Жаңалықтар

22 қараша 2012
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына дауыс берудің қорытындысы бойынша қазақстандықтарға сөз арнады

Халықаралық көрмелер бюросының 152-ші Бас Ассамблеясында жабық дауыс берудің нәтижесінде Қазақстанның елордасы көп дауыс иеленіп, Бельгияның Льеж қаласын басып озды және "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі өтетін қала болып жарияланды.

 

Халықаралық көрмелер бюросының 152-ші Бас Ассамблеясында жабық дауыс берудің нәтижесінде Қазақстанның елордасы көп дауыс иеленіп, Бельгияның Льеж қаласын басып озды және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетін қала болып жарияланды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «ЭКСПО-2017» көрмесін Астанада өткізу туралы шешім тарихи оқиға болып саналатынын атап көрсетті.

- «ЭКСПО» көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеті өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетеді. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастырады. Мұндай іс-шараға барлық құрлықтың ондаған елінен миллиондаған адам қатысады. Бәсі биік бәсекеде Астананың жеңіп шығуы бекерден бекер емес. Біріншіден, елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқаны баршаға белгілі болды. Екіншіден,  таңдаудың Қазақстан пайдасына шешілуі мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын білдіреді және Еуразия өңірінде де оның даму келешегі кемел екенін айғақтай түседі. Үшіншіден, біздің «Болашақтың энергиясы» атты өзекті тақырыпты ұсынуымыз жеңіске жетуімізге көмектесті. Ең бастысы, Астананың таңдалуы – Қазақстанның барша халқының күш-жігерінің нақты жемісі, – деді Қазақстан Президенті. 

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды жеңіспен құттықтады.

- Енді біздің алдымызда «ЭКСПО-2017» көрмесін лайықты деңгейде өткізу міндеті тұр. Бұл еліміз үшін емтихан ғана емес, көрме біздің жасампаз әлеуетімізді ашуға мүмкіндік береді. Астанада «ЭКСПО» көрмесін өткізу республикамыздың инновациялық дамуына серпін береді, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміз осы жауапты миссияны атқарып шығатынына сенім білдірді. 

Көп жылғы тарихы бар «ЭКСПО» көрмесі техникалық және технологиялық жетістіктерді, сондай-ақ оған мүше елдердің тарихын, дәстүрі мен мәдениетін көрсету үшін өткізіледі.

Бұл көрме бүкіл әлемдік қоғамдастықтың және оны тамашалаушы миллиондаған адамның назарын өзіне аударатын ірі оқиға болып саналады. Сонымен қатар, «ЭКСПО» көрмесі экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамудың жаңа үрдістерін қалыптастыру алаңы қызметін атқарады.  


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар