты Қазақстан туралы көксеген мұратымызды іске асырайық!

 
Қазақстан – тек қана алға! – делінген.

Елбасы сөзінің толық мәтінін қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар