Жаңалықтар

22 қыркүйек 2011
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі отырысқа қатысты.

Отырысқа БҰҰ-на мүше мемлекеттер: Франция, Корея Республикасы, Жапония, Бразилия, Украина және Қазақстан басшылары қатысты. Фукусима апаты мен Чернобыль АЭС апатының 25 жылдығынан кейінгі іс-шаралар ядролық қауіпсіздік жөніндегі МАГАТЭ министрліктер конференциясы мен Сегіздік Топтар елдері арнайы отырысына, сондай-ақ 2012 жылы Сеулде өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке дайындық жөніндегі отырысқа жалғасты.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы ядролық қауіпсіздік – бұл тұтас үшбірлік екенін атап өтті. Бірінші. Проблемалардың әскери-саяси қырлары – бұл ядролық қарудан адамзатты қорғау. Екінші. Ядролық лаңкестік әлеуетіне қарсы тұру. Үшінші. Бұл атом энергетикасының қауіпсіздігі.

Президент атап көрсеткендей, бірінші мәселе бойынша Қазақстанның ұстанымы өзгеріссіз қалады – ядролық қарусыз әлемге деген қозғалыс тарихи мақсат болып табылады. Таяу келешекте ядролықсыз мемлекеттерге қатысты ядролық қаруды қолданбау және қорқытпау жөнінде ядролық державаларды міндеттейтін конвенция жасау қажет. Ядролықсыз әлем жолында ядролық қауіпсіздікке жаңа көзқарастар іздестіру маңызды міндет болып табылады.

- Халықаралық-құқықтық нормаларды де-факто ядролық мемлекеттердің бар екендігі шындығымен сәйкес келтіруді қағидатты маңызды деп санаймын, - деді Президент.

Осыған байланысты Қазақстан бейбіт атомды қауіпсіз игерудің үш әмбебап қағидатын ұсынады. Бірінші. Атом энергетикасын дамыту саласындағы үдерістерді басқарудың жалпы ғаламшарлық тетіктерді жетілдіру қажет. Екінші. Атомдық төтенше жағдайларға дер кезінде қайырыла алатын нақты, жалпыға ортақ қағидаттар мен тетіктер қажет. Үшінші. Әлемдік қоғамдастықты ядролық нысандардағы кез келген, тіпті ең елеусіз оқиғалар туралы тез арада және толық ақпараттандыруды қамтамасыз ету қажет.

- Бас хатшының Жоғары деңгейдегі осы кездесуді шақыру жөніндегі идеясын құптаймыз және бүгін айтылған ұсыныстар ядролық қауіпсіздіктің жаһандық жүйесін нығайтуға мүмкіндіктер туғызады деп сенеміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар