National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысы Италия премьер-министрі Маттео Ренцимен бірге Қазақстан-Италия бизнес форумына қатысты

2015 жылғы 27 маусым

 

Екі елдің іскер топтарының қатысуымен өткен форумда жалпы сомасы 500 миллион доллар болатын, ауыл шаруашылығы техникалары өндірісін, машина жасау, азық-түлік, тоқыма өнімдері салаларын, мұнай секторын және құрылыс салаларын қамтитын 20 құжатқа қол қойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев бизнес-форумға қатысып отырған бизнесмендердің көпшілігі Қазақстанда көптен бері жұмыс істейтінін және еліміздегі мүмкіндіктер мен ұзақмерзімді перспективаларды жақсы білетінін атап өтті.

– Біз сіздердің ашық сұхбатқа, өңірдегі және әлемдегі қазіргі саяси коньюнктураға тәуелсіз сындарлы ынтымақтастыққа деген ниеттеріңізді жоғары бағалаймыз. Әлемдік экономикадағы ахуалға қарамастан біз болашаққа бірлескен жоспарлар құрып отырмыз. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде табысты жүзеге асырылды және нақты іскерлік жобаға айналды. Осының бәрі біздің бір-бірімізге сене отырып, серіктес ретінде жұмыс істегеніміздің арқасы, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық тұрақты дамып келе жатқанын айтты.

– Өзара тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді, былтыр ол 17 миллиард доллар болды. Италия – Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. 2005 жылдан бері Италиядан келген тікелей инвестициялар ағыны 6 миллиард долларға жуықтады. Қазіргі уақытты біздің елімізде италиялық капиталдың қатысы бар 200 кәсіпорын жұмыс істейді. Өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, экономиканың түрлі салаларында ықпалдасу мүмкіндіктерін табу керек деп есептеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру біздің елдің басты басымдықтарының бірі болғанын және солай болып қала беретінін атап өтті.

– Елімізде жұмыс істейтін сарапшылар мен инвесторлардың бағалауы бойынша, бүгінде Қазақстанда инвестиция үшін Орталық Азиядағы ең жақсы жағдай жасалған. Дүниежүзілік банк республикамызды инвестиция салу үшін ең қолайлы ел ретінде мойындады. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық қарыз деңгейі төмен, ал резервтеріміз 100 миллиард доллардан асады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев инвесторлар үшін жасалған айрықша жағдайларға назар аударды.

– Елімізде 10 арнаулы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Осы аумақтарда кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Салық жеңілдіктері бар. Басымдығы бар салалардағы инвесторлар корпоративтік табыс салығын және жер салығын төлеуден 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылған. Инвесторларға салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріледі. Мемлекет экономиканың басымдығы бар салалардағы нысандарды пайдалануға бергеннен кейін күрделі шығыстардың 30 пайызын өтеп беруге дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті республикамыздың ашық еңбек нарығын қалыптастыруды көздеп отырғанын да айтты.

– Инвесторлардың шетелдік жұмыс күшін қандай да бір квотасыз және рұқсатсыз әкелуге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар әлемнің 10 елінің инвесторлары үшін визасыз режім орнатылған, бұл тізімге Италия да кіреді. Биылғы 15 шілдеден бастап инвесторлар үшін визасыз режімді ұзартамыз. Оның қатары тағы 10 ел – Швейцария, Испания, Бельгия, Венгрия, Монако, Сингапур, Австралия, Норвегия, Швеция және Финляндия арқылы толығады. Әлемде инвесторлар үшін осындай шарттар ұсынатын мемлекеттер көп емес деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 Мемлекет басшысы Қазақстан іскерлік ахуалды жақсартуға бағытталған институционалдық реформаларды жалғастырып жатқанын атап өтті.

– Келесі жылы Астанада Халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Инвесторлар үшін біз инвестициялық мәселелерді сот өндірісі ағылшын тілінде болатын және шетелдік судьяларды тартатын ағылшын құқығының нормаларына негізделген құқықтық реттеуді ұсынатын боламыз. Корпоративтік және жеке табыс салығынан 10 жылға босату, шетелдік мамандарды жеңілдікпен тарту мәселелері қарастырылған. Қазақстанда еліміздің іскер топтарының өкілдері мен шетелдік кәсіпкерлердің жұмысына атсалысу үшін Президент жанынан Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылған. Кеңес түрлі мәселелерді, соның ішінде шенеуніктер тарапынан жасалатын кедергілерді, салық проблемаларын талқылау үшін тұрақты түрде өтіп тұрады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялық тартымдылықты арттыруға көп жағдайда Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысы ықпал етіп отырғанына назар аударды.

– Ең төменгі салықтар, әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттік реттеудің болжамдылығы, инвесторлар мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының тұрақтылығы біздің елді 180 миллион халқы және көлемі 2 триллион доллардан астам ІЖӨ бар Еуразиялық экономикалық одақтың алып нарығына кіру үшін ең «жақсы қақпа» ретінде көрсетеді. Біз еліміздің инвестициялық ахуалын бұдан әрі де жетілдіре беретін боламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті біздің еліміз жаңа Жібек жолының экономикалық әлеуетін іске асыруға қатысып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, құрылтайшысының бірі республикамыз болып саналатын Инфрақұрылымдық дамудың азиялық банкі құрылды. Бұдан бөлек, Қазақстан тиісті көлік инфрақұрылымын қалыптастыруда.

Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі энергетика саласындағы озық әлемдік әзірлемелер мен трендтерді көрсету үшін тиімді алаң болатын айтты.

– Көрме біздің жемісті ынтымақтастығымызға да қуатты серпін береді. Сіздердің баршаңызды ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырамын. Бүгінгі форум Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынастың нығаюы жолындағы тағы бір елеулі қадамға айналатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы екі елдің тек экономикалық қана емес, мәдени және білім беру саласындағы қарым-қатынастар арқылы да тығыз байланыста екеніне назар аударды.

Италия премьер-министрі экономикалық ынтымақтастықпен қатар екі ел де жер шарындағы бейбітшілікті сақтау, адамдар арасындағы өзара түсіністік, мәдениеттердің өзара ұштасуы идеясын жақтайтынын атап өтті.

– Азия мен Еуропаның барлық елдері планетамызды экстремизмнен, діни фанатизмнен қорғау жолында ынтымақтасқаны маңызды. Біздер ден қоюға тиіс бірінші элемент – өзара құрмет, көмек және төзімділік арқылы бейбітшілік пен құндылықтарды қорғау жолындағы геосаяси деңгейде бірлескен күш-жігер, – деді М.Ренци.

Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тәуелсіздік жылдары Еуропа мен Азия арасындағы «диалог арнасына» айналғанын, іскерлік топтар өкілдері үшін де бұл маңызды жайт болып саналатынын атап өтті.

М.Ренци агроөнеркәсіп пен энергетика саласындағы әлеуетті іске асыру, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасында тәжірибе және студенттер алмасу  қажеттігіне тоқталды.

  ***

Бизнес-форум барысында қол қойылған негізгі құжаттар:

– «Исатай» учаскесіндегі барлау және өндіру жобасына қатысудағы үлесін беру жөніндегі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен  «Эни Исатай Б.В.» компаниясы арасындағы келісім;

– ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен италиялық «Tenaris» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

– ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен италиялық «Metalfar Prodotti Industriali SPA» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

– ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен италиялық «Italcementi Group» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

– «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ мен италиялық «Inalca S.p.A.» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

– «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен италиялық DRILLMEC S.p.A. компаниясы және Аksai Industrial Park LLP арасындағы ниеттестік туралы меморандум;

– Астана қаласы әкімдігі, Қазақстанның Машина құрастырушылар одағы және «ANIMA» машина құрастыру өнеркәсібінің италиялық қауымдастығы федерациясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің