Жаңалықтар

8 қазан 2007
Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасы Романо Проди Астанаға ресми сапармен келді.
big-001.JPG

Ақордадағы салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан Президенті мен Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.


Тараптар екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылап, саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара іс-қимылдың келешегін айқындады. Қазақстан мен Италияны өңірлік және жаһандық саясаттың көптеген өзекті мәселелеріне қатысты ортақ ұстанымдар жақындастырады.


Келіссөздер барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Романо Проди өзара ықпалдастықты ЕО, БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдар аясында нығайтуға уағдаласты.


Қазіргі кезде Қазақстанда 100-ге жуық бірлескен кәсіпорындар мен итальяндық компаниялардың өкілдіктері тіркелген. Италия қазақстандық астық импортқа шығарылатын елдердің бірі, және соңғы жылдары 1 миллион тоннадан астам астық сатып алған. Сондай-ақ, Италия жалпы инвестициясының көлемі 1 миллиард долларды құрайтын Қазақстан экономикасының ірі инвесторы.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы тығыз экономикалық байланыстардың Романо Проди тұңғыш рет Италия Үкіметінің басшысы болған нақ осы 90-шы жылдары дами түскенін еске салды.


- Қазақстан-Италия қарым-қатынастары нақ осы Сіздің тұсыңызда бастау алды. Бүгінде Италия Қазақстан үшін сауда жөніндегі әлемдегі Ресейден кейінгі екінші әріптеске айналды.Сіз Еуропалық комиссияның төрағасы болған кезде біз Еуропалық кеңеспен өте тығыз ынтымақтастық орната алдық. Сондықтан да мен Сізді ескі досымдай қарсы аламын, - деді Н.Назарбаев.


Италиямен қарым-қатынастарды жан-жақты дамыту Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Өйткені, Қазақстан Италияны сенімді саяси және экономикалық әріптесі ретінде қарастырады. Қазақстан-италия қарым-қатынастары, әсіресе экономика саласындағы ынтымақтастық аса серпінді дамуда. Оған осыдан бес жыл бұрынғы деңгейден шамамен жеті есеге артқан өзара тауар айналымының көрсеткіштері дәлел болып табылады.


- Өткен жылы тауар айналымының көлемі 8,3 миллиард долларды құраса, ал ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша сауда айналымы 20-дан астам пайызға артып отыр, - деді Қазақстан Президенті келіссөздер қорытындысы жөніндегі баспасөз мәслихатында.


Алайда, Мемлекет басшысы екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті, әсіресе шикізаттық емес жоғары технологиялық салаларда толық жүзеге асырылмай отыр деген пікір білдірді.


- Біздер машина жасау, автомобиль жолдары құрылысы, мұнай-газ жабдықтарын жобалау және шығару, туризмді дамыту, білім және медицина, байланыс және телекоммуникациялар, әуе-ғарыш және әскери-техникалық салаларда өзара тиімді ынтымақтастық жолға қойылады деп есептейміз, - деді Мемлекет басшысы.


Осы мақсатта тараптар өндірістік және экономикалық ынтымақтастық пен алмасу жөніндегі қазақстан-итальян жұмыс тобының жұмысын жандандыруға ниет білдірді.


Италия Премьер-министрі Қазақстанға алғаш рет сапармен осыдан 10 жыл бұрын келгенін БАҚ өкілдерінің есіне салды. Р.Проди өткен жылдар ішінде Қазақстан мүлдем басқа елге айналғанын атап көрсетті. Әсіресе оны жаңа елорда – Астананың құрылыс қарқыны қатты таң қалдырған.


- Италия Қазақстанның 2009 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі өтінішіне және Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне қолдау білдіреді. Біз сондай-ақ дүниежүзі бойынша өлім жазасынан бас тарту жөніндегі Италияның бастамасына Қазақстан тарапынан қолдау көрсетілетініне және 2015 жылы бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесін өткізудегі италияндық Милан қаласының кандидатурасын қолдайтынына көз жеткіздік, - деді Р.Проди баспасөз мәслихатында.


Премьер-Министр келіссөздер барысында тараптар жоғары технологиялар саласындағы, сондай-ақ қаржы жүйесіндегі ынтымақтастықты талқылағанын айтты. Соның айғағы ретінде Романо Проди италяндық «UniСredit» банкінің үстіміздегі жылы Қазақстанның ірілігі жөнінен үшінші сатыда тұрған «Қазақстанның АТФ Банкін» сатып алғанын еске салды.


Қысқаша мәлімдемеден кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Премьер-Министр Романо Проди журналистердің сұрақтарына жауап берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар