Жаңалықтар

9 сәуір 2020
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті

Тәжік тарапының ұсынысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті.

Мемлекеттер басшылары коронавирус пандемиясының таралуы мен оның теріс әсеріне байланысты өңірдегі эпидемиологиялық және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Тараптар COVID-19 індетіне қарсы күресте екі ел үкіметтерінің қабылдап жатқан шаралары мен нақты іс-әрекеттері туралы ақпарат алмасты.

Осы орайда Тәжікстан Президенті аталған қатерлі індеттің таралуын болдырмау жөніндегі Қазақстанның қабылдаған шешімдерін жоғары бағалап, азаматтарға, отандық шағын және орта кәсіпкерлікке дер кезінде көмек көрсеткенін атап өтті.

Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа қиын-қыстау кезеңде тәжік халқына көрсеткен қолдауы, оның ішінде, Тәжікстанның өтініші бойынша гуманитарлық көмек ретінде 5 мың тонна ұн жеткізгені үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол Тәжікстанның азаматтарын отанына қайтаруға және Қазақстан шекарасынан жүк тасымалын тоқтаусыз өткізуге ықпал еткені үшін алғыс айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дәстүрлі достық қатынастардың өзара қолдауға және ашықтыққа негізделгенін атап өтті.

– Сауда көлемі бойынша Қазақстан Тәжікстанның екінші серіктес елі саналады. Сондықтан біз екіжақты сауда айналымын, әсіресе, азық-түлік өнімдерін жеткізу арқылы одан әрі арттыруға мүдделіміз, – деді Қазақстан Президенті.

Халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің екіжақты және көпжақты форматтағы, оның ішінде, БҰҰ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес алаңдарында табысты жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Тәжікстан Президентіне Қазақстанның бастамаларын жан-жақты дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.

Достас халықтарымыздың, сондай-ақ, жалпы Орталық Азия елдерінің игілігі мен қауіпсіздігін сақтаудың маңыздылығын ескере отырып, тараптар Тәжікстан Президентінің бірқатар нақты ұсыныстарының жүзеге асырылу мүмкіндіктерін қарастыру үшін екі елдің үкіметтеріне тапсырма беруге келісті.

Сөз соңында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жүрекжарды сәлемін жолдады.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге телефон қоңыраулары
Барлық телефон қоңыраулары