Жаңалықтар

14 қыркүйек 2011
Қазақстан Республикасы Президентінің Алматыдағы резиденциясында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың Д.А.Қонаев халықаралық қоры басшылығымен кездесуі болып өтті.

Кездесуге Д.А.Қонаев халықаралық қорының құрметті президенті С.Жиенбаев, вице-президенті  К.Аухадиев, басқарма мүшелері Ж.Асқарова, Б.Батталханов, Алматы қаласының әкімі А.Есімов қатысты.

Кездесуді аша отырып, Қ.Саудабаев: «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Д.А.Қонаевтың туғанына 100 жылдығына дайындық пен оны өткізуді лайықты ұйымдастыру туралы тапсырмасына сәйкес біз бүгін атқарылған жұмыстардың нәтижелерін қарап, алдағы мерейтойға дейінгі қалған уақытта шешілуі қажет мәселелерді талқылауға тиіспіз. Бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын тікелей іске асыру жөнінде тиісті шешімдер қабылданатын болады»,  деп атап өтті.

Халықаралық қордың басшылары мерейтойға дайындық жұмысының барысы туралы хабардар ете отырып, қордың Мемлекет басшысының қамқорлығын әрдайым сезініп отыратынын ерекше атап өтті.  Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 24 ақпандағы «Д.А.Қонаевтың атын мәңгі есте қалдыру туралы» қаулысына сәйкес Алматы қаласында Мұражай-үйі, Шымкент қаласында мұражай ашылды, оның есімі өндіріс орындарына, оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарына, Астана, Алматы және еліміздің басқа да қалаларындағы даңғылдар мен көшелерге берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүгін өткен алдағы мерейтойға дайындық және оны өткізу мәселелері жөніндегі кездесу Н.Ә.Назарбаевтың Димаш Ахметұлы Қонавтың жарқын бейнесіне деген терең құрметінің тағы бір жарқын мысалы болып табылады. Осыған байланысты Қор басшылары қалың жұртшылық атынан Мемлекет басшысына шынайы ризашылық және алғыс сезімдерін білдірді.

Кездесуге қатысушылар Д.А.Қонаев халықаралық қоры мен Мұражай-үйінің жұмысымен танысты.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар