Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

22 мамыр 2008
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев Астанаға мемлекеттік сапармен келді.
big-001E.jpg

Ресей Президенті әуежайдан Отан қорғаушылар монументіне барып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.


Ақордадағы салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведев шағын құрамдағы келіссөздер жүргізді.


Келіссөздерді ашқан Қазақстан басшысы елімізде Ресей Президентінің лауазымына кіріскеннен кейінгі алғашқы шетелдік сапарын Қазақстанға жасағанын жоғары бағалайтынын атап өтті.


- Нақ осындай бастау соңғы жылдары Сіз бен Президент В.Путин жасаған игі істеріңіздің ізгі жалғасы болып табылады. Мен Сізге жылышыраймен қарсы алғаныңыз үшін алғыс білдіремін. Мен үшін, өзінің бірінші ресми сапарын жасап отырған адам үшін бұл өте маңызды. Маған көрсеткен бүгінгі қошеметтеріңіз біздің елдеріміз арасындағы айрықша сенімге негізделген қарым-қатынастардың дәлелі болып табылады, - деп мәлімдеді Д.Медведев.


Содан кейін делегациялар кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, онда саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы мен болашағын талқылады.


Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың серпінді дамуын қанағаттанғандық сезіммен атап өтті. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2006 жылмен салыстырғанда 27 пайызға өсіп, 16,3 миллиард АҚШ долларын құрады. Оң серпін ағымдағы жылы да сақталып отыр.


Қазақстан мен Ресейдің энергетика саласындағы ынтымақтастығы стратегиялық сипатқа ие. 2007 жылы Қазақстан Ресей мұнай құбырлары арқылы жақын және алыс шет елдерге 60 млн. тонна мұнай ағызды. Сондай-ақ Ресей 2008 жылы Атасу-Алашаңқай құбыры арқылы Қытайға өзінің 5 млн. тонна мұнайын жеткізбекші.


Қазақстан мен Ресей Каспий теңізі қайраңын бөлісу мәселесін екіжақты форматта шешті, Каспий құбыр арнасы консорциумының (КТК) да негізгі акционерлері болып табылады. Сондай-ақ елдеріміз «Құрманғазы», «Орталық» және «Хвалынское» кен орындарын игеру бойынша бірлесіп жұмыс істеуде. Қазақстан-Ресей арасында газ саласындағы ынтымақтастық та артып келеді. 2006 жылдың қазанында Қарашығанақ кен орнының газын Ресейде өңдеу мен оның құбырлары арқылы экспорттау жөнінде үкіметаралық келісімге қол жеткізілгенін айта кетуге болады. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында бірлескен кәсіпорындар құрылды.


Бүгінгі кездесу барысында тараптар мұнай-газ кен орындарын бірлесіп игеру, мұнай мен газды тасымалдау, бірлескен мұнай-химия кәсіпорындарын құру жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға байланысты мәселелерді талқылады.


Келіссөздер барысында «Байқоңыр» кешенін пайдалану және ғарыш кеңістігін бірлесіп игеру мәселелеріне айрықша назар аударылды.


2006 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Қазақстанның тұңғыш «КАЗСАТ» байланыс және хабар тарату жер серігі ұшырылған болатын. Қазіргі кезде «КАЗСАТ» жер серігінің серияларын, жаңа заманауи «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешенін құру, «ГЛОНАСС» жаһандық навигациялық спутник жүйесін орнату жобасын әзірлеу, қазақстандық сынаушы ұшқыштарды дайындау жөнінде жұмыстар жүргізілуде.


Қазақстан мен Ресейдің көлік және транзит саласындағы ынтымақтастығы дамып келеді. Атап айтқанда, сарапшылар Қазақстан мен Ресей аумағы арқылы өтіп Батыс Еуропа мен Батыс Қытайды байланыстыратын жоба бойынша жұмыс жүргізуде. Қазақстан жағының пікірінше, аталған жобаны жүзеге асыру біздің елдеріміздің әлемдік жүк тасымалдау жүйесіне ықпалдасуына және транзиттік операциялардан түскен табысты ұлғайтуға мүмкіндік береді.


Тараптар шекара бойы ынтымақтастығы мәселелерін талқылады. Кезекті форум ағымдағы жылы күзде Қостанайда өтеді.


Экономикалық байланыстарды тереңдету мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық ынтымақтастық және ықпалдастық туралы ұзақ мерзімді келісім әзірлеуді ұсынды.


Нұрсұлтан Назарбаев Дмитрий Медведевті Астананың 10 жылдық мерейтойын атап өту шараларына қатысуға шақырды. Д.Медведев шақыруды ризашылықпен қабыл алды.


Тараптар өзара мүдделестікке ие бірқатар халықаралық және өңірлік проблемалар жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ ТМД, ЕурАзЭҚ және ҰҚШҰ аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту қажеттігі аталып өтті. Тараптар негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстаным ортақтығын атап өтіп, ішкі саяси саладағы өзара іс-әрекетті екіжақты негізде, сонымен қатар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа да халықаралық ұйымдар мен форумдар аясында белсенді дамытуға ниеттерін білдірді.


Сапар қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведев Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ Ресей Президентінің мемлекеттік сапары аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасында ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, ресейлік «ГЛОНАСС» ғаламдық-навигациялық спутниктік жүйесін пайдалану және дамыту саласында ынтымақтасу туралы келісімге, Мәскеудің Чистопрудный бульварындағы ғимаратты Қазақстан Республикасының меншігіне рәсімдеу туралы келісімге, «Қазына» қоры мен «Ресейдің нанотехнологиялар корпорациясы» мемлекеттік корпорациясы арасындағы өзара іс-әрекет туралы келісімге, «Қазақстан Даму банкі» АҚ-ы мен Ресей Федерациясының Даму және сыртқы экономикалық қызмет банкі арасында ұзақ мерзімді несиелік желі туралы келісімшартқа қол қойылды.


Келіссөздерден кейін президенттер бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.


Бірлескен мәлімдеме мәтінінқараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар