Жаңалықтар

21 қыркүйек 2011
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясының жалпы жарыссөзінің ашылуына қатысты.

01

02

Өз сөзінде Мемлекет басшысы биылғы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылын атап атап өтетініне тоқталды. Осы уақыт ішінде еліміз БҰҰ-ның Жарғысының рухында жұмыс жүргізіп және оның талаптарын бұлжытпай орындап келеді. Семей ядролық полигоны жабылды, Қазақстан әлемдегі жаңа ядролық қарусыз мемлекеттің біріне айналды. Қазақстан Президенті бұдан 19 жыл бұрын ұсынған, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыруға қол жеткізді. Бүгінде оның жұмысына жер шары халқының тең жартысын қамтитын 29 ел қатысады. Өткен жылы Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасады. Он бір жылғы үзілістен соң алғаш рет ЕҚЫҰ-ның Саммиті Астанада өтті. Қазақстан ЕҚЫҰ мен АӨСШК-тің перспективалық әлеуетін біріктіре отырып, Еуразиялық қауіпсіздіктің бірыңғай платформасын құруды ұсынды. Биылғы жылы Қазақстан Ислам Ынтымақтастық Ұйымына төрағалықтың жауапты миссиясын қабылдады. Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі тұрақты өтіп келеді. Қазақстан бұл форумды БҰҰ-ның аясында өткізуді ұсынды. Еліміз БҰҰ-ның мыңжылдықтар дамуы мақсатын ұстанатынын көрсетті. 20 жыл ішінде халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 14 есе өсті – 700-ден 10 мың долларға дейін жетті. Қазақстан жаһандық энергиялық-экологиялық стратегия мен «Жасыл көпір» ауқымды экологиялық бастаманы қабылдауды ұсынды.

Мемлекет басшысы сессияға қатысушылардың назарын мына төмендегі аспектіге аударды. Біріншіден, бұл жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселесі. Қазақстан Жалпыға бірдей ядросыз әлем декларациясын әзірлей бастауды ұсынады. Барлық елдердің таратпау саласындағы міндеттемелеріне БҰҰ мен МАГАТЭ-нің құқықтық базасын кеңейтіп, халықаралық бақылауды арттыру қажет.

Барлық ядролық мемлекеттердің, ең алдымен, ядролық қаруды қысқарту және біртіндеп оның арсеналын жою жөніндегі жауапкершілігін күшейту қажет.

Сонымен қатар Президент әлемдік қоғамдастықтың де-факто ядролық мемлекеттерге ұжымдық жолдауын қабылдап, оларға өздерінің шамшыл ниеттерінен бас тартуға, жалпыға ортақ шарттарға қосылуды ұсынды.

Екінші. Экономикалық үдерістердің жаһанданудағы деңгейінің өсуі БҰҰ қызметінің экономикалық құрамдасындағы парадигмалардың ауысуы қажеттігін талап етеді. Әлемдік құрылымдардың валюталық және сауда-экономикалық реттеу саласындағы жұмысының басты мазмұны әлемдік дағдарыстарды болжау және оның себептерін жою болуы тиіс. Барлық құрылымдар мен қатысушылардың нақты құқықтары мен жауапкершілік нормалары көрсетілген, тиімді әлемдік резервтік валютасы бар, алыпсатарлық капиталға қатаң бақылау орнатылған жаһандық экономикалық басқарудың тиімді механизмін құру маңызды. Бұл контексте жаһандық реттеу туралы Пакті әзірлеу идеясы өзекті.

Үшінші. Ақпараттық кеңістік – бұл адамзаттың болашағы үшін жер байлығы, әуе мен су әлемі, ғарыш сияқты маңызды сала. Жаһандық ақпараттық кеңістіктің халықаралық құқықтық базасын қалыптастыру қажет.

Төртінші. Жаңа әлемдік тәртіптің "пісіп-жетілуі" жанжалдардың арта түсуімен қабаттаса жүруде. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаевтың бұдан 19 жыл бұрын қозғалған, БҰҰ-ның бітімгерлік күштерін қорын құру туралы ұсынысы әлі де өзекті бола түсуде.

Президент 66 жыл бұрын БҰҰ «оның барлық мүшелерінің егемендік теңдік қағидатына» негізделген ұйым ретінде құрылғанын атап көрсетті. Бүгінде жаңа өмір шындығын есепке ала отырып, ішкі жанжалдарды реттеуге әлемдік қоғамдастықтың қатысуы заңды болып табылатын шектеуді нақты айқындап, мемлекеттердің ұлттық егемендігіне халықаралық құқықтың нормаларын жетілдіру қажет.

- Тарих адамзаттың әрбір жаңа дәуірінің алдына ауқымды міндеттер қояды. Бүгінгі ең маңызды мәселе – ХХI ғасырдағы жаһандық трансформация қиындықтарынан лайықты өту. Барлық ұлттар арасындағы сенім мен бірлік – бұл жаңа әділетті әлемдік тәртіптің негізі, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының негізгі тақырыбы ретінде, жалпы мәселелер, атап айтқанда, мемлекетаралық қарым-қатынастардың құқықтық негізін нығайту, аймақтық кикілжіңдерді реттеу, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау, жаһандық басқару жүйесін реформалау, орнықты дамуды қамтамасыз ету, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік, климаттың өзгеруімен күрес, т.б. қозғалды.

Президент сөзінің толық мәнін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар