National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Елбасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысына қатысты

2014 жылғы 12 қыркүйек

 

Отырысқа ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары: ҚХР-дан – Си Цзиньпин, Қырғызстаннан – А.Атамбаев, Ресейден – В.Путин, Тәжікстаннан – Э.Рахмон және Өзбекстаннан – И.Каримов қатысты.

Отырыс барысында Қазақстан Президенті әлемдегі тұрақсыз геосаяси және геоэкономикалық ахуал жағдайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы үшін басымдығы бар міндет саналатын бірқатар өзекті мәселелерді айқындап берді.  

Мемлекет басшысы негізгі мәселелердің бірі ретінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы шешілмеген шекара проблемаларын атады. Ол сенім шараларын нығайтуды және шекара ауданында қарулы күштерді қысқартуды қарастыратын ШЫҰ-ның Шанхай және Мәскеу келісімдері секілді базалық құжаттарының ережелерін сақтаудың айрықша маңыздылығына назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығының маңызды бағыттарының бірі саналатынын айтты.

 - Сарапшылардың болжауынша, 2050 жылға қарай Жер жүзінің халқы 9 миллиардқа жетеді. Сонымен бір мезгілде таяу 10 жылда ауа райының ауытқуы салдарынан азық-түлік өндірісінің көлемі қысқарады. Мұндай беталыс Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін құру және соған сәйкес Ынтымақтастық бағдарламасын бекіту туралы Қазақстанның бастамасын талқылауды жаңғырту қажеттігін көрсетеді, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті су тапшылығы мәселесі өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке ықпал ететін салмақты проблема екендігіне тоқталды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан ұсынып отырған Су комитетін құру осы мәселені шешу бағытындағы ынтымақтастықтың іс жүзіндегі тетігіне айналуы мүмкіндігін айтты.

Соңында Мемлекет басшысы отырысқа қатысушылардың назарын ШЫҰ аясындағы бірқатар мәселелерге аударды. Соның ішінде Елбасы ШЫҰ басымдықтарының жекелеген қатысушы-мемлекеттердің ұлттық мүдделерімен сәйкеспеуі салдарынан жүзеге асуы тежеліп отырған жобалар мен бастамаларды, сондай-ақ бірқатар маңызды экономикалық жобалардың ілгерілеуін қиындатып отырған қаржылық ресурстардың жоқтығын атады. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің