Жаңалықтар

25 қыркүйек 2007
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында сөз сөйлеп, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, экологиялық проблемаларды шешуге және БҰҰ реформалауға байланысты бастамалар көтерді.
big-01.jpg

Қазақстан басшысы сөйлеген сөзінің басында 1946 жылы алғаш шақырылған БҰҰ Бас Ассамблеясы өзінің бірінші шешімімен Атом энергиясының ашылуына байланысты туындаған проблемаларды қарастыру үшін комиссия құрғанын еске салды, және де «сол уақыттан бері адамзаттың алаңдаушылығын азайта алатындай ештеңе дерлік болмағанын» атап өтті.


Бүкіл осы жылдары ядролық қаруға ие болу жолындағы жанталас жалғасуда, ұжымдық қауіпсіздік жүйесін реформалауда ілгерілеушілік жоқ.


Осыған орай Қазақстан Президенті Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) асимметриялық келісімге айналғанына тоқталды. Онда ядролық емес мемлекеттерге ғана санкциялар көзделген, Елбасы ЯҚТШ-ны жаңа уақыт талаптарына сай бейімдеудіұсынды.


- Бұл соңғы жылдары халықаралық лаңкесшілдік әлемдік қоғамдастықтың қауіпсіздігін айтарлықтай әлсіреткені үшін әсіресе өзекті болып отыр, - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.


Лаңкестік әрекеттерінің тұрақсыз және кедей елдерде орын алуына байланысты, Қазақстан басшысы осыдан 15 жыл бұрын БҰҰ мінбесінен біздің еліміз көтерген бастама жөнінде еске салды. Онда Қазақстан мемлекеттер өздерінің әскери бюджеттерінің бір пайыз қаржысын ерікті түрде аударуы есебінен БҰҰ-ның Бітімгершілік қорын құруды ұсынған болатын.


Бұл идея әскери мақсаттардың әлемдік шығынынан 1%-ын даму мақсаттарына қайта бағдарлауды ұсынған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун тарапынан қолдау тапты.


- Бұл шешім БҰҰ-ның Мыңжылдық даму мақсаттарына жету жөніндегі стратегиясын іске асыру жолында маңызды қадам болар еді деп есептеймін, - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.


Бұдан кейін Мемлекет басшысы сессия отырысына қатысушылардың назарын Қазақстанның БҰҰ-мен және оның мүшелерімен ынтымақтастық тұрғысынан маңызды мәні бар бірқатар мәселелерге аудартты.


Қазақстан Бас Ассамблеяның климаттың өзгеруіне байланысты проблемаларды осы сессияның басым тақырыбы ретінде даралап көрсету шешімін құптайды.


Осыған байланысты Тұрақты даму жөніндегі Йоханнесбург саммитінде ұсынылған біздің бастамамызға назар аудартқым және БҰҰ аясында Әлемдік экологиялық проблемалар реестрін жасауды тағы бір рет ұсынғым келеді. Бұл құжат экологиялық апаттарға қарсы күрес тетіктерін әзірлеуге көмектеседі.


Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына қарай бір кездегі ішкі ірі Арал теңізі өз су массивінің төрттен үш бөлігін жоғалтты. Бұл теңіз төңірегінде тұратын миллиондаған адамдар үшін апатқа айналды. Теңіздің жалаңашталған табанындағы тұз экологияға зардап келтіре отырып, бүкіл Еуразияға таралуда.


Орталық Азия өңірінің елдері теңізді қалпына келтіру жөнінде көп іс атқарды, алайда бұл проблеманы шешу бойынша әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін топтастыру керек. Сондықтан да мен 2003 жылғы Жер саммитіндегі секілді тағы да Аралды құтқарудың халықаралық қорына БҰҰ институтының статусын беруді ұсынамын.


Бүгінде әлемдік қоғамдастық үшін жаһандық энергетикалық дағдарыстың тереңдеуі және планетада қолайсыз климаттық өзгерістер қатерінің өсе түсуі аса өткір проблемалар болып табылады. Біз бұл проблемаларға “8 тобы” және АТЭҚ басшыларының алаңдаушылық білдіруін бөлісеміз.


БҰҰ аясында Жаһандық энергиялық-экологиялық стратегияны әзірлеп, оны 2012 жылғы Тұрақты даму жөніндегі Бүкіләлемдік саммитте талқылау орынды болар еді, деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.


Энергия тасымалдаушылардың тұтынушыларға жеткізілімін одан әрі әртараптандыру, сондай-ақ энергия ресурстарын өндірушілер үшін кепілдік беру мақсаттарында Қазақстан Энергия жеткізілімдерінің Еуразиялық тұрақтылық пактісін қабылдауды ұсынады, деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.


Қазақстан жерінде БҰҰ тарихында теңізге шығу жолы жоқ дамушы елдердің проблемалары бойынша алғашқы жаһандық конференцияның өткізілуі 2003 жылы халықаралық құжат – “Алматы іс-әрекет бағдарламасының” қабылдануына жеткізді. Ол осы елдер тобына көрсетілетін ықпалды көмекке септеседі деп білеміз.


Бұл бағыттағы маңызды да қисындық тұрғысынан дәйекті қадам Қазастанда осы жылғы мамырда өткен БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты үшін Экономикалық және Әлеуметтік комиссияларының (ЭСКАТО) соңғы сессияларында қол жеткізілген өңірлік ынтымақтастықты және көлік-транзиттік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шешім болды, деп түйіндеді ойын Қазақстан басшысы.


Азия туралы айтқанда континенттік ауқымдағы ұжымдық қауіпсіздік тетіктерін қалыптастыру тақырыбын айналып өтуге болмайды. Бұл Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы қазақстандық бастаманың іске асырылуы арқасында мүмкін болды. Бұл ұсынысты мен нақ осы мінбеден 1992 жылы Бас Ассамблеяның 47-ші сессиясының барысында алғаш рет жария еткенмін.


Бүгінде АӨСШК Азия аумағының 90 пайызын алып жатқан 18 мемлекетті біріктіреді. Бұл елдердің халқы бүкіл жер халқының жартысын құрайды. Уақыт АӨСШК үдерісінің қажеттілігін дәлелдеді, оның аясында Азия мемлекеттерінің саяси үнқатысуы қарқын алып келеді, деді Елбасымыз.


Біз БҰҰ қызметін реформалау жөніндегі бірлескен күш-жігерге қолдау білдіреміз.


Біздіңше, Қауіпсіздік Кеңесін кеңейту тұрақты мүшелер секілді тұрақты емес мүшелер желілері бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте әділ географиялық өкілдік және мемлекеттердің егемендік тендігін құрметтеу негізінде де жүзеге асырылуы керек.


Реформа сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің транспаренттілігі мен есеп берушілігін арттыру мақсатында оның жұмыс әдістерін қамтуы қажет.


Бас Ассамблеяға БҰҰ-ның бас кеңесші, директивалық және өкілетті органы ретінде негізгі орын тиесілі болуы қажет дегенді Қазақстан басшысы атап айтты.


Жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісінде өркениеттер мен діндерді жақындастыруға бағытталған халықаралық бастамалардың айрықша маңызын атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев, 2009 жылы болатын Діни лидерлердің 3-ші съезін Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырымен өткізуді ұсынды. Сондай-ақ таяудағы жылдардың бірін Біріккен Ұлттар Ұйымы Мәдениеттер мен діндер жақындасуының халықаралық жылы деп жариялауды ұсынды.


- Дүниеде өзара сенім мен ынтымақтастық негізінде шешуге болмайтын проблемалар жоқ екеніне сенімдімін. Мұны ұғыну үміт ұялатып, болашаққа деген сенімді нығайтады. Осы үмітті нығайтуда Біріккен Ұлттар Ұйымы айрықша рөл атқарады. Біз қауіпсіздік пен әділет¬тілікті қамтамасыз етуде БҰҰ секілді көп қырлы тетіктердің халықаралық құқықтылығының жариялылығы мен тиімділігіне сенбеушілікке қатысты күмәншілдікке салынбаймыз. Біз өзіміздің Ұйымды әлсіретушілікке қарсымыз. Қазақстан БҰҰ-дан соғыс және бейбітшілік мәселелеріне тиімділікпен ықпал етуге қабілетті бірден-бір халықаралық органды көре отырып, оның рөлі мен беделін көтеруге әзір мемлекеттермен ынтымақтастықта болады, - деп аяқтады сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.


Мемлекет басшысының сөйлеген сөзін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар