Жаңалықтар

2 сәуір 2008
Қазақстан Президенті XXIX жазғы Олимпиада ойындарының алауын алғашқы болып алып жүрді

big-03Eg.jpg

big-01Eg.jpg

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Медеу» мұз айдынында Олимпиада алауын алғашқы кезеңінде алып жүру арқылы жер жүзін айналып өтетін халықаралық Олимпиада эстафетасын ашты.


Мемлекет басшысы Олимпиада эстафетасына қатысу үшін Астанадан Алматыға арнайы келді.


24 наурызда Афинадаға киелі Олимп тауында жағылып, жазғы ойындар өтетін Пекинге жеткізілген олимпиадалық алау 2008 жылдың 1 сәуірінде Алматыға әкелінді. Қазақстандық шаһар – олимпиада алауын алып жүрушілердің 130 күндік маршрутты жүріп өтетін бес құрлықтағы 22 ірі қаланың біріншісі.


Салтанатты рәсімді ашқан Мемлекет басшысы Н.Назарбаев тарихта тұңғыш рет кең байтақ байырғы қазақ жеріне Олимпиада алауының келуімен құттықтады.


- Алатаудың баурайындағы ару қаламыз Алматы Афины мен Пекиннен кейінгі 2008 жылғы 29-шы жазғы Олимпиада ойындарының Олимпиада алауы эстафетасын қабылдайтын бірінші қала ретінде белгіленді. Бұл – еліміз үшін үлкен мәртебе. Қазақстан - әлемде саяси тұрақты, экономикасы өркендеген іргелі ел ғана емес, халықаралық спорттағы табыстарымен және талантты спортшыларымен танылған мемлекет. Олимпиада алауының Алматыға келуі осы айтулы жетістіктерімізге жасалған үлкен құрмет деп білейік, - деп атап өтті Президент.


Мемлекет басшысы спортшыларға Пекин ойындарындағы олимпиадалық жеңістер мен рекордтар өзара теңдік пен жаһандық келісімнің символына, адамзат рухының ең жоғары көрінісі, халықтар, елдер мен құрлықтар достығының гимніне айналуын тіледі.


- Спорт қай заманда да адамзатты бейбітшілік пен берекелі тірлікке үндеп келеді. Бүгінгі эстафетаны да әлем елдерін тыныштыққа, ынтымаққа шақыратын үлкен іс-шараға теңеуге болады, - деді Н.Назарбаев.


Республика 117 Олимпиада чемпионын, Әлем және Азиялық ойындар чемпиондарын тәрбиеледі.


- Олардың табыстары мемлекетіміздің мәртебесін көтереді, - деп атап көрсетті Президент.


Қазақстанның спортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Алматы қаласы 2011 жылы VII қысқы Азия ойындарын өткізу құқығын иеленді.


- Біз оны жоғары деңгейде абыроймен өткіземіз. Мен болашақта қысқы Олимпиада ойындарын Алматыда өткізу құқына қол жеткіземіз деп үміттенемін, - деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.


Президент Қазақстан олимпиадалық асқақ мұраттарға адал екенін және Пекин Олимпиадасы жержүзілік эстафестасын бастағанын мақтан тұтатынын атап өтті.


- 15 миллионнан астам қазақстандықтардың жүрек жылуы олимпиадалық алаудың лаулап жанып, қуатын еселеуге екпін бермек, - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


Осыдан кейін жержүзілік эстафетаның ашылу салтанаты өтті. Пекин Олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Джань Чшоую алауды Қазақстандағы Қытай елшісі Чжан Сиюнюға, ол өз кезегінде Олимпиада алауын алғашқы алып жүруші – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа табыс етті.


«Медеу» стадионының жарыс жолымен жүгіріп өткен Мемлекет басшысы алауды 2004 жылғы Афина Олимпиадасының чемпионы, Пекин олимпиадасында Қазақстан олимпиада құрамасының ту ұстаушысы, боксшы Бақтияр Артаевқа табыс етті. Ол Олимпиада алауының эстафетасын әрі қарай жалғастырды.


Эстафетаның екінші кезеңі Алматы көшелерінде өтті. Оған танымал спорт ардагерлері, еңбек сіңірген жаттықтырушылар, болашағынан үміт күттіретін жас спортшылардан құралған 80 алау алып жүруші қатысты. Эстафетаға сондай-ақ белгілі саясаткерлер, бизнесмендер, спорт федерацияларының басшылары, әртістер қатысты.


Мемлекет басшысының сөйлеген сөзін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар